«Ауыл аманаты» жобасы
Аудан әкімі С. Аманбаевтың төрағалығымен «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру барысы талқыланды. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Б. Шаимов, аудан әкімінің орынбасарлары Ж. Қойшыбаев, Н. Көшекбаева, аппарат басшысы А. Сисенов, жобаны жүзеге асыруға атсалысқан бөлім басшылары және 10 ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиын барысында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Е. Жолдығарин, аудан әкімін «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырудың жай-күйінен хабардар етті. Жалпы, аудан бойынша барлық ауылдық округтерде жеке кәсібін ашуға 2,5 пайыздық мақсатты несие алуға жобалар дайындалуда. Дегенмен, аудан тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары әлі де жеткілікті деңгейде жүргізілмей отыр. Бұл ауылдық округтер жағдайында тұрғындардың алған несиелерінің санымен расталады. Ауданда құс шаруашылығын дамытуға 14, бау-бақшаға 11, тігін цехын ашуға 6, жылыжай салуға 3, наубайханаға 2 және т. б. жобалар жүзеге асырылуда.
Аудан әкімі аталған көрсеткіш жеткіліксіз екенін, елді мекендердегі әрбір ауланы қосымша аралап, ауыл тұрғындарын жобаға барынша тартуды, несие алу үшін құжаттарын рәсімдеуде қатысушыларға мейлінше қолдау көрсетіп, көңіл бөлуді тапсырды және ауылдық округ әкімдеріне бұл мәселедегі жеке жауапкершіліктерін ескертіп, тәртіптік шаралар да қолданылатынын жеткізді.
Сондай-ақ С. Аманбаев, орынбасары Н. Көшекбаеваға және аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Е.Жолдығаринге «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алған ауыл тұрғындарын бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жарнамалауды, олардың бейнесін әр ауылдық округтің баннерлеріне жариялауды тапсырды. Аудан басшысы, аталған тапсырмалардың орындалуын бақылауды орынбасары Ж. Қойшыбаевқа жүктеді.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.