Әскерге бардың ба?

0
70

Бүгінгі солдат өмірі қызық, бір жылда барғанын да, келгенін де білмей қаласың. Армияға барып келіпті дегенде бір естисің. Бүгінгі таңда келе-келе солдатқа барып келген баласына үлкендердің батасын алып дегендей, жолашар тағы басқа той ырымдарын жасап жүр. Отан алдындағы борышын өтеп келген баласы армиядан келген бір үйдің қуанышында болдық. Солдат формасымен келген жігітке сыптай формасы өзіне жарасып тұр. Қандай әдемі жігіт болған десіп жатыр. Ия айтса айтқандай, солдат өмірі адамды қалай болғанда да өзгертеді емес пе. Тәртібі бір басқа, солдаттың мінез-құлқында да, бұрынғы ауыл ішіндегідей емес, көп өзгеріс бар.  Жүріс-тұрысы да сондай икемді – тез тұрып, тез қимылдайды.

         Қазіргінің армияға барғандарда, бұрынғыға қарағанда, көп өзгеріс бар. Өз жеріңде – Қазақстанның  өңірінде қызмет етесің. Армияға шығарып саларда да қасында болып, ант қабылдағанда да ата-анасы барып, баласының қандай ортаға барғанын көріп қайтады. Әр жеті сайын ұялы телефонмен хабарласып амандығын біліп отырады.

Ал біздің кезімізде ше, сонау 1960-шы жылдар мен 1970-ші жылдары, армияға барып келу бір айтпен той болатын.  Бізде солдат болып, армияға барсақ деп армандайтын едік.   Сол балалық шақтағы солдат болу арманымыз да орындалды. Орта мектепті бітіргеннен кейін жасымыз 18-20-ға толғанда  әскери комиссариаттан шақыру (повеска) қағазы келіп, армияға жарақты болып,  аттанатын болдым. Ол жылдары біздің ауыл Ойыл ауданына қарайтын. Шұбарқұдықта  әскери комисариат жоқ еді. Октябрь ауданы «Қандағашқа» баратын болдық. Күз аяғы –  қараша айының іші, ауылдан 4-5 жігіт армияға  шақыру қағаз алғанбыз. Содан ауылда жол ашар жасап, той басталды. «Аттандық сапарға, тосады жол алдан…» дегендей, ертесіне арқамызға киім-кешек салынған дорбамызды іліп, айқай-шумен әндетіп, қалған ауыл балдары мен қыздары қыр басына дейін фермінің машинасымен шығарып салды.

Екі жыл екі айдай болмайды деп, қол бұлғап біз кеттік. Қандағыштан қабылдап алып, Ақтөбе қаласының казармасына жинады. Ертесіне  көп ұстамай, поезға мінгізіп, шығарып салды. Жолшыбай вагондар жалғап тіркеп алып жатты. Үшінші күні Саратов қаласына аялдадық. Ауылға хат жазып келе жатқанбыз, вагон есігін ашқанда өтіп бара жатқан орыс әйелдеріне хатты беріп почта жәшігіне салуын өтіндім. Біздерге қарап өтіп бара жатқан басқа ұлт өкілдері болса да солдатқа армияға бара жатқанымызды біліп, жылы лебіздерін білдіріп, жақын жердегі магазиннен пойыз қозғалғанша ет концервісін, ішетін лимонад алма әкеліп беріп жатты. Поезд орнынан қозғалғанда да, қол бұлғап амандық тілегендей көпке дейін ұзап кеткенше қарап тұрды. Айтайын дегенім, қай ұлт өкілдері болмасын, Отанын қорғауға бара жатқан азаматтарды ерекше құрметпен бағалайтынына көзім жетті. Кейіннен хабар алысқанымызда өткендегі Саратов қаласынан салдырған хат хабарымыз сол күйінде көп ұзамай ауылға жеткен. Екі-үш  тәулік жүріп, біз мінген поезд орыс жеріндегі Мурманская облысы, Севроморск қаласына бір тоқтады. Үлкен  асханадан тамақтандырып алды да, үлкен залға апарып ауылдан келген киім-кешегімізді шешіп, су жаңа солдат формасына ауыстырды. Қызық енді болды, бір вагонда келген жігіттер бір-бірімізді танымай қалдық.  Бір-бірінен аумайтын әскери киім. Аң-таң болып атымызды атап шақырып жақындастық. Міне енді Отан қорғайтын солдат болдық деп бір-бірімізге әзілдеп, күліп жатырмыз. Фамилямызды атап оқып шақырып, әр  бөлімге бөліп-бөліп жіберді. Мен Полярный қаласындағы № 57280-ші  әскери бөлімге орналастым. Қасымда ауыл балдары болмаса да, әр ауданнан – Комсомол, Қарабұтақ, Мартук, Ойыл, Орал қаласының жігіттері болды. Бұл жақты жердің шеті дейді екен. Ақтеңіз жағалауы, ар жағы Солтүстік мұзды мұхит. Кітаптан оқитын 6 ай түн, 6 ай күн осы жақта екен. Біз  қараша айының аяғында келдік. Қар қалың күннің көзін көрмейсің, таңертең  таң атқандай жарық болады, бірақ күннің көзі шықпайды.  Күннің көзін 6 айдан кейін  мамыр айында бір көресің. Бірақ қараңғы емес, дала аппақ қар. Айналаға жарық беріп тұрған прожектор, көше шамдары жетерлік. Аязы да күшті,  жел мен бораны да жетерлік.

