Резида Рифхатқызы

0
94

Жуықта іс сапармен  Саркөл ауылдық округін аралап жүргенімізде, округ басшылары бізге: «Шұбарши ауылының орталығындағы «Қазпошта» АҚ-сы бөлімшесінің меңгерушісі Резида Рифхатқызы Камаладинова, өзі ісіне өте ұқыпты жан. Осы   қызымызды, жастарға үлгі ретінде, газетке жазсаңыздар екен» деп кеңес берген болатын. Осыған байланысты, біз аталған шағын мекемеге бас сұққанбыз. Алғашқыда  бұл кісіні өзге ұлт өкілі деп ойламадық. Түр әлпеті сүп-сүйкімді де әп-әдемі болып келетін көп қазақ қыздарынан ешқандай айырмашылығы аңғарылмайтын, ақжарқын мінезді Резида Рифхатқызының тілі де сондай шырын екен – қазақшаға еш мүдірмей, судай сайрап тұр.

Онымен сөйлесе келе, өзінің татар қызы екенін білгенімізде ғана оған деген қызығушылығымыз одан  әрі арта  түсті.  Жұмыс орнында халыққа қызмет етіп отырған Резида Рифхатқызынның ісіне мүмкіндігінше кедергі келтірмеуге тырысқан біз,  одан суырпақтап отырып,  алған мәліметтеріміз төмендегіше болды.

– Осы Шұбарши ауылында  1983 жылы  дүниеге келіп, кішкентайымнан қазақ балаларының арасында өстім. Сондықтан тілім қазақша шықты, қазақ салт-дәстүрінің бәрін көзіммен көріп өскендіктен де, өте жақсы білемін.  Мен Шұбарши ауылын   жердің жаннатына да алмастыра алмаймын. Туған ауылымды жанымдай жақсы көремін. Мұнда  жастайымнан бірге өскен, туған-туыстарымдай болып кеткен достарым көп. Үлкен кісілердің барлығы өзімнің туған ата-анамдай өте мейірімді. Олар маған ыстық, бәрі менің ата-анамды жақсы таниды.  Атқарып жүрген жұмысым да өзіме қатты ұнайды. Біз шағын ғана ұжымбыз. Қарамағымда 1 хат тасушы, 1 оператор бар. Бір-бірімізге көмек қолымызды жиі созып тұрамыз. Тұтынушыларымыздың,  жасына қарамай, барлығының көңілінен шығатындай қызмет етіп, әрбір кісіге ерекше көңіл бөліп,  міндетімізді тиянақты орындап, риза етуге тырысамыз. Үлкендер де, жастар да қызметімізге рахмет айтып,  ризашылығын білдіріп жатады. Тіпті, кейбір тұтынушылар маған: «Осы жерде зейнетке шыққанша істеңізші…» деп жатады. Мен, бұл олардың шын көңілден айтқан тілектері деп түсінемін, – деді Р. Камаладинова бізбен сұқбатында.

Ақтөбе Халықаралық Қазақстан-Ресей Университетінің түлегі Резиданың  «Қазпошта» саласында еңбек ете бастағанына биыл  10 жылға аяқ басыпты. Ұлы Салауат – Ақтөбе Политехникалық Колледжінің І-курс студеті екен. Анасы Гүлназ апай, мұнай өндіру саласында көп жыл лобарант болып еңбек етіп, бүгінде  құрметті зейнетке шыққан.

Біз, «Қазпошта» қызметін пайдалану үшін кезегі келген тұтынушы, шұбаршилік жеке кәсіпкер Гүлшара Көнекбаеваны да сөзге тартқан едік. «Мен, кәсібіме байланысты «Қазпоштаның» қызметін жиі пайдаланамын, – деді ол. – Мінсіз қызмет етеді. Міне, бүгін де темір жол билеті керек болып, осында келгенмін. Мені Резида Рифхатқызынның өзі қабылдап, билетті айтқан бағытыма,  күні, сағатына дейін дәл де жылдам тауып беріп, жақсылап түсіндірді. Шын көңілден риза болдым. Ауылымызда осындай өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын, білікті де мейірімді жан болғанына өте қуаныштымын».

Иә, елімізде 100-ден астам ұлт өмір сүрсе, біздің ауданымызда да осы Резида сияқты қазақтың арасына тастай батып, судай сіңген   диаспоралар аз емес. Олардың қазақпен достық ара қатынасының тым тереңдеп, қойын-қолтық араласып кеткені сонша,  өзге ұлт екенін де  байқамайсың.  Оның үстіне олар да өздерін  басқа диаспорамын деп есептемей, қазақтың бір ұл-қызымын деп санайды. Бұл – біздің ата-бабаларымыздың сонау сандаған ғасырлар қойнауынан бері толериантты болғанының  дәлелі және   қасиетті де киелі сол дәстүрдің заңды сабақтастығының көрінісі деп ойлаймын.    Бұл   игі дәстүр –  өзара жақсы түсінісіп,  ортақ мақсатпен бір бағытқа бет алып, ынтымақты халқы бар Қазақстаның болашағы зор екенінің айғағы болып табылады.

                                                                                                    ӘБДІ СӘЛИ.