Жағдай толық бақылауда

0
55

Аудан аумағында су тасқынына қарсы құрылған штаб мүшелері жан-жақпен байланысты күшейтіп және су басуға бейім  аумақтарға, өзен арналарына мониторинг жүргізуде. Су басу қаупі басым аймақтарда су сору, қар шығару шаралары атқарылып, инертті материалдармен бөгелді.

Мәселен, Бабатай елді мекенінің маңындағы бөгет нығайтылып, осы аумақтағы  тұрғындар қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етілді.  Қазіргі таңда аталмыш елді мекенге су тасқынынан келер қауіп жоқ.
Құмсай ауылындағы Темір өзенінің деңгейі түнгі мезгілде көтерілген болатын. Сондықтан, су тасқынының алдын алу мақсатында,  мұнай компанияларының техникалары жұмылдырылды. Қазір мұнда жағдай қалыпты.
Ал, аудан орталығы Шұбарқұдық кентінде көшелер мен үй аулаларынан суды шығару жұмыстары бойынша шұғыл іс-шаралар атқарылды.
Жалпы қазір  барлық ауылдық округтерде жауапты лауазымды тұлғалардың тәулік бойы кезекшілік ету кестесі бекітілді. Жағдай аудан әкімі С. Аманбаевтың жеке бақылауында.   Аудан басшысы су тасқыны ықтимал аумақтарды тағы бір рет аралап шықты. Бүгінгі таңда аудан аумағындағы жағдай өзге аудандармен салыстырғанда тұрақты. Су деңгейі түсті. Ауылдық округтерде су басу қаупі кезең-кезеңімен азайтылуда.

Осы орайда, аудан тұрғындарынан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, жалған ақпарат таратпауға, тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырамыз.

ТЕМІР ГАЗЕТІ.