Қуаныш көз жасы

0
68

Жұмабай ақсақал таң намазына дейін   дөмбекшіп жата алмады. Кемпірі де шалының ұйықтай алмай жатқанын сезген. Содан   таң намазын оқып болған соң Жұмабай, көршілердің малдарын өзінікіне қосып алып, әдеттегідей ауылдан аулақтау, шөбі шүйгін жеріне айдап апарып тастады да, үйге қайтты. Үйде кемпірі таңғы шайды дайындап, дастарқанды жайып, мұны күтіп отыр екен.  Екеуі таңғы шайын ішіп отырғанда, кемпірі: «Шал-ау, саған бүгін не көрінді? Ауырып қалғаннан саумысың?» деп әңгімеге тартқан. Пайғамбар жасынан асып,  бетіне әжім түскен, ақ сақалы бір тұтам қария, кемпіріне бір қарап қойып: « Несін сұрайсың, өзің де білесің ғой.  Одан да  ауырып қалғаным жақсы ма еді…» деп терең күрсінді.

 

***

Әмина әже негізі өмірде бес құрсақ көтерген. Алғашқы төртеуі шетінеді.  Соңғы ұлы  Мұнар ғана тұрақтаған. Мұнар  ата-анасының көзмоншағы, жалғыз баласы. Ол орта мектепті  бітіріп, 20 жасқа толған кезде, бір күні жазда кенеттен: «Әке,  мен үйленетін болдым!…» деп  үйге жүгіріп келген. Жалғыз ұлынан  немерені қашан сүйем деп жүрген Жұмабай мына хабарды есіткенде, қуанғаннан құлап қала жаздады. Бұл тосын жаңалыққа Әмина да жүрегі жарылардай қуанған.

Алайда, болашақ келіннің  орта мектепті бітіргеніне 1 күн ғана болған қыз екенін білгенде, ата-ананың әлгіндегі қуанышы су сепкендей басылды. Тіпті, келіннің аяғы ауыр екенін есіткенде, бұлардың үстеріне біреу мұздай су құйып жібергендей күй кешіп, есеңгіреп қалған. «Әке, апа! Уайымдамаңыздар. Келіндеріңіз жақсы.  Апа, ол дәл сізге ұқсайды. Немере сүйесіздер. Бір жағынан, Сіздерді тастап, әскерге  кеткім келмейді. Түсініңіздерші…»  деген  Мұнардың сөздері де бұлардың көңілін аулай алмады.

–  Құлыным-ау, өзіңмен жасты қыз таппадын ба? Ертең ел-жұртқа не айтамыз?  Өзі кәмлетке толған қыз ба? Сотталып кетпесең, жарар еді, құлыным… – деп көзіне жас алды. Осы тұста Мұнар: «Ой, апа, ол  18 жасқа толған қыз ғой. Ештеңе болмайды…» дей беріп еді, әкесі: «Әй, оңбаған, сен бала не бүлдіріп жүрсің?! Сені тәрбиелеп өсіргенде осылай ет дедік пе?! Әскерге 1 жыл барсаң не болыпты? Кезінде біз 2 жыл қызмет еттік ғой. Содан жаман болдық па?! Нағыз жігіт болу үшін әскерге барып, парызды өтеу керек….» деп кейіи жөнеліп, бір тоқтады да, ендігі сөзін Әминаға арнады.

– Бәріне кінәлі сенсің. Кезінде әскерге кеткелі тұрғанда: «Ойбай,  ол жақта талай оқиға болып жатыр. Жалғызымнан айырылып қалар жайым жоқ» деп, жылап-еңіреп отырып алдың. Ал енді сол жалғызыңның «қызығын» көр!

– «Балаңды әскерге жібергің келмесе үйлендір, отбасылы болып,  бізге немере сүйдірсін. Келін екі немере тауып берсе, Мұнарды әскерге алмайды» деп заңды соққан өзің емес пе едің? Енді келіп, барлығын маған жаппақшысың ба? – деп Әмина да қарсы дау айтып болар емес.

Қысқасы, әке-шеше мен баланың арасындағы біраз айтыс-тартыстан соң Жұмабай қарт: «Е, бұл не көрмеген бас дейсің? Кезінде әскерге жібермегеніміз рас. Қайтейін, «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем, жалмауызым» дегендей, сенің дегеніңді істемегенде не істейміз? Нар тәуекел! Ол да біреудің перзенті ғой, көз жасына қалмайық, келінді үйге әкелейік. Жалғызым үйленем десе, үйленсін. Әй, кемпір, есіңді жый! Келінді  қабылдауға дайындалайық!..» деді.

