Алтықарасу ауылдық округіндегі кездесулер

0
71

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ж. Қойшыбаев, бекітілген кестеге сәйкес, Алтықарасу ауылдық округінің тұрғындары алдында есеп беру кездесуін өткізді. Алтықарасу, Сартоғай, Еңбекші елді мекендеріне барған  Ж. Қойшыбаев, ауыл тұрғындарына атқарылатын жұмыстар туралы баяндады және ауылдағы бірқатар түйінді мәселелерді талқылады.

          Алтықарасу ауылында ұйымдастырылған кездесуде тұрғындар тарапынан, әсіресе көше жарығы, ауылды абаттандыру, ойын алаңын салу және «Ауыл аманаты» жобасы туралы сұрақтар қойылды.  Сондықтан Ж. Қойшыбаев, аталған округ бойынша «Ауыл аманаты» жобасы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда 3 жоба мақұлданғанына және 4 жоба бағалауға берілгеніне, 1 жобаның бизнес жоспары жасақталып жатқанына, ауылда балалар ойын алаңын салуға мердігер анықталғанына, алдағы уақытта құрылыс жұмыстары бастау алатынына тоқталды және бұған қоса, алдағы уақытта амбулаториялық пункт  құрылып, мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілетінін хабардар етті.

Сондай-ақ Ж. Қойшыбаев, кездесу барысында округтегі санитарлық-тазалық шаралары күн тәртібінен түспеу керектігін баса айтты және ауыл тұрғындарын толғандырған негізгі мәселелер бойынша жауапты бөлім және мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Ал Сартоғай ауылындағы тұрғындармен кездесу кезінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Ж. Қойшыбаев, өңірдің жетістіктері мен алдағы жоспарларын  тілге тиек ете келе, тазалық мәселесін сөз етті және ауылдың кіреберісіне, «Жасыл белдеу» бағдарламасының аясында,  20 гектар жерге 46 мың дана қарағаш отырғызылатынын айтты.

Есептік кездесуде сартоғайлықтар ауылға ортақ өзекті мәселелерді ортаға салды.  Мәселен, ауылдан   малға егу алаңын (раскол) ашуды және т. б. бірқатар түйіткүлді мәселелерді шешуді сұрады.  Ж. Қойшыбаев, көтерілген мәселелерді өз бақылауында ұстайтындығын, олардың шешілуін үнемі қадағалап отыратындығын жеткізді және округ әкімі М. Алишовке тұрғындар арасында «Ауыл аманаты» жобасы туралы ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

      Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ж. Қойшыбаевтың Еңбекші ауылында өткен кездесуінде ауданның даму көрсеткіші баяндалып, елді мекендерді аралау кезінде көтерілген мәселелердің шешілуі бойынша есеп берілді. Есептік кездесуде округ әкімі М. Алишов, Еңбекші ауылын газбен және ауыз су желісімен қамту жұмыстары ағымдағы жылдың аяғына дейін аяқталатынын жеткізді. Ж. Қойшыбаев, М. Алишовке аталған жұмыстардың сапалы және тиімді орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Еңбекші тұрғындары тарапынан балалар ойын алаңын салу, ауылды көркейтіп, көгалдандыру және тазалық мәселесі сөз болды. Тұрғындардың өзге де сауалдарына тұщымды жауап берген Ж. Қойшыбаев, айтылған жобалардың барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын мәлім етті және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына тоқталып, қазір ауылды дамытуға басымдық беріліп жатқанын айта келе, округ әкімі М. Алишовке тұрғындарды кәсіп ашуға мейлінше көбірек тартып, бұл бағыттағы жұмыстарды барынша жандандыруды тапсырды.

ТЕМІР ГАЗЕТІ.