Сонымен әскери солдаттың өмірі басталып та кетті.  Таңғы тәтті ұйқының шағында

«Подём» басталды дейсің, 45 секундта киініп болуың керек, бір ілгегің тағылмаса, наряд аласың. Әсіресе, ауыл балдарына үлкен сынақ болды. Орыс тілін білетін қала пысықайларына қиындық бола қойған жоқ. Екі қатарлы кроватта жатамыз. Бір қызығы «подём» дегенде ұйқылы-ояу атып тұрып, үстіндегілері киініп жатқан астындағыларға мініп аласың, ұстасып жағаласуға уақыт жоқ. Енді 45 секундта киініп болуың керек. Артынан  үйренгеннен кейін сол істерімізге күлеміз келіп. Күндіз де қараңғы, жарығы шамалы аспан ашықта Поляр түнінде, полярный ночь, северный сейяние түнгі аспанында найзағай құсап, жалт-жұлт етіп ойнап тұрады. Әртүрлі жарық шашып көз жауын алады. Осындайда  сапта ротамен жүріп келе жатқаныңда екі көзің аспанда болып, алдындағы солдаттың аяғына шалынасын, жіті қарап келе жатқан командир болса көріп қалып, кешкісін наряд бар дейді. Наряд демекші, біздің ротада  фамилиялары ұқсас екі солдат жігіт болды. Бірінің фамилиясы Әлиев Күнжарық – Ойыл ауданынан, ал екіншісі Әлиев Қыдырбай – Комсомол ауданының жігіті. Бір қызығы екеуінің біреуі наряд алса, Әлиев десе, екеуі бірдей  сапта атып шығатын. Орыс офицерлеріне бәрібір, қайта қызық керек оларға, айырып жатпай екеуін де бірдей «нарядқа» шығарып, еден жудырып қоятын. Артынан орыс тілін жақсы білетін жігіттер түсіндіріп, екеуі бөлек аталатын болды. Бізді  қызмет етіп жатқан  бөліміміз теңіз жағалауының дәл қасында еді. Заводтағы үзіліс кезіндегі «гудок» дауысы анық естілетін. Және жағалауда теңізге сапарға шығуға дайындалып тұрған сүңугір қайықты көріп тамашалайтынбыз. Кәдімгі теңіз китінің үлкен түрі десе де болады. Ішінде 120-дай  теңізші бар. Қызық көріп бір матростан сұрап көрдік. Оларда солдаттардай емес, 3 жыл  қызмет етеді. Бір кеткенде, 6 айға дейін теңіз астында боламыз дейді. Теңіз бетіндегі жүк корабль кемелерін күзетеді екен. Оны 17-ші ракеталық суасты әскери қайығы деп атайды дейді. Моряк киімдері де әдемі, теңіз түстес форма, бас киіміннің арт жағында салбыраған екі көк лента көздің жауын алады. Және де бәрі бірдей сұңғақ бойлы болып келеді…

