Сиқырлы бәліш

0
48

Айым жастайынан ертегі кітаптарға әуес еді. Тіпті кішкентай кезінде тісі сынып қалса, анасы: «Жастығынның астына түсіп қалған тісіңді салып қойсаң, түнде «тіс перісі» келіп, тісіннің орнына ақша тастап кетеді» -дегенге де сенеді. Және тісін жастығынның астына қойып, орнынан ақша табатын. Басқа балалар Жаңа Жылда Аяз атаның жалған екенін, өмірде жоқ десе,  Айым Аяз ата барына сенетін.

Кешке таман «Алтын балық» ертегесін оқи отырып, «Шіркін, шынымен тілекті орындайтын, алтын балығым болса ғой» -деп қиялдап отырғанда, ұйықтап кетіпті. Түсінде аппақ бөлмеде жүр екен. Кенет жаңғырық болып «Сен сиқырға сенесің бе?» -деген бір дауыс естілді. Айым жан-жағына қарап, «Сіз кімсіз? Менен неге олай сұрап тұрсыз?» -деп әлгі дауысқа жауап берді. Кенет ақ киімді киген қария, «Сиқырға сенсең, бәліш сататын дүкенге бар және көзге ерекше түсіп тұрған бәлішті таңда!» -деп айтты.

-Кешіріңіз, мен оны қалай білемін? Ал сиқырлы бәліш ше?

-«Сырты қызғылт дүкенге барсаң, бәліштерді көресің. Сиқырға сенетінің рас болса, сиқырлы бәлішті бірден танисың» -деп жоқ болып кетті. Айым да түсінен шошып оянып кетті. Оянса, таң да атып қалыпты. «Өңінде нені қатты көбірек  ойласаң, соны түсінде көресің» -деп әжем айтып отырушы еді. Жай ғана түсім болар  деп беті- қолын жуып, болып жатқанда айнадан: -«Сиқырға сенетін едің ғой, онда бар» -деп өзіне-өзі сөйлеп тұр. «Иә, мен сиқырға сенемін, бірақ ол менің түсім болды ғой» -деді. Айнадағы екінші қыз: «Түс болса да бар, өзің көз жеткіз. Алтын балықты қалап едің ғой, бар» -деді. Айым айнада өз-өзімен сөйлесіп тұрғанына таң қалды. Таңғы асында сәл-пәл ішті. Бүгін демалыс күн болғандықтан дүкенге барғысы келді. Ешкімге айтқысы келмей, өзі жинап жүрген ақшасын алып, үйден шығып кетті. Жолдан қызғылт бәліш сататын дүкенді де кездестірді. Түсінде көрген сиқыршы атай сатушы болып тұр.

Сатушы: — Сәлеметсің бе? Не іздедіңіз? –деп сұрады.

—        Сәлеметсіз бе? Маған бәліш керек еді.

—        Қалаған бәлішінді таңда, Айым –деді.

Атымды қайдан білесіз? –деп сұрады.

—        Қай бәлішті аласың? –деп үнсіз ғана сұрағына жауап бермеді.

Айым ойланып тұрды. Түсінде «ерекше бәлішті бірден танисың» -деген деп айналасына қарап тұрғаны сол еді, кенет шоколодтан жасалған, беті құлпынаймен сәнделген бәліш ерекше жарқырап тұрды. Айым сатушыға: «-Мына шоколодты бәлішті бола ма?»

—        Әрине болады. Саған құпия айтайын ба? Бұл ерекше бәліш. Арманыңды орындайтын бәліш десем сенесің бе?

—        Сіз түсімдегі сиқыршы емессіз бе?

Мүмкін. Сиқырлы бәліштің өз ережесі бар. Қателік жіберсең, зардабы қиын.

—        Қалай сонда? Бәліш неге 6-ға бөлінген?

—        Бұл бәліштің ерекшелігі де сонда. Сенің алты тілегінді орындайды.

—        Шын ба? Тура «алтын балық» сияқты ма? Ура, алты тілегімді орындайды.

—        Иә, «алтын балық» секілді тілек орындайды. Бірақ, сиқырлы бәліштің бір айырмашылығы бар.

—        Сиқырлы бәліштің қандай ерекшелігі бар?

—        Сен бәлішті жаман ниетке қолдансаң, екі есе зардабын тартасың. Соны ұмытпа-деді.

—        Ұмытпаймын, рахмет сізге сиқыршы атай-деп қуанып дүкеннен шығып кетті. Үйге асығыс келіп, бөлмесіне кіріп, сиқырлы бәлішіне қарады. Сиқырлы бәліш екеніне қалай сенсем болады?  Бір тілек айтып тексеріп көрейін деген ойға келді. Не тілесем болады? –деп отырғанда, «Маған жаңа қуыршақ керек» -деп сиқырлы бәліштің бір тілімін жеді. Жеп тауысқаны сол еді, үстелдің үстінде «әдемі, сәнді қуыршақ» -пайда болды. Өз көзіне өзі сенбеді. Қуанышында шек жоқ.  Бәлішке қарап, сен шынымен армандарды орындайтын сиқырлы бәліш екенсің. Енді менде бәліштің бес тілімі қалды. Ойланып, пайдалануым керек деген тоқтамға келді. Сиқырлы бәлішті ешкім көрмейді-ау деген жерге жасырып қойды.

