Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті
«Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Президенттің жарлығына сәйкес аудан әкімі С. Аманбаев қаңтардың 26-сы күні Ащысай ауылының тұрғындарымен кездесіп, аудан көлемінде атқарылған жұмыстары жөнінде есеп берді.
Ауылда өткен жылы таза ауыз суымен қамту мақсатында ұңғыманы кешенді блок-модульмен жабдықтап, суды сүзгіден өткізіп, тұрғындардың тұтынуына берілген кешенді блок-модульдің жұмысын тексерді. Алайда, кешенді блок- модуль аумағын қарау кезінде Ащысай ауылының кейбір тұрғындары (шаруа қожалығы болуы да мүмкін) малды суару үшін пайдаланғаны анықталды, бұған себеп— блок-модульдің маңайында малды суаруға арналған астаудың орнатылуы.
Ащысайлықтар аудан басшысымен кездесуде инфрақұрылым және интернет мәселесін сөз етті. Аудан басшысы қойылған сауалдарға заң аясында нақты жауап беріп, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері мен өтініш-тілектерін тыңдады.
Аудан әкімі Саламат Аманбаев Шығырлы ауылы мен Бірлік ауылы тұрғындарымен кездескен болатын.К ездесуде аудан әкімі 2022 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін берді.
Жиында Шығырлы ауылының тұрғындары интернет жылдамдығын арттыру қажеттілігі туындап отырғанын тілге тиек етті.
Аудан әкімі Бірлік ауылының тұрғындарына өткен жылы атқарылған жұмыстарды тізбектеп, жоспарларымен бөлісті. Тұрғындар өз кезегінде жайылымдық жермен қамту, интернет мәселесін қозғады.
Кездесуді қорытындылай келе аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселер ескерусіз қалмайтынын, айтылған ұсыныстарға байланысты округ әкімінің міндетін атқарушы Б.Ерназаровқа нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Аталған нұсқаулардың орындалуын бақылау аппарат басшысы А. Сисеновке жүктелді.
Темір Газеті.