24 сағат қызмет етеміз
Ауданымыздың аумағында, бірталай жылдардан бері жергілікті халықтың алғысына бөленіп жүрген мекемелер аз емес. Солардың бірі – Шұбарши ауылында орналасқан Ақтөбе «ТехноГаз» газ тасмылдау және газбен жабдықтау ЖШС-ның Кеңқияқ Басқармасына қарасты Саркөл бөлімшесінде еңбек ететін ұжым болып табылады. Жуықта біз аталған Басқарманың Бас инженері Ержан Бегенұлы Жаббаровпен кездесіп, бірнеше сұрақ қойған едік. Төменде сол сұқбатты жариялап отырмыз.
– Ержан Бегенұлы, «ТехноГаз» газбен жабдықтау компаниясының саркөлдіктерге қызмет етіп келе жатқанына неше жыл болды? Бүгінде компанияның бұл өңірде қанша тұтынушысы бар?
– Мен өзім 2010 жылдың 1 наурызынан Саркөл бөлімшесінде алдымен шебер, кейін аға шебер болып еңбек етіп келемін. Биыл, яғни 2023 жылдың қаңтарында, Кеңқияқтағы Басқармаға Бас инженер болып тағайындалдым. Сондықтан мен, Саркөл аумағына біздің компанияның келген уақытын, тіпті дәл датасына және осындағы газ саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың бүге-шігесіне шейін білемін десем, артық айтқандығым емес. Компаниямыз жергілікті халыққа газ тасымалдау мен газбен жабдықтау бағытында 2003 жылдың 7 шілдесінен бастап қызмет етіп келеді. Демек бұл, биыл жазда Ақтөбе «ТехноГаз» газ тасымалдау және газбен жабдықтау ЖШС-ның Саркөл өңіріне келгеніне 20 жыл толады деген сөз. Бүгінде компанияның Саркөлде 249, Шұбаршиде 818, Құмсайда 78, Қопада 49, барлығы 1194 тұтынушысы бар.
– Халыққа қызмет етуде мамандар мен техника жеткілікті ме?
– Бізде елді мекендерге құбырмен жоғары қысымда келген газды тұтынушыларға қайымдап, төмен түсіріп, халыққа тарататын Қопада, Құмсайда, Саркөлде бір-бірден, Шұбаршиде 2, барлығы 5 қондырғымыз бар. Жалпы Сакөл аумағы бойынша 4 диспечер, 3 маман, 1 дәнекерлеуші, газ қондырғысында ақау шыққанда жөндеу жұмыстарымен шұғылданатын арнайы 10 маман қызмет етеді. Бұдан тысқары, әсіресе қыс айларында Шұбаршиден ол жаққа мамандарды әуре етпеу үшін, Құмсай мен Қопа ауылында, тұрғындардан түскен тапсырыс бойынша қызмет ететін бір-бір маман ұстаймыз. Автокөлігіміз де бар. Бұл техника мен мамандар саны тұрғындарға кезекпен 24 сағат бойы қызмет етуге жетіп тұр.
– Ұжымдағы қызметкерлер бұдан басқа қандай жұмыстар атқарады?
– Жұмыстар жетеді. Жылдың қолайлы жылы да құрғақ кезінде құбырларды сырлау, жаңадан салынған ғимараттар мен үйлерді газ желісіне қосу, жарамсызданған немесе диаметрі газ қысымына сәйкес келмейтін құбырларды ауыстыру, халыққа 12 ай бойы үйішілік техникалық ақылы қызмет көрсету, атап айтқанда қондырғыларды тексеру, тазалау, қысқа дайындық т. б. жұмыстар көп. Мұнда біз көбіне ауылдық округтің әкімі Мәди Шүйіншіәлинмен тығыз байланыста жұмыс атқарамыз. Мәселен, өткен күзде мешітке және ауласына су кетіп, баспанасы құлап қалған Гаухар Примакованың жаңадан салынған үйіне компанияның демеушілігімен газ желісін қосып бердік. Биыл да мүмкіндегі шектеулі Нұрлан Файзулиннің жаңадан құрылған үйінің ауласына, компанияның есебінен, газ кіргізіледі. Биылғы мұндағы ең басты жоспардың бірі – 2023-2024 жылғы қыс маусымына дайындық жұмыстары болмақ. Мәселен, Саркөл ауылындағы С.Бауышев көшесінде қысым жетпейтін 180 метрлік газ желісі бар. Біз сондағы диаметрі 25 миллиметрлік құбырды, үстіміздегі жылдың мамыр-маусым айларында, өз компаниямыздың есебінен 57 миллиметрлік құбырға ауыстыруды жоспарлап қойғанбыз. Сонымен бірге, ауыл ішінде көп жылдардан бері сырлау жұмыстары жүргізілмеген, диаметрі әртүрлі мөлшердегі, ұзындынғы 2 мың метр, төменгі қысымдағы газ құбырылары бар. Соларды да биыл маусым айынан қыркүйекке дейін сары түске бояу жоспарланған. Қазір тұрғындарға баспана салу үшін ауылдағы жаңа мектептің арғы жағынан жер бөлініп жатыр. Ол жаққа газ жүйесі тартылмаған. Оларға да газ тартуымыз керек. Бұл туралы аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне ескертілді. Осындай игі істеріміз үшін, біз халыққа қызмет етуде сенімді компания болып танылып, алдағы 5 жылға осы өңірдегі газ желісін басқару кепілдігін алдық. Бұл мерзім болашақта әрі қарай тағы ұзартылады деп ойлаймын.