Кешкі тамағын ішіп болғаннан кейін, арман-тілектерін жазуға кірісті. Менде сиқырлы бәліш бар екенін ешкім білмеу керек және сиқырды пайдаланғанымды да деп ойланып отырды. Айтпақшы қағазға, «ескерту» деп қызылмен «Жаман ниетке пайдалануға болмайды. Пайдаланса, зардабы екі есе күшті болады»-деп жазып қойды. Қағазға «Менің армандарым» деп жазып: 1) «Құс болып ұшып көру» Иә, аспанда мен құс болып ұшып самғағым келеді. Кез-келген адам ұшуды армандайды және менікі арман болмайды, мен міндетті түрде орындаймын. Мен таңертең осы тілекті айтып, бәлішті жеймін. Қалған тілектерді сосын ойлана жатармын деп ұйықтап қалды.

Таң атты. Айым ұйқысынан сергек оянды. Таңғы асын ішуге келгенде анасы: «Қызым, сенде  мынадай қуыршақ болып па еді?» -деп жаңа қуыршағын көрсетіп тұр еді. Айым сасқанынан: «Апа, мен оны құрбыма сыйлыққа беруге алдым» -деп өтірік айтты. Анасы: «Жақсы, онда құрбына берерсің. Таңғы асыңды ішіп ал. Ертең сабаққа барасың. Уақытыңды босқа өткізбей сабағыңды оқы» -деп айтты. Айым тезірек таңғы асын ішіп алды. Бөлмесіне келіп, «Мен құс болып, ұшқым келеді» -деп сиқырлы бәлішті жеді. Бәліштің соңғы тілімін жеп шайнағаны сол еді, Айым «аппақ кішкентай көгершінге» айналды. Терезесін таңертең ашып қойғаны қандай жақсы болды. Айым көгершін болып, терезеден сыртқа ұшып кетті. Алғашында қанатын қағып ұшу қиын болды. Уақыт өте келе ұшуды да үйренді. Көк аспанда қанатын қағып, биік үйлердің үстімен ұшып жүрді. Үлкен ғимараттар жоғарыдан әдемі көрінді. «Шіркін, құс болып ұшу қандай күшті. Әлемнің ана шетінен мына шетіне дейін ұшып тез жете аласың. Қайда барғың келеді өз еркін» -деп айналасына тамсанып, қуанып ұшып жүр. Кенет барлық құс жиналған саябаққа тоқтады. Саябақта өзі секілді көгершін, кептерлерді көрді. Адамдар құстарға нан тастап тамақтандырып жүр және олармен бірге суретке түсіп әуреленіп жүр. Айым қарны ашып нанның қиқымдарын жей бастады. Қасына басқа көгершіндер ұшып келді.

—        Сұлу бикеш, қайдан келдіңіз?

—        Біздің ауданда сіз секілді әдемі аппақ көгершінді бірініші рет көруім –деп сөйлей бастады.

Айым ойланып қалып, «маған құстар сөйлеп тұр ма? Мен құстардың тілін білемін бе?» -деп өзіне таңқалып тұрды. Сосын өзінің құс екенін түсініп, «құс болғаннан кейін олардың тілін түсініп тұрмын» -деген ақылға келді. Адамдарда «мында қараң, аппақ көгершін» жүр деп мәз болып, бір-бірімен сыбырласып жатты. Айым тезірек үйіне барып, адам болуға асықты. Үйіне қарай ұшып бара жатып, «Қалай қалпына келемін? Тілектің орындалуы орындалды-ау. Ең болмаса 5-6 сағат құс болсам, екен деп те тілекті дұрыс тілемегенім-ай» -деп өкінді. Үйіне жеткенде анасы Айымды іздеп жатыр екен. Терезесінен үйіне кірсе, сиқырлы бәліші орында екен. Не де болса, бір тілімін жеп адам болайын деп ойлады. «Қайтадан адам болғым келеді» деп бәліштің бір тілімін жеді. Жегеннен кейін баяғы өз қалпына келді. Бір жағынан қуанып, бір жағынан қорқып, егерде бәлішімді біреу жеп қойғанда, не анам терезені жауып тастағанда мәңгі құс болып қалар едім. Енді сиқырлы бәлішті орнымен қолдану керек екенін түйді.

