Әкім Тасқопаға барды

0
52

Аудан әкімі Саламат Ермұханұлы Аманбаев,  аудандық мәслихат төрағасы Болат Сейтенұлы Шаимовпен бірге, Тасқопа ауылдық округінде болып,  тасқопалықтармен кездесті және береке мен бірлікті арттыратын ұлық мереке – Айт мейрамы мен ауылдағы көшет отырғызу шарасына қатысып,   құрылыс жұмыстарын да тексерді.

Тұрғындармен кездесу барысында аудан әкімі С.Аманбаев, жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға жан-жақты тоқталса, округ әкімі М. Қожақова өткен есеп беру жиынында айтылған ұсыныс-пікірлер негізінде жасақталған іс-шаралар жоспары мен тапсырмалардың  бүгіндегі орындалу жағдайын баяндады.

Жиында кәсіп ашуға ынтасы бар тұрғындар аудан әкіміне «Ауыл аманаты» жобасы туралы сұрақтарын қойды және өздерінің бизнес идеяларымен бөлісіп, жобаны жетілдіру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, бірқатар тұрғындар тарапынан ауылды кең жолақты интернет желісімен қамту мен абаттандыру мәселесі де көтерілді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі,  тасқопалықтардың талап-тілектері ескерілетінін, ұсыныстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айта келе, қазіргі таңда округ бойынша «Ауыл аманаты» бағытында үш жоба тапсырылып, екі жоба мақұлданғанын жеткізді және округ әкімі М. Қожақоваға өзекті бизнес-жобалардың тізбесі мен несие алу тетіктерін пысықтауды,  сонымен бірге жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмысын жандандыруды тапсырды. Жиын соңында аудан әкімі жеке қабылдау өткізді.

        Аудан әкімі С. Аманбаев, Тасқопа ауылдық округіне жасаған осы сапарында, аудандық мәслихат төрағасы Б.Шаимовпен бірге, ауылдың 1992 жылғы мектеп түлектерінің өз қаражаттарына ұйымдастырған Ораза Айт мейрамына қатысты және тұғындарды мерекемен құттықтап, игілікті шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша жандарға алғысын  айтты. Мерекеде ардагерлер мен ауыл ақсақалдары айтулы шараның тәрбиелік мәніне тоқталып, жастарға  ризашылығын білдірді. Мерекелік шара соңы спорттық жарыстарға ұласып, жеңімпаздар естелік сыйлықтармен марапатталды.

Осы күні Саламат Аманбаев, облыс әкімдігінің тапсырмасына байланысты, санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстарының екі айлығы аясында, Тасқопа ауылдық округі әкімі М.Қожақованың бастамасымен өтіп жатқан ауылдың саябағына түрлі сорттағы жас көшеттер отырғызу шарасына да қатысты.  Мұнда М. Қожақова, аудан әкіміне шараға ересек тұрғындардан бастап, балаларға шейін ерікті түрде қатысып жатқанын, жерлестерін көшеттермен қамтамасыз еткен 1992 жылғы түлектер екендігін және бұл бастама түлектер арасында әрбір жылғы көктемде дәстүр ретінде  жалғасын табатынын айтты.  Шарада аудан әкімі  өзінің атаулы ағашын отырғызып, мұндай бастаманы қолдайтынын, биыл аудан бойынша екі мың түп ағаш отырғызу жоспарланғанын жеткізді.

Тасқопа ауылдық округіне сапарының соңында, аудан әкімі С. Аманбаев, былтыр тендерді жеңіп алған «Мерей и К» ЖШС-нің, ұзындығы 33 шақырымды құрайтын асфальт төсеу бойынша жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.  Мердігер мекеменің өкілдерімен кездесуде аудан басшысы, жөндеу жұмыстарын тез арада бастауды, жолды уақытылы және сапалы пайдалануға беруді ұсынды және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Балмағамбетовке,   жұмыс барысын апта сайын қадағалап, атқарылған жұмыстар бойынша фотоесеп беруді тапсырды. Аталған тапсырмалардың орындалуын бақылау – аудан әкімінің орынбасары Ж. Қойшыбаевқа жүктелді.

                                                                                                                              ТЕМІР ГАЗЕТІ.