– Дегенмен, халыққа мүлтіксіз қызмет етуде сіздерге кедергі келтіретін проблемалар да бар шығар…
– Иә, ондай мәселе бар. Мысалы, Құмсай мен Қопа ауылдарың арасындағы 11 шақырымдық орта қысымдағы газ өткізетін құбырдың жағдайы өте нашар, әбден тозығы жетіп, шіри бастаған. Әрбір ай сайын тесілген 4-5 жері жамалады. Біз осы аумақта апаттық жағдайды болдырмауға әрекет етіп келеміз. Бұдан аудан басшыларының да хабары бар. Аудан басшылары: «Құбырды ауыстыруға арналған смета дайын, эксперизаның қорытындысы шықса, ауыстырып береміз» деп отыр. Бұл проблема биыл жойылады деп сенеміз. Сондай-ақ, жергілікті халықтың газге төлейтін берешегі көп екенін де айта кеткеніміз жөн. Біз көпбалалы, аз қамтылған жанұялардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың, жұмыссыз кісілердің т. б. қарызын компанияның есебінен жауып жүрміз. Мысалы, осындай отбасыларға биылғы Рамазан айында да қайырымдылық жасадық. Бірақ сонда да газге төлейтін қарызы бар отбасылдар азаймай отыр. Алайда біз халық, әсіресе қыстың күні тоңып, қиналып қалмасын деп, газ беруді тоқтатпай, қызметімізді жалғастырып жатырмыз. Осы жағын берешегі бар тұрғындар дұрыс түсініп, газге ақшасын уақытында төлеп отырса екен деген тілек айтқым келеді.
– Ұжымда халыққа қызмет етуде өздерінің ерен еңбектерімен көзге түсіп, елдің алғысын алып жүрген мамандар бар ма?
– Біздің мекемеміздегі жұмысшылар өте ұйымшыл, бірлігі мығым, бәрі ұжымымыздың ортақ абыройы үшін еңбек етуге тырысады. Біздің қызметімізге халық риза деп ойлаймын. Көп жылдардан бері еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған, газ қондырғыларын оңдайтын мамандардан Медет Уақитовты, Нұрболат Давыдовты, Садық Үмбеталинді т. б. ерекше атап өтсем болады.
– Сұқбат соңында өзіңіз және отбасыңыз туралы айта кетсеңіз…
– Мен өзім 1967 жылы туылғанмын. 1981 жылы Қаратау қаласындағы тау-кен техникумын бітірдім. Өмір жолдасым Айгүл Талғатқызы Хабибуллина осындағы «Еркем-ай» балабақшасында жұмыс жасайды. Зайыбым екеуміз 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірдік. Бір қызым тұрмыста, екінші қызым – мектепте 11-сынып оқушысы. Ұлым Елнұр – Кеңқияқ Мұнай Газ Өңдеу Басқармасының № 1-ші мұнай өңдеу цехында геолог болып еңбек етеді. Ұлым мен келінім Жібек Құрманғазина, бәріміз бір шаңырақтың астында тұрамыз. Сүп-сүйкімді, тілдері тәтті Әлихан, Мағжан, Нүрия есімді үш немерем бар. Өзім 2012 жылы ауданымыздың «Жыл адамы» атандым.
– Сұқбатыңыз үшін көп рахмет! Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік, отбасыңызға мол бақыт тілеймін!
Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЕВ.