БЕЙБАРЫС СҰЛТАН

0
71

Бірде бас қосқан ортада Сұлтан Бейбарыс туралы әңгіме қозғалып кетті.Талқы өзегі сәл әңгімеден басталып, қыза-қыза келгенде пікірталасқа айналды. Әркім өз білгенін дәлелдеп,тақырыпқа тамызық қылуда. Артық сілтеп жіберіп жатқандарымыз да жоқ емес. Тайпасына да тіреліп алып, шыққан тегі мен өмірге келген өңірі туралы өзіне тартып қайтпай қасарысқанымыз да болды. Не керек осыдан кейін Бейбарыс туралы оқырманға танымдық бір мақала неге ұсынбасқа деген ой келді.

Бейбарыс туралы матералдармен танысуға ,ізденуге тура келді. Бейбарыс туралы көркем филім бар екені де белгілі. Көркем шығармаға автордың қыиялы мен кейіпкерді сомдаудағы өз ұстанымы қосылатыны да белгілі. Ал күні бүгінге дейін жеткен нақтысы-Бейбарыс шамамен 1223 жылы, ғалымдардың жазуы бойынша, түрік-қыпшақтар елінде, Қара теңіздің теріскей бетіндегі далалық өңірде туған делінген. Толық аты –жөні-Әл-Мәлік әз-Зәкір Рух-ад-ДИн Бейбарыс әл-Бундуктари әл-Салиһли.

1242 жылы маңғолдардың Қыпшақ еліне шапқыншылығы тұсында Бейбарыс басқа да қыпшақ ұландарымен бірге құл базарында сатылған. Сөйтіп, Аюби әулетінен шыққан Египет әміршісі сұлтан ас-Салих Нәжім-әд-Диннің иелігіне өткізіледі. Сұлтанның өзге де жаңадан сатып алған құлдарымен бірге Ніл дариясының ортасындағы  аралға жіберіледі.Сол жерде әскери мектепке түседі. Әскери дайындықта ерекше қабылеттілігімен көзге түсіп,мектепті үздік бітіреді. Соғыс өнеріне әбден шыңдалып алғаннан кейін,сұлтанды күзететін жасақтың басшысы болып тағайындалады.Бейбарыс басты жеңісіне әл-Мансұр қаласының түбінде 1250 жылы Франция королы Людовик 9 бастаған армиясымен шайқаста қол жеткізеді. 1260 жылға дейін Серияда болып,сол жылдың аяғына таман Египетке қайтып оралып, әскер басы лауазымына қайта тағайындалады.Палестинадағы Набулуе деген жерде манголдармен шайқасып,қирата жеңеді. Осы шайқаста Бейбарыс өзін қан майданның қас батыры ретінде танытып,көптеген маңғол жауынгерлерін тұтқынға алады. Осыдан кейін Бейбарыс Египеттің  төртінші сұлтаны болып таққа отырады. Сұлтан тағына қол жеткізгеннен кейін әскери бағытын нығайтуға кіріседі. Сириядағы маңғолдар қиратқан барлық қамал-қорғандарды қалпына келтіреді. Оқ-дәрі сақтайтын қоймалар салдырып, әскери, сауда кемелерін жасауды жолға қояды. Бейбарыс мұсылмандық Сирия мен Египетті бір мемлекетке біріктіреді. Аюби әулетінен үш бірдей қаланы тартып алып, олардың Сирия жерінде билік құруын біржолата тоқтатады. 1265 жылдан 1271 жылға дейін Бейбарыс крес көтерушілерге үнемі жорық жасап тұрған. 1265 жылы Арзупты, Атлит пен Хайфаны, 1266 жылы Сафедті, 1268 жылы Антиохияны басып алады. Мұнан кейін кірес көтерушілердің бірнеше қамалдары Бейбарыстың иелігіне өтеді.

