Жұмыспен қамтудағы жаңа өзгерістер
Елімізде, халықтың әл-ауқатын көтере түсу бағытында бірқатар жаңалықтар болды. Осыған байланысты, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Көшербаев Әділ мырзамен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Жаңа жылдан бастап, ең төменгі жалақы мөлшері өсті деп жатыр. Осы туралы нақты айтсаңыз…
– Иә, Президентіміздің тапсырмасына сәйкес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мыңнан 70 мың теңгеге артты. Сондықтан бұдан былай жұмыс берушілер қызметкерлерді ЕТЖ-дан төмен емес деңгейдегі жалақымен қамтамасыз етуге міндетті. Осының арқасында түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда еңбек ететін, бұрын жалақысы 60 мың болған 1,8 миллионға жуық жалдамалы қызметкердің ақшалай табысы 70 мың теңгеге дейін өседі.
– Кейінгі кезде 50 жастан асқандардың жұмыс табуы қиындағаны айтылып жүр еді. Осы мәселе қалай шешіледі?
– Егде жастағы адамдарды жұмыспен қамту мақсатында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік «Күміс жас» бағдарламасы бұрынан бар және ол жоба биыл да жетілдіріле түсіп, жалғасын таппақ. «Күміс жас» жобасына қатысушылар – жасы зейнетке шығуға жақындап қалған жұмыссыз адамдар. Бағдарлама аясында жобаға қатысушыларға жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы мен банк қызметтерін ескере отырып, субсидияның ең жоғары шегі – 30 АЕК (91 890 теңге) болмақ. Экологиялық үстемеақы бойынша төлемдер есепке алынбайды. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Ал егер айлығы 200 мың болған жағдайда 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді. Бұрын «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі – 12 ай болған. Қазір бұл жобаға жаңалық енгізіліп жатқандықтан, алда қандай өзгерістер болатынын қазір нақты айта алмаймын. Бірақ ол жоба халыққа бұрынғысынан да қолайлы бола түсетініне сенемін.
– «Күміс жас» бағдарламасының қандай артықшылықтары бар? Оған қалай қатысуға болады?
– Зейнет жасына тақаған азаматтарға жұмыс табу қиын екенін жаңа ғана өзіңіз айттыңыз. Осыған байланысты олардың басым бөлігі еңбек шартынсыз, яғни бейресми жұмыс істеуге мәжбүр болады. Өйткені жұмыс берушілердің көбісі егде жастағыларды жұмысқа алуға құлықсыз. Сондықтан бұл жобада егде жастағы адамдардың жұмыс істеп, зейнетке шығу мүмкіндігі қарастырылған. «Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін Халықты жұмыспен қамту орталықтарына немесе Еnbek.Kz электрондық еңбек биржасына жүгіну қажет. Еnbek.Kz электрондық еңбек биржасы арқылы тіркелу үшін алдымен Enbek.kz-ден жеке кабинет ашу керек. Кейін сол жерде жұмыс іздеуші ретінде тіркеу өтінімі толтырылады және ЭЦҚ-мен қол қойылады. Өтінім автоматты түрде тексерілгеннен соң жеке кабинетке хабарлама келіп түседі.