Таңертеңгі сабақта құрбыларымен кездесті. Өзінің құс болып ұшқанын айтқысы келді. Бірақ ешкім сөзіне сенбейтінін ұқты. Құрбылары сабақтан соң ойын-сауық саябағына баруға келісті. Айым сабақтан кейін құрбыларымен бірге саябаққа барғысы келді. Анасы Айымға аз ақша беріп еді, Айым сиқырлы бәліштің көмегімен өзінде көп ақша болғанын қалады. Және құрбыларына кез-келген нәрселерін алып беріп, мақтанғысы келді. Сиқырлы бәліштің 4-ші тілімін жеп, «Ақшасының көп болуын» тіледі. Ойын-сауық саябақта құрбыларымен барлық атриакциондарға мініп шықты. Және де түрлі-түрлі тәтті мақта мен балмұздақтар жеді. Барлығының ақшасын Айым төледі.

—        Құрбысы Әсел: -Айым, саған рахмет. Барлығымыз үшін ақша төледің.

—        Анель болса: -Я, Айым сен ақшаны қайдан алдың?

Айым шындықты айтуға қорқып, «ақшаны папам берген болатын. Құрбыларынды қыдырт» -деп өтірік айтты. Саябақтан шығып бара жатқанда, бір апа қайыр сұрап отыр екен. Айым қалған ақшасын үйге апарғысы келмей, апайға берді. Апай: «Бақытты бол қызым. Ғұмырлы бол!» деп тілек тіледі. Айымның бүгінгі күні осылай өтті. Үйіне келсе, қалған екі тілім бәлішін  егіз інілері Әлім мен Әсет жеп қойған екен. Айым өкіріп жылады. Анасы: «Қызым жыламашы, тағы да саған дәмді бәліш сатып алып беремін» -деп жұбатты. Бірақ бұл бәліштің басқа бәліштерден ерекше екенін тек Айым ғана түсінетін.

Таң атқанда Айымның әкесі ауруханаға түсіп қалғанын естіді. Айым жаман қорықты. Себебі, әкесі бірде-бір рет ауруханаға бармаған және дәрі ішіп көрмеген адам еді. Айым қорыққанынан «Менің кесірімнен емес пе екен? Бірақ қай жерден қателестім?» -деп өз-өзіне сұрақтар қоя бастады. Және тезірек бәлішті сатып алған дүкенге қарай жүгірді. Дүкен жабық екен. Бірақ сыртына «Айымға» деп жазылған хатты көрді. Айым хатты ашып еді, сиқыршының басы көрінді. Айым аң-таң күйде не дерін білмей қалды.

—        Сиқыршы атай әкемді құтқарудың жолын айтыңызшы? Не үшін ауруханаға түсті?

—        Айым мен сені күттім. Кеште болса, келгеніне шүкір. Саған сиқырлы бәлішті бергенде не деп ескерттім, есіңе түсірші?

—        Жаман ниетке қолдансаң, зардабы екі есе болады. Бірақ мен сиқырлы бәлішті жаман ниетке қолданбадым.

—        Айым қателеспе, сен анаң мен құрбыларыңа екі рет өтірік айттың және құрбыларыңның алдында мақтанғың келгені рас қой?

—        Бірақ мен әдейі өтірік айтпадым ғой. Менде «Сиқырлы бәліш» бар десем ешкім сенбейтін еді. Өтірік айту жаман ниетке жата ма?

—        Шындықты айтпай, өтірік айту жаман ниет болып саналады.

—        Әкемді құтқарудың бір жолын айтыңызшы? Енді өтірік айтпаймын.

—        Сен жақсылық жасап, әкеңді құтқардың.

—        Қашан, қай кезде жақсылық жасаппын? Менің жақсылық жасағаным есімде жоқ.

—        Жақсылық жасағанынды ұмытып кеткеніңе қуаныштымын. Есіңде ме, сен құрбыларыңмен ойын-сауық саябақтан шыққан кезіңде, апайға ақша беріп көмектескенін ше?

—        Иә, әрине есімде. Бірақ ол жақсылық болып санала ма? Саналса құрбыларымды қыдыртқаным ше?

—        Құрбыларынды қыдыртқанның, жақсылық болмайды. Сен оны шын ниетімен жасамадың. Құрбыларыңның алдында мақтанғың келді. Ал апайға берген ақшаң жақсылық болып саналады. Себебі, сен сол күні апайға шын ниетіңмен бердің. Апайды көріп, аяп, қарнын тойдырғың келді. Және апай саған ақ батасын берді. Сенің жасаған жақсылығың мен апайдың берген ақ батасы әкеңді құтқарды.

—        Ақ батаның да көмектесетінін білмеппін. Рахмет сізге, енді жақсылық жасаумен қатар, үлкендердің ақ батасын алып жүремін –деп Айым әкесін көруге ауруханаға асықты.

 

Сиқыршы Айымды сырттан бақылап тұрып, тағы бір пендені жақсылық жасауға үйреттім. Қой ана жерде біреу жылап отыр, кім екенін көрейін деп жолға шықты.

Бұл жай ғана сиқыршы емес, адамдарды тура жолға салатын, балалардың ғажайыпқа сенуіне үйрететін «жақсылық періштесі» еді. Ал сіз сиқырға сенесіз бе?

 

                                                                                                                                       А.Қожагелді.