Бейбарыс маңғол әскерінің Сирияға солтүстіктен де шығыстан да тынымсыз шапқыншылығын тойтарып отырған.Өзінің он жеті жылғы билігі кезінде ол Иранда өктемдік жүргізіп тұрған манғолдармен тоғыз рет қан майданда шайқасып жеңіске жеткен.

Бейбарыс сондай-ақ маңғолдармен одақтасып алған  христиан-армияндарды да шапқан, жерін ойрандап, қалаларын қиратқан. 1276 жылы селжұқ әскерлерін, олардың маңғол одақтастарын жеңген соң Бейбарыс тікелей өзі қол бастап шығып, тарихи Каппадокия провенциясындағы Цезареяны (казіргі Түркиядағы Қайсари қаласы) басып алады. Египетті оңтүстіктен, солтүстіктен, батыстан қорғап қымтау үшін Бейбарыс Нубия мен Ливияға әскери экспедициялар жөнелтеді. Жалпы Бейбарыс онбес соғыс компаниясында әскерді жеке өзі бастап шығып, бас қолбасшы ретінде әмірін жүргізіп отырған.

Византия империясымен жақсы дипломатиялық қарым- қатынас орнату мақсатында Бейбарыс Канстанопілге Михаил-8 Палеологтың сарайына елшілерін жібереді. Египет саудагерлері мен елшілеріне Геллеспонт және Босфор бұғаздары арқылы жүзуіне рұқсат етеді. Оның тағы бір мақсаты Алтын орда маңғолдарымен бірлесіп, Иран маңғолдарына Қарсы одақ құру болған. Бейбарыс арагондық Яков 1, Леон мен Кастилия королі Альфоне 10 сынды алыс елдер әміршілерімен сауда келісімдерін орнатқан.

Оның ең тамаша саяси шешімдерінің бірі Аббасидтер әулетінің маңғолдардан бас сауғалап қашып жүрген үрім- бұтағын Кайрге алдыртып,мүсылмандар қауымының басшысы атандыруы.

Бейбарыстың жұрт мойындаған қолбасшы, тәжірибелі, іскер депломат қана болмағанын атап өту керектігі айтылады. Ол билік құрған тұста елде көптеген арналар қазылып, кеме жүретін айлақтар жөнделіп, жан-жақпен қатынас жақсартылған. Каир мен Дамаскінің арасында тұрақты қатынас орнатуды қалыпқа келтірген. Үлкен мешіт пен мектеп салдырған. Каирдағы ол мектеп те мешіт те Бейбарыстың атында сақталған. Бейбарыс Египет тарихында бірінші болып ислам құқығы бойынша төрт бағытты жүргізетін судияларды (қазиларды) бекіткен.

Бейбарыс тек жүрек жұтқан жауынгер ғана болмаған, ол сонымен қатар мықты найзагер, аңшылықпен, атсайыспен, садақ атумен үнемі айналысқан. Исламның қағидаларын мықты сақтайтын нағыз мұсылман болғандығы жазылған. Қолы барынша ашық болған дейді тарихын зерттеушілер. Кез келген мәселенің моралдық жағына қатты көңіл бөлген.

1271 жылы Бейбарыс шарап ішуге тыиым салдырытқан.

Тарихта өшпестей аты қалған Бейбарыс  сұлтан жәйлі аңызға айналған оқиғалар мен әңгімелер жетерлік. Тарихтың таразылауынша-шетелде тұңғыш құлдық дәрежеден ел билеуші дәрежесіне жеткен қазақ тың  аңызға айналған бабасы;

Әйгілі «крес жорығы»мен мангол жаулап алушыларына Мысыр елінде тұңғыш тосқауыл жасаған мәмлүк;

Мұсылман заңдылықтары бойынша тұңғыш рет Египетте соттық жүйе енгізуші  деп танылган қайраткер туралы бұл жазбамыз шағын ғана ықшамдалып алынған мәліметтер.