– Сондай-ақ, «Ұрпақтар келісімшарты» атты жоба бар деп есіттік және онда зейнетке шығуына 6 ай қалған жұмысшы мен жас маман орын ауыстырады дейді. Осы жоба туралы нақты айтыңызшы…
– «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы – жұмыс іздеп жүрген жұмысшыны, болашақта зейнеткерлік жасқа шығатын, жұмыс істеп жүрген қызметкердің орнына жұмысқа орналастыруға бағытталған қызмет. Жоба барысында жұмыс беруші, жұмысқа орналысқысы келетін азаматты кейін зейнетке шығатын адамның орнына жұмысқа қабылдайды. Шарт 6 ай мерзімге жасалады. Осы уақыт ішінде мемлекет жас маманның жалақысын 20 АЕК (55 560 теңге) мөлшерінде субсидиялайды. Осылайша жобаға қатысушы өзінің болашақ міндетінің мәніне тереңірек үңіліп, тәжірибе жинақтайды және тәлімгер зейнетке шыққанға дейін оны толығымен ауыстыратын жағдайға жеткізеді. Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші оны бұрынғы жұмысшының жалақысы көлемімен тұрақты жұмысқа қабылдайды. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бірден бірнеше маңызды міндетті шешеді: тәжірибесіз жас мамандарға жұмыс ұсынылып, жұмыс берушіге зейнет демалысына кететін қызметкердің орнына басқа маман дайындауға көмектеседі және жұмыссыздық мәселесі шешіледі. Көріп тұрғаныныздай бұл жерде жұмыс беруіші де зейнетке шығатын жұмысшысының орнына адам іздеп қиналмайды.
– Жастарға 2,5 пайыздық несие беріледі дейді. Бұл несие кімдерге беріледі? Несие алған жастарға қандай талаптар қойылады?
– Жастардың кәсіпкерлік ынтасын ояту үшін мұндай шағын несие беру мәселесі әлі де қарастырылып жатыр. Президенттің тапсырмасына сәйкес, несиенің пайыздық мөлшерлемесі – 2,5 %. Жастарға 5 миллион теңгеге дейін несие беріледі, төлеу мерзімі – 5 жыл. Ауыл шаруашылығымен айналысып, ірі қара мал өсіруді мақсат еткен жастарға 7 жылға дейін несие беріледі. Мұнда кепілдік қою талабы бар. Несиені 1,5 жылдан соң төлеуге болады. Осы уақыт аралығында олар өз кәсібін ашып, оны дамытуға тиіс. Қазіргі таңда бұл мәселе де әлі жетілдіріле түсу үшін қарастырылып жатқандықтан, әзірше тағы қандай талаптар қойылатыны белгісіз.
– Тұрғындар арасында: «Жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрмыз. Бірақ бос жұмыс орындарына шақырмайды» дейтіндер де бар. Бос жұмыс орындарын қалай білуге болады?
– Азаматтар жұмыспен қамту орталығына келмей-ақ үйде отырып, бос жұмыс орындары жайлы ақпаратты қашықтан www.enbek.kz сайты арқылы біліп, enbek.kz сайты арқылы жұмысқа орналасуға өтінім тастауына болады. Бұл сайттың қосымшасын ұялы телефонға жазып алуға да мүмкіндік бар. Порталға тіркелу арқылы бос жұмыс орындарын қарап, ал жұмысынан айрылған жағдайда әлеуметтік төлемдер тағайындау қызметін пайдалануға болады. Жұмыс іздеп жүрген адам, жұмыссыз ретінде тіркелу, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жіберу, жұмысынан айырылу, әлеуметтік төлем алу бойынша қызмет көрсету туралы электрондық еңбек биржасы порталынан толығырақ білуге болады.
– Қазіргі таңда қандай бос жұмыс орындары бар?
– Қазіргі кезде ауданымызда эколог маманы жоқтың қасы. Күзетшілікке де орналасуға болады. Шұбарши мектеп балабақшасы мен № 3-ші Шұбарқұдық орта мектебіне аула сыпырушы қажет. № 1-ші Шұбарқұдық мектеп-гимназиясына жеңіл автомобиль жүргізушісі және № 2-ші Шұбарқұдық қазақ-орыс орта мектебіне автобус жүргізушісі керек. Тағы сол секілді бос жұмыс орындарын enbek.kz сайтынан не Халықты жұмыспен қамту орталығында толығырақ білуге болады. Жалақы мөлшері, жоғарыда айтқанымыздай, ең кемі 70 мың теңге төленеді.
- – Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін Сізге рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз! А. ҚОЖАГЕЛДІ.