Сальмонеллез

0
85

Сальмонеллез  – Salmonella түріндегі бактериялармен берілетін ас  қорыту жүйесін зақымдайтын инфекциялық ауру. Сальмонеллёз қоздырғышы қоршаған ортаға бейімделгіш. Ол ашық су қоймадағы суда 120, топырақта – 140, ет пен шұжық өнімдерінде – 60 күннен 130 күнге дейін (мұздатылған етте – 13 айға дейін) сақталады. Темір ауданының 2022 жылдың қорытындысы бойынша сальмонеллез ауруының жағдайы тіркелген жоқ, өткен 2021 жылмен салыстырғанда 7 жағдайға азайған. 

Сальмонеллёзді таратушылар – ауылшаруашылығы жануарлары мен құстар, науқас адамдар және бактерия тасымалдаушылар болып табылады. Алиментарлық жол – жұқтырудың негізгі жолы болып табылады.  Ал тағам өнімдері (жануарлардың еті, құс, балық, устрицалар, таңқышаяндар, жұмыртқа және  жұмыртқа өнімдері, сүт және сүт өнімдері, көкөніс және жеміс-жидектер, крем өнімдері) жұқтырудың негізгі факторы болып саналады.

Инкубациялық кезең – сальмонеллез қоздырғышының адам ағзасына түсу сәтінен клиникалық көрсеткіштердің көрінуіне дейінгі уақыт бірнеше сағаттан 3 күнге дейін созылады. Көбінесе ауру жіті басталады, бастапқы кезеңінде интоксикация көрсеткіштері  көріне бастайды, яғни әлсіздік, бас ауруы, дене қызуының 39º С-қа көтерілуі, қалтырау сезіледі. Аурудың  қозуы  бір тәуліктен кейін басталады. Ол кезең – тәбеттің бұзылуымен, лоқсумен, құсумен сипатталады, жасыл түсті сұйық нәжіс, үлкен дәретке баруы тәулігіне 10 ретке дейін болады.

Сальмонеллез емханада ерекше дәрі-дәрмек кешенің қолданумен емделеді.

   

         Алдын алу жөніндегі іс-шаралар

 

— жеке бас гигиенасының жалпы нормаларын орындау, әрқашан тамақ ішер алдында, тамақ дайындағанда, жануарларды ұстағаннан кейін, дәретханаға барған соң, қоғамдық орындарда болғаннан кейін қолды міндетті түрде жуып тұру, ас үйдегі тазалыққа баса назар аудару;

— алдын ала термиялық өңдеуден өтпей тамаққа қолданылатын тамақ өнімдерінің барлығын бірнеше реттен қайнаған сумен жуу;

— қауіптілігі белгілі өнімдер (сүт, ет, жұмыртқа) бекітілген технологияларға сәйкес дайындалулары керек, естеріңізде болсын, ірі сауда желілерінен алынған құс өнімдері де сальмонеллёзді жұқтыру көзі болуы әбден ықтимал;

— тоңазытқыштарыңызда тауар көршілестігін сақтау керек, дайын тамақтарды шикі өнімдермен қатар бір сөреде сақтауға болмайды, жұмыртқалар арнайы бөлінген орындарда сақталуы керек;

— бактериялардың көбеюіне жол бермеу үшін өнімдерді оларға қауіпсіз температуралық ережелерге сәйкес сақтау қажет;

— әсіресе үй жағдайында дайындалған сүт және сүт өнімдерін термиялық өңдеусіз (қайнатпай, пісірмей) қолдануға болмайды;

— ас үйде әр өнімнің түрлеріне арналған кесу тақтайшалары мен пышақтары бөлек болуы керек.

Ауруды емдеу қиын, ал оның алдын алу үшін қарапайым ережелерді сақтау қажет.

 

                 Жедел ішек инфекциясы

 

Жедел ішек ауруы — асқазан-ішек жолдарын  зақымдайтын жұқпалы дерт. Микробтың адам ағзасына түскеннен бастап, аурудың пайда болуына дейін 2 сағаттан 7 күнге дейін созылу мүмкін. Ауру адамда асқазан-ішек жолдарының зақымдануымен қатар әлсіздік, дене қызуы, іштің бүріп ауруы, жүрек айну, құсу, іш өту клиникалық белгілері болады. Жоғарыда көрсетілген клиникалық белгілер пайда болғанда дереу дәрігерге қаралу қажет.

Темір аумағында 2022 жылдың қорытындысы бойынша жедел ішек ауруының 35 жағдайы тіркелді, 100 мың тұрғынға шаққанда  аурушаңдық көрсеткіші – 102,41 құрады. Науқас адамдардың 97,1%-ы 14 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде 91,4%-ы 2 жасқа дейінгі балалар. Науқастанудың негізгі себептері үй жағдайында дайындалған тамақтың сақтау тәртібі мен мерзімдерінің бұзуылуымен – 62,8%, дұрыс жуылмаған, өңделмеген және бұзылған жеміс-жидекпен және көкөністерді пайдалану – 11,4%, басқа жағдайларда – 25,7% болған.

Жедел ішек ауруын алдын-алу мақсатында ұсынамыз:

  • жеке бас гигиенасын сақтау;
  • дәретханадан, көшеден келгеннен кейін, тамақ ішер алдында және үй жануарларды ұстағаннан кейін қолды сабынмен жуу;
  • балалардың сүт қоспаларын дайындауға сапалы ауыз суды пайдалану;
  • баланы тамақтандыру және қарау кезінде жеке бас гигиенасын сақтауға мән беру;
  • тез бұзылатын өнімдерді және дайын тамақты сақтау мерзіміне қарай тоңазытқышта сақтау;
  • тамақ өнімдерді қолдан белгіленбеген жерден сатып алмау;
  • тағам өнімдерін сатып алу кезінде қаптаманың тұтастығына, өндіру мерзіміне, жарамдылық және сақтау мерзіміне көңіл бөліп сапасын куәландыратын құжаттарды талап ету.

 

Темір аудандық санитариялық-эпидемиологялық бақылау  басқармасы,

Темір аудандық ауруханасы.