Бейбарыстың туғанына шамамен биыл 800 жыл толады екен. «Британин энциклопедиясынан» аударған Асқар Абдрахмановтың  жазуына қарағанда («Егемен Қазақстан» 16.09.00.) Бейбарыс 1277-жылы 1-шілдеде Дамаскіде басқа адамға деп У құйылған көжені ішіп қалып қайтыс болған дейді. Сондағы, кезінде негізін өзі қалаған,қазіргі әз-Зәкірия кітапханасының астына жерленген –екен. Сонымен Бейбарыс бабамыз Мысырда он жеті жыл екі ай билік жүргізіп, елу жеті жасында дүниеден қайтқан.

Бейбарыс туралы қалам тартқан зерттеушілер де аз емес. Солардың бірі Мұхтар Құл-мұхаммед «…Қазақ  ғалымдарының еңбектеріндегі деректерді қорыта келіп, Бейбарыстың тегі түркі, оның ішінде қыпшақ, қыпшақтың  бурджоглы, яғни Беріш тайпасынан шыққандығын айтуға толық негіз бар деп есептейміз» дейді. Ал жазушы, зерттеуші Тұрсын Жұртбаев «Дулыға», 2-кітабы 368 бетінде «…дүниені дүр сілкіндірген әйгілі адамдардың ішінде дәл бейбарыстай тағдырдың тәлкегіне ұшырап, құлдық пен хандықтың арасында қатыгез ғұмыр кешкен, өмірінің ақыр соңында жер шарын шеңгеліне алуға үмтылған маңғол шапқыншыларына да, «крес жорығын» бастағандарға да тойтарыс беріп, Араб елін тұтас мемлекетке айналдырып, төрткүл елге әмірін жүргізген, таңғажайып аңызға айналған екінші тұлға жоқ….                             Арап елдерінің «Мың бір түн мен» қатар қоятын халық романы «Бейбарыстың» өзінде оның Хорезім, Дербент қыпшақтарынан тарағанын, әкесінің аты Жамақ, анасының аты Әйек екені айтылады» десе. Зерттеуші Қайрат Сәки «Егемен Қазақстан» газетінде (11.03.00) «Бейбарыс заманынан жеткен бір бейне атты мақаласында «Венаның көпшілік кітапханасында сақтаулы тұрған 1234 жылы Мысырда жазылған әл-Харирдің мақамдары …кітабын безендірген суреттер…Мәмлук тарихына қатысты өте құнды дүние болып табылады…

Жоғарыда аталған кітаптың мұқабасындағы суретте… ортада тақ үстінде салтанатты түрде ұзын қара шашты сұлтан малдас құрып отыр. Басында сұлтан билігінің белгісі- сәлде… Қолдарында сұлтан билігінің белгісі-тоқым-ұстаған…                                                                                                                                               Сондықтан осы бейне қыпшақ сөзінің және ісінің ірісі, ислам үмбетінің мақтанышы сұлтан Бейбарыс емес пе деген сұрақ ойға келеді. Себебі Бейбарыс сұлтанның даңқымен одан кейін бірде-бір қыпшақ немесе Шеркеш сұлтандары тең келе алмағандығы тарихи шындық» дейді.                                      Бүгінгі, ұлы тұлға туралы ықшамдалған әңгімемізде негізгі айтпақ ойымыз, тарихи белгілі тұлғаларымыздың  есімін ұмытпауға тәрбиелеу, ұлықтауға тиісті екенімізді естен шығармау. Қазақтың арғы-бергі тарихында әр істің, әр саланың тұңғыш бастаушысы болған. Бірақ ұмытылғандары аз емес. Егер, айтпасақ жазбасақ, тіпті барының өзін еске түсіріп отырмасақ, жас ұрпақтың келешегіне үлгі етіп көрсетпесек ұмытылатыны ақиқат.

                                                         М.ӘДІЛХАНҰЛЫ