Солдаттық  өмірдің бір қызығы әрқашан таза жүресің. Өзіңді де, киімінді де таза ұстайсың. Егерде жағаң кір болса, етігің щёткамен кремделіп тазаланбаса, наряд аласың. Амал жоқ өзің үшін таза жүруің керек. Кейде мейрам күндері, туған күнің болып жатса, қаладағы кино-театрға, спектакль, концертке барамыз. Алдын ала  киімге ақ жаға тігіп,  етіктің қонышын жапыра гормошкалап, сәндеп жатқанынның  өзі  бір бақыт болатын. Әсіресе,  сапта келе жатқанда, командир офицердің: «Ән шырқаңдар!» деген бұйрығы болғанда, бір қалыппен сол кездегі  сарбаз әнұранына   айналған орысша әнді:

«Не плачь девчонка,

Пройдет дожди,

Солдат вернётся,

Ты только жди!..» деп, хормен шырқай жөнелгенімізде, кәдімгідей  ауылдағы  өзімізді күтіп жүрген қыздар көз алдымызға елестеп, сезімге беріліп,  шын жүректерімізбен тебірене шырқай  жөнелетінбіз…

Міне, осылай  әскери өмір жалғаса келе, қыстың 6 айы да қалай өткенің білмей қалдық. Мамыр айында күннің көзін көріп, шуағына тұрып, балаша қуандық. Ал түнде жатарда терезені қанша қараңғыласа да, жарық түсіп, көпке дейін ұйқы келмеген  жағдай болды. Артынан бұған да үйрендік.

Сөйтіп жыл да өтті. Енді бұрыңғыдай  «жас сарбаз» емес, «қарт сарбаз» бола бастадық. Жаңадан келген жас солдаттарға жөн сілтеп, ағалық  ақылымызды  айтатын деңгейге жеттік. Жас қазақ балдарына басыңды тік ұста, бұнда  жасық болып, босаңсуға болмайды. Қайта өзіңді жігерлендір, өзіңді басқа ұлттан биік көр деп ақылымызды айтып тұрамыз. Менің бір байқағаным – қандайда болмасын, суық аяз, ыссы аптап күндері болсын, шыдай білетін төзімді жігіттер – ол тек қана қазақ жігіттері екен. Сапта келе жатып қатты аязды күндері құлағына қол тигізбейтіндер – ол қазақтар ғана. Ал басқа ұлт өкілдері, тіпті орыстардың өзі суыққа, аязға шыдамай, екі қолымен алма-кезек құлақ тұсын басып  жүретін. Қазақ  сарбаздары болса, қанша суық болса да, сыр білдірмей, командир қашан:  «Бас киімнің құлағы түсірілсін!» дегенше,  құлақшынды бар болғаны бір шекесіне қисайтып, киіп алып жүре беретін.