Қысқасы, сол күні Мұнар қызды алып қашып келді. Келінге ақ жаулық жабылып, мал сойылып, қазан көтеріліп, ет асылып, қуырдақ қуырылып, бауырсақ пісіріліп, самаурындар қойылып дегендей,  Жұмабай ақсақалдың шаңырығында ақ түйенің қарны жарылып, үлкен той басталды да кетті. Әсіресе, Әминада ес жоқ, қуанғаннан аяғы жерге тимей, жүгіріп жүр.  «Дастархан дайын ба? Қонақтар, төрге шығыңыздар! Тума-туыс аман ба? Еттің тұзын қарадыңдар ма? Ащы болып кетпесін. Көршілерді шақырдындар ма?  Шақырмады деп ренжіп жүрмесін…» деп  аузы да бір тынбайды. Бір жағынан болашақ құдалар  тарапынан келетін қуғыншылардан қорқып, уайымдап жүргені де рас.

Иә, араға 2-3 сағат салып, қуғыншылар да жетті-ау.   Қатты ашумен келген қуғыншылар: «Қыз қайда?!  Қайтарыңдар! Көрсетіңдер, қане! Өзі келді ме, басып алып келді ме, сұрайық!  Мектепті бітірер-бітірместен қызымызды алып қашқандарың қалай? Кімді басынып жүрсіңдер?! Қызымыздың өмірін қор қылмақшысыңдар ма?!..»  деп айқайлап жатыр.  Күйеу жақтағы  әйелдер де берілер емес: «Құдағай, сабыр, сабыр,  ренішіңіз орынды. Бірақ, бізді де түсініңіздер. Жастар  бір-бірін шын ұнатқан екен. Тек айыбы – алып қашып келгені ғана. Айыбымызды өтейміз, құдағай. Ашуыңызды басыңыз. Жастардың бақытына  қарсы болмаңыз. Бәрімізде осылай келгенбіз. Жаман жерге түспеді, Жұмабай ақсақал мен Әмина апайдың үйі ғой, бұл. Алла қаласа, қызыңыз қолын жылы суға малып отырады….» деп, қорғап-ақ жатыр.

Осындай екі жақтың алма-кезек айқайынан кейін,  дау-дамай басылып,  ақылға келе бастады. Алдымен  келіннің анасы: «Қайтейін енді, қызымның болашағы әлі алда еді. Қыздың өмірі ұл балаға қарағанда қиындау ғой. Жастай  тұрмысқа шыққанша, алдымен жоғарғы оқу орынында оқып алсын деп жүр едім» деп көзіне жас алды.

Тек  осы сәтте  ғана сөзге Әмина араласып: «Құдағай, бір ашуыңызды беріңіз.   «Қыз мұраты – кету» деген. Жалғыз балам өрісімді кеңейтіп жатыр. Бұйырса, Әсел келінімді өз қызымдай көріп,  өзім оқытамын. Бір балам екеу болды.  Қос баламның бағын байламаңыз. Оданда екі жақтан батамызды беріп, жастарға бақыт тілейік» деді. Оның бұл сөзін тойға жиналғандар: «Әп, бәрекелді! Жөн сөз! Жастар бақытты болсын! Өмірлері ұзақ болсын!..» деп, жан-жақтан тілектерін айтып, дуылдап қостап кетті.  Сөйтіп, сәлден  соң екі жақ апақ-шапақ болып келісіп, бір-бірінен кешірім сұрап, құшақтасып көрісіп, дәмнен ауыз тиісіп, айыпты жақ қуғыншыларға  шапан, сарпайларын жауып, аттандырды-ау…

Кейін жұрт қатарлы кафеде дүркіретіп тойын да жасады.    Сонымен, екі жақ салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа байланысты барлық жоралғы-кәделерін жасап, қыз дауы бітіп, бақытты отбасы болып өмір сүріп жатты.

Осындай бақытты отбасының шырқы алты айдан соң әсте-әсте бұзыла бастады. Оған себеп айналадағы ағайын-туыс, көрші-қолаңның әңгімесі еді. Ал әңгіменің басты арқауы – жас келіннің мезгілінен бұрын ішінің біліне бастауы болатын.  Үйлеріне көршілері не тумалары келе қалса, келіннің ішіне қарап, құтты болсын айтып кетеді де, сыртқа шыққан соң: «Келінінің түскеніне көп болған жоқ ғой…» деп,  күнін санайды. Олардың  сыпсың-сыпсыңдарын  үйдегілер де сезе бастаған.  Әсіресе, Мұнар бұл жағдайға төзімсіз болып шықты. Ол үйге ішіп келуді әдетке айналдырды. Ішіп келген күні Әселмен ұрысып қалатын.  Енді Әмина мен Жұмабай баласын емес, келінін аяп, жақтаса бастаған.  Арақ адамды есінен жаңылдырады ғой, бұл да Мұнарды одан сайын ашуландырып,  әке-шешесіне өкпелеп, екі-үш күндеп, үйге келмей ішіп  кететін етті.  Әке-шешесі мен Әселдің Мұнарға айтқан: «Жұрт не десе, о десін, басқадан емес, өзіңнен болған бала ғой. Жақында әке боласың.  Ащы суды  таста»  деген ақылы қонбады.  Әкесі қанша жерден ұрысса да, анасы қанша жерден жалынса да, Мұнар құлақ аспады.  Осы жағдайдың кесірінен отбасында  жанжал  жиілеп,  оның соңы Әселдің, төркініне баруды да намыс көріп, қалаға кетіп қалуымен аяқталды. Ол  қалаға барып, пәтер жалдап, жұмыс жасаған. Кейін босанып, ұл тапқан, сырттай жоғарғы оқуға да түскен.

