«Ораза қабыл болсын, ұстаған жан!»

0
79

          Темір аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ғимаратында орналасқан «Коворкинг» орталығында «Ораза қабыл болсын, ұстанған жан!» атты танымдық кеш болып өтті. Оған  аудандық мұражай қызметкерлері, № 1-ші, № 3-ші және № 4-ші орта мектептердің кітапханашылары Ш. Жұмабаева, Ғ. Кенжебекова, Х. Нұрмахановалар жетекшілік етіп келген VІІІ-ші, ІХ-шы, Х-шы сынып оқушылары, жергілікті БАҚ өкілдері т. б. қатысты.

Танымдық кеште Досжан ишан мешітінің наиб имамы Тәллдибай Қадыров пен еңбек ардагері Нұрсұлтан Ілияс, жиналғандарға ораза ұстаудың мәні мен мазмұны туралы кең түрде баяндап берді. Сондай-ақ жиында Досжан ишан мемориальдық кешенінің меңгерушісі Ерлан Көшенов, даңқты жерлесіміз, діни ұстаз-ағартушы, ірі ойшыл, өз дәуіріндегі қоғамдық және елдік мүдделерге етене араласқан қайраткер Хазірет Досжан ишан Қашақұлының өмір жолы туралы, мұражайдан арнайы әкелінген деректі жәдігерлерді пайдалана отырып, тартымды түрде әңгімелеп берді.

Танымдық кеш барысында, әсіресе оқушылар тарапынан Ораза, Қадыр Түні, Зекет туралы және Досжан ишанның тегі, айналысқан қызметтері жөнінде сұрақтар қойылып, қанағаттандырарлық жауаптар алынды.

Кеш соңында аудандық мұражайдың директоры Гүлзира Теңізбайқызы мен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Маржан Сағымқызы, танымдық кешке қатысып, өнегелі әңгіме өрбіткен Т. Қадыров, Н. Илиясқа, Е.Көшеновке ризашылығын білдіріп, сыйлықтар тапсырды және  Н.Илияс ақсақал Ораза айы мен қасиетті жұма күніне орайластырып, жиналғандарға ақ батасын берді.

                                                                                                                                   Әбді СӘЛИ.