Қысқасы, әскери өмірдің қызығымен жүріп, екі жылдың қалай өткенін де байқамай қалыппыз.  Қызмет аяқталар күн жақындап қалды деп ауылға қайтар күнді асыға күттік.  Әскери киімізді қолға алып дайындай бастадық. Неше түрлі  төсбелгілер жинап, әйтеуір ауылға жарқырай баруымыз керек. Қыздардың көзіне түсу – бірінші орында. Фотоальбомға түскен суреттерімізді жинақтап, қамдана бастадық. Бір-біріміздің дайындығымызға қызыға қарап, ауылға, ата-анаға,  туған елге деген сағыныштан ұйқыны да ұмыттық. Командирдің: «Боссыңдар!» деген әскери бұйрығын күтудеміз. Бір күні  ол күнге де жеттік-ау. Қуанышта шек жоқ.   Бір-бірімізге әуелі біздің ауылға барамыз дейміз. Екіншіміз өз ауылымызға қарай тартамыз. Сонымен Севрорморск қаласынан шығып, Москваның Ленинград вокзалынан бір-ақ шықтық. Москвадан  Ақтөбе қаласына жол тарттық. Бұл қыс айының бас жағы, желтоқсан айының орта шені еді. Біз Ақтөбеге түскенде күн   нұрын шашып тұрды. Шіркін-ай, туған жердің, өз еліңнің ауа райына, келбетіне ештеңе жетпейтінін мен сонда ғана бірінші рет  түсіндім. Вагоннан улап-шулай түскен  сарбаздарды күтіп, қарсы алып жатқандар да жетерлік. Қолдарына гүл ұстаған бойжеткен қыздар да бар. Біз мінген  поезда, біз сияқты Отан алдындағы борышын өтеп келе жатқан әр қаладан  сарбаздар да бар болатын. Ақтөбе вокзалының алды ығы-жығы думандатқан базарға айналды да кетті. Менің қасымда, менімен бірге  қызмет еткен ауыл жігіттері болмаса да, Қандағаш қаласынан Тілеужан Қожағұлов, Темірден Жаңбырбай Бисенғалиев, Сережадин Қалиев деген азаматтар болды. Бірақ ауылға бірге шықпадық, біріміз кейін, біріміз бұрын кеттік. «Ақтөбе-Шұбарқұдық» поезына Ойылдың Әлиев Қыдырбай деген жігіті екеуміз мініп кеттік. Менен бұрын  әскерден келген ауыл жігіттері мені Шұбарқұдықтан күтіп алып, сол күні-ақ кешке үйде болдым. Қасымдағы әскерде бірге болған балдардың біздің жаққа барайық, сосын сенің аулыңа барамыз дегеніне көне алмадым. Себебі үйде әке-шешем жалғыз ұлын сағына күтіп отырған. Және ауылымды, жақындарымды қатты сағындым. Мен үйге келгенімде, ауылдың бар адамдары дерлік біздің үйде  екен. Ауыл жастары, қыз-жігіттер сағынғаннан  бірі қалмай құшақтап  амандасып жатыр. Құдды бір жауды жеңіп келген батыр  сияқтымын. Ертесіне ауылдас аға-жеңгелерім үйді-үйлеріне шақырып, қонақ ете бастады. Мен үшін күнде думан, күнде той болып жатты. Әсіресе, маған өте әсер еткені –  ауыл балдарының біреуі бас киімімді киіп, бірі солдат белбеуіме жармасып, омырауымдағы жылтыраған төсбелгілеріме  қызығып жатқаны, бірі мойынымнан құшақтап,  еркелегені болды,  көзіме жас үйірді. Әскери тәртіп, адамды өмірге, елге деген патриоттық сезімге, еңбек етуге деген құлшынысқа бейімдейді екен.

Және сонау алыста елден шет жерде бірге болған, қиындық  пен қызықтарды бірге бөліскен, өзге облыс пен аудандардағы  жігіттермен де сағынысып, хабарласып тұрғанның өзі бір төбе қуаныш екен. Кейде олардың ауылдарына барып, қонақта болғанымда немесе  кездейсоқ ұшырасып қалсақ,   ауылдастарына мынау менімен бірге әскерде болған  жігіт деп, таныстырып жатады.  Әскерге барсаң, сыйласар достарың да көп болады екен. Отан алдындағы борышын өтеген әрбір азамат еліне де, өзгеге де сыйлы болмақ. Сені қай жерде де, қай елде де құрметтейді. Қазақта: «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген нақыл сөз бар. Оның мағынасы: «Отаныңды қорғасаң, сені де анаңдай аялайтын, сені мақтан  етіп,  төбесіне көтеретін елің, халқың, Отаның бар» деген сөз. Сондықтан мен, бүгінігі жастарға: «Отан алдындағы әскери борышыңды өте, ол сенің азаматтық міндетің! Бір жағынан солдаттық өмір мен әскери тәртіп – сені  шындайды, әдепті де әдемі азамат қылып шығарады!» деймін.

                                                                                                                Нұрсұлтан ІЛИЯСҰЛЫ.