Бұл Ана дегенді қойсаңызшы, жүрегі өте кең болады ғой, осы жылдарда Әмина, шалы мен баласына білдіртпей, қалаға қатынаған кісілерден Әселге үнемі азық-түлік пен қаражат жіберіп тұрған…

Міне, сол Әсел кеткеннен  кейін,  бұл  шаңырақтан қуаныш та бірге кеткен сияқты.  Айрандай ұйып, бақыттан бастары айналып отырған  отбасы мүшелерін, жұрттың  гу-гу әңгімесі   быт-шытын шығарды.  Әсел кеткеннен соң, бір жылдан соң Мұнар да басқа қалаға кетті. Содан бері ол   бұл үйден бір рет те   хабар алмаса да, ата-анасы ұзынқұлақтан Мұнардың  арағын қойып, жұмыс істеп жүргенін есітіп, соған да шүкіршілік етіп отырған жайы бар. Бірақ арада 5-6 жыл өтсе де,  бұл шаңырақтағы кемпір мен шал,  баласы мен келінен, әсіресе немересінен үмітін үзбей әлі күтіп отыр.   Екеуі бұрынғыдай отырып, шайын ішеді, бір-бірмен шүйіркелеседі. Әңгімелері тек баласы мен келіні және немересі туралы.  Мұнар мен  Әсел екі қалада бөлек тұрады.  Мұнар ертең келіп, басқа қызға үйленсе, келіннің жағдайы,  келіні басқаға тұрмысқа шықса,   немересі Әзиздің халі қалай болатынын ойлағанда, уайымдап күрсінгенде қос қарияның көкірегі қарс айырылып кете жаздайды. Әсіресе Жұмабай: «Келінім  жастай тұрмысқа шығып, одан қалмай оқу оқып,  немереме қарап жүр. Ұлым келінімнің қадірін білмеді-ау» дегенді көп айтады. Ал, Әмина әже мұндайда: « Әзизжанды бір көріп, құшағыма қысып,   маңдайынан бір иіскесем екен» деп жылап алады…

***

Бүгін түске дейін, неге екені белгісіз, Жұмабай қарттың жүрегі жиі соғып, көңілі әлденеге елеңдей берді. Түске таман бесін намазын оқып бола бергенде, «Ата!..» деген дауысты естігендей болған. Асықпай жайнамазын жинап, орнынан тұрып, артына бұрылғанда, шынында да   анадай жерде 5-6 жасар бір сүйкімді ұл баланың тұрғанын көрді. «Бұл қай бала болды екен?» деп, таңырқап та үлгірмей жатып, баланың артқы жағындағы ашық тұрған есіктен келіні Әселдің кіріп келе жатқанына көзі түскен. Сонда ғана бұл өзінің немересі Әзиз екенін ұқты. Тұра ұмтылып барып, тізерлеп отыра қалып,  немересін құшағына алып: «Құлыншағым-ай, сені де көретін күн бар екен-ау. Жаратқанға мың да бір шүкір!..» деп, еңіреп жылап жіберді.

Бұл кезде Әмина   үйдің  ішкі бөлмесінде жүр еді. Пәлен жыл отасқанда өмірінде шалының   мұндай  еңіреп, қатты дауыс шығарып жылағанын есітімеген Әмина, алғашқыда  шошып кетті. «Ойбай, не боп қалды?!..» деп,  ішкі бөлмеден  жүгіре шыққанда, көзі алдымен Әминаға, кейін Әзизге түсіп, жағдайдың мәнісін дереу түсіне қойды. Бұл да Әзизге қарай ұмтылып, көз жасына ерік беріп, шалымен таласып, немересін сүйіп жатыр. Атасы мен енесінің көз жастарын көргенде, Әсел де шыдай алмады. Ол да көзіне жас алды. Бұл сәтте сыртқы есіктен Әселдің соңынан үйге енген Мұнар да жылап тұрған болатын. Бұл көз жастары – қуаныштың, бақыттылықтың көз жастары еді.  Мұнда  көзіне жас алмаған тек Әзиз еді. Ол бұлардың бәрінің жылап жатқанына   таңырқап, атасы мен әжесіне, әкесі мен шешесіне кезе-кезек таңырқай қарайды. Бірақ Әзиз де өте қуанышты,  шексіз бақытты еді. Өйткені оның  жанында атасы мен әжесі, әкесі мен шешесі бар болатын…

                                                                                                                    Қожагелді Алтынгүл.