Иесіз үй жануарлары бақылауға алынады

0
85

Міне осындай кезектегі кеңесу жиыны, 9 қаңтар күні, аудан әкімідігінің кіші мәжіліс залында өтті.  Аудан әкімі Саламат Аманбаевтың өзі тікелей төрағалық еткен  басқосуға аудандық мәслихат хатшысы Б. Шаимов, аудан әкімінің орынбасарлары Ж. Қойшыбаев пен Н. Көшекбаева,  аудандық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С. Нұғманова,  аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Ж.Имашев, аудандық ветеринариялық  бекетінің басшысының орынбасары  М. Шәмиев, аудандық мәслихат депутаты Б.Әділханов, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М. Балмағамбетов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Б. Салиманов, еңбек ардагерлері Т. Есмағанбетов пен  М.Нұғманов, зооерікті  К. Әбенова және бөлім-мекеме басшылары мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері т. б. қатысты.

Жалпы бұл  басқосуды «кезекті» деп атауымыздың да жөні бар. Өйткені бұл  проблема, бұдан бұрын да, атап айтқанда өткен 13 желтоқсандағы жиында талқыланып, аудан басшысы С. Аманбаевтың тарапынан тиісті  лауазымды тұлғаларға нақты тапсырмалар берілген болатын. Бүгінгі  басқосудың күн тәртібіне сол тапсырмаларды орындауды өз міндеттеріне алған жауапты  кісілердің қалай  орындап жатқандығы туралы мәселе қойылды.

Жиында алдымен   М. Шәмиев иесіз жүрген иттер мен мысықтарға қатысты зооеріктілермен бірге жүргізілген  және  иесіз иттер мен мысықтарды оқшаулауға арналған панажайдың  жобасын жасау бағытындағы  жұмыстары туралы   баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша бүгінде қаңғыбас иттер мен мысықтарды оқшаулау үшін панажай салынуға  мың шаршы метр көлемінде жер  бөлініп, ЖСҚ әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда шамамен жиырма орын болмақ. Панажайды салуға, жарық пен газ және су тарту, сонымен бірге төлқұжаттандыру жұмыстарын қосқанда,  жергілікті бюджеттен шамамен 4 миллион теңгедей қаражат бөлінуі тиіс. Кейін бұл нысан тендер арқылы ұтып алған жеке кәсіпкерге беріледі. Ит пен мысықтарды аулайтын арнайы кісілерге және панажайдағы  уақытша ұсталатын ит пен мысықтарды тамақтандыруға қаражат – аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан бөлінеді. Мұнда әрбір ит пен мысықты тамақтандыруға күніне 480 теңге бөлу қарастырылған. Еркек ит пен мысықты кастрация ету мен ұрғашыларына екпе жасау, сондай-ақ «бирка» тағу мен «чип» салу жұмыстарын аудандық ветеринариялық бекетінің мамандары  атқарады деп күтілуде. Панажайда кастрация 7 күн, екпе салынғандарын 15 күн ұстау жоспарланған. Аталған мерзімнен соң бұл жануарлар, айналаға қауіпсіз деп танылып, бастапқы ауланған жеріне жіберіледі. Мұның бәрі жуықта шыққан «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңына сәйкес жасалады. Панажайды салуға шамамен 3-4 ай  уақыт керек. Оған дейін зооеріктілер иесіз иттер мен мысықтарды тамақтандыру жұмыстарымен шұғылдануда.

Өз кезегінде аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Ж. Имашев,   қазір   адамдарға шабуылдаған иттердің иелеріне және иттерін байлап ұстамаған кісілерге қатысты жергілікті тұрғындардан   полиция бөліміне   арыздар түсіп жатқанын,  ондай ит иелеріне 37835 теңге көлемінде айыппұл салынғанын жеткізді. Сонымен бірге жиында Б.Шаимов, Н. Көшекбаева, Б. Әділханов, Б. Салиманов, Т.Есмағанбетов, М.Нұғманов, К. Әбенова т. б. күн тәртібіндегі мәселе бойынша өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын соңында аудан әкімі, қараусыз иттер мен мысықтарды оқшаулап, қоғамға зиянсыз ету үшін пайдаланылатын панажай салынып біткенше, тиісті мекемелер зооеріктілермен біргелікте, иттерді аулап, қаладағы панажайларға тасымалдау, халықты ақпараттандырып, түсіндіру жұмыстарын жандандыру, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңына сәйкес үй жануарларын күтіп ұстауға және серуендетуге,  оларды тасымалдауға қойылатын талаптарды бұзған тұлғаларға заңнамамен белгіленген шаралар қабылдауды тапсырды және аталған тапсырмалардың орындалуын бақылауды  орынбасары Н.Көшекбаеваға міндеттеді.

                                                                                                                      Ә. ДӘУЛЕТБЕВ.