Тұрғындарымен кездесу
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің тоқсан сайын ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізу» туралы тапсырмасына орай, аудан әкімі Саламат Аманбаев, 18 қаңтар күні Алтықарасу, 20 қаңтарда Қайыңды ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Бұл аудан басшысының 2023 жылдың бірінші тоқсаны есебінен тұрғындармен алғашқы кездесулері болатын. Сондай-ақ кездесулерге аудандық мәслихат хатшысы Болат Шаимов, Алтықарасу ауылдық округінің әкімі Мақсот Алишов, Қайыңды ауылдық округінің әкімі Р. Рашов, жауапты бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Алтықарасу
Кездесуді Алтықарасу ауылдық округінен бастаған С.Аманбаев, Сартоғай ауылында болып, ауыл тұрғындарымен жүздесті. Кездесу барысында аудан әкімі ауыл халқының табысын арттыруға негізделген «Ауыл аманаты» жобасы туралы баяндады. Баяндама тыңдалған соң, кездесуге жиналған тұрғындар көше жарығы, интернет желісіне халықтың қолжетімділігін арттыру, абаттандыру сынды мәселелерді көтерді. Жиын соңында аудан басшысы ұсыныстар мен өтініштердің барлығы заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын және қордаланған мәселелер тиісті сала басшыларына жолданып, әр сұрақ жеке бақылауында болатынын жеткізді.
Мұнда айта кетерлігі, өткен жылы аудан әкімі алтықарасулықтармен кездескенде, ауыл тұрғындары ұңғыма қазып, кешенді блок-модуль қондырғысын орнатып, таза ауыз су жүйесін іске қосу туралы ұсыныстарын жеткізген болатын. Осыған байланысты, желтоқсан айында Сартоғайда кешенді блок модуль құрылып, пайдалануға берілген еді. Аудан әкімі ауылда болған кезінде, жаңадан құрылған кешенді блок модульіне барып, ауылдық елді мекен тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі екенін атап өтті және бұл бағытта ағымдағы жылы ауданда ауқымды жұмыстар атқарылатынын тілге тиек етті.
Ал Еңбекші ауылындағы тұрғындармен кездесуде С.Аманбаев, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, биылғы жылға қойылған міндеттерді баяндады..
Кездесуде тұрғындар сапалы интернетпен және ұялы байланыс желісімен қамту, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді игеру, жайылымдармен қамтамасыз ету, «Ауыл аманаты» жобасына қатысты өзекті сауалдарын жолдап, нақты жауаптар алды.
Жалпы, Алтықарасу ауылдық округінің тұрғындары алдында есеп берген кезде аудан басшысы халықпен бірге ауылдағы бірқатар түйінді мәселелер талқылады, әрбір тұрғынның көкейінде жүрген сұрақтарын қоюға мүмкіндік берді, түскен сұрақтардың орындалу барысына тоқталды және жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
Кездесу соңында аудан басшысы округте туындаған негізгі мәселелер бойынша жауапты бөлім және мекеме басшыларына, ауылдық округ әкімі М. Алишовке нақты тапсырмалар жүктеді.
Қайыңды
Есептік кездесуді 20 қаңтар күні Қайыңды ауылдық округінде жалғастырған аудан әкімі С. Аманбаев, Шибұлақ ауылында болып, алдымен осында орнатылып жатқан ауыз суға арналған жаңа кешенді блок-модульіне барды. Қазіргі таңда тендерді ұтып алған мердігер ұйым модульді жабдықтауды аяқтап жатыр. Алдағы уақытта ауыл тұрғындары таза ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Кешенді блок-модуль орнатылған соң ауыл тұрғындары үшін ауылда бір жұмыс орны ашылады. Нысандағы жұмыс барысын тексерген соң басшысы, округ әкімі Р. Рашовқа блок-модульді пайдалануға берудің сапалы және белгіленген мерзімде аяқталуын жеке бақылауға алуды тапсырды.
Бұдан кейін аудан әкімі С. Аманбаев Шибұлақ ауылының тұрғындарымен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Кездесуге жиналған ауыл тұрғындары негізінен жайлымдармен қамтамасыз ету, интернет жылдамдығын күшейту, абаттандыру, «Ауыл аманаты» жобасы туралы сауалдарын жолдады. Жиын барысында аудан әкімі тұрғындардың ұсынысын ескеріп, ауылдың 3G мобильді желісімен қамтылғандығын айтты және алдағы уақытта интернет жылдамдығын күшейту шешімін табатынын жеткізді және айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша жұмыстар атқаруды Қайыңды ауылдық округінің әкімі Р.Рашовқа тапсырды.
Осы күні С. Аманбаев Қайыңды ауылдық округіне қарасты Бабатай ауылының тұрғындарымен де жүздесіп, ауданымыздың 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық тұрғыда даму қорытындысынан ақпарат беріп, 2023 жылға арналған міндеттерді атады, «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында қолға алынған бастама – «Ауыл аманаты» жобасының алға қойған міндеттері мен мақсатын түсіндірді.
Кездесу барысында аудан әкімі ауыл тұрғындарының қойған сұрақтарына, талап-тілектеріне жауап беріп, көтерілген мәселелерді шешу жолдары мен орындалу мезгілін айтып, кезең-кезеңімен шешімін табатынын ескертті.
Осы ретте айта кетейік, бұған дейінгі есептік жиында тұрғындар тарапынан ұялы байланыспен және сапалы интернетпен қамтамасыз ету ұсыныстарын назарға алған аудан әкімі, «КаР-Тел» АҚ-ның техникалық директорлары Ю. А. Друщенко, Г.К.Атамбаев және «Кcell» АҚ өкілімен кездесіп, елді мекендерді жоғары жылдамдықты әрі сапалы интернетпен қамтамасыз етуді талқылап, нәтижесінде бұл ауыл желтоқсан айының 18-і күні мобильді интернет желісімен қамтылған болатын. Қазіргі таңда Бабатайда 3G және 4G мобильді желісімен қамтылып, «Activ» және «Beeline» ұялы байланыс жүйелері жұмыс жасап тұр. Осы жиында да С.Аманбаев, алда уақытта байланыс операторларымен бірге, елді мекендерді сапалы интернетпен және ұялы байланыспен қамту бағытында жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Бұдан кейін аудан әкімі С. Аманбаев Құмқұдық ауылының тұрғындарымен кездесті. Жиында ауыл тұрғындары аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды тыңдап, алдағы жоспарлардан хабардар болды. Аудан әкімі ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының басым бағыттарына тоқталып, ауыл тұрғындарын бағдарламаға қатысуға ынталандыру керектігін айтып, округ әкімі Р. Рашовқа нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиын соңында аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер, сауалдардың барлығы да бақылауда болып, аталған мәселелер төңірегінде жұмыстар жүргізілетіндігін атап өтті.
ТЕМІР ГАЗЕТІ.