Жаныңда жүр жақсы адам

0
81

Бүгінде Кенқияқ Мұнай Газ Басқармасындағы кәсіподақ комитетінің есепшісі Айжаңыл Зәріпқызы Ділмұхамедованы Кенқияқ өңірінде  танымайтын жан кемде-кем шығар. Туа бітті аса сабырлы мінезді бұл кісі, аталған қызметті 10 жылдан бері атқарып келеді. 

1963 жылы Шұбарқұдықта туылып, 1981 жылы № 554-ші орта мектепті бітірген А. Ділмұхамедова, Алматыдағы есепті- несиелік техникумында оқыған. Сол жылдардағы Шұбарқұдық кентіндегі   «Сақтық банкте» еңбек еткен ол, 1992 жылы Кеңқияққа тұрмысқа шығуына байланысты, осындағы банк филиалына ауысып келген. Кейін жергілікті әкімшілікте әлеуметтік қызметкер міндетін біраз жыл атқарып, соңында Кенқияқ Мұнай Газ Басқармасындағы кәсіподақ комитетіне есепшісі болып орналасыпты. Қысқасы Айжаңыл Зәріпқызы, орта мектепті бітіргеннен бері, есеп-хисап айналасында көп жылдар бойы еңбек етіп келеді. Осы  бағытта мол тәжірибе жинақтауының арқасында, бұл кісі бүгінде өз мамандығының білгірі саналады.

– Мен, Айжаңыл Зәріпқызымен 8 жылдан бері бір ұйымда бірге жұмыс жасап келемін, – дейді Кенқияқ Мұнай Газ Басқармасындағы кәсіподақ комитетінің төрағасы Батырбек Канбаев – Бұл кісі өзінің мамандығын жақсы меңгергендігімен қатар, мінезінің салмақтылығымен де ерекшеленеді. Біз жұмысшылары мен қызметкерлері көп ірі кәсіпорында еңбек етеміз. Мұнда көпшілік болған соң, алуан түрлі мінезді кісілер де  ұшырасады. Кейде даулы мәселелер туындағанда, А. Ділмұхамедова өзінің сабырлық сақтап, мәселені асықпай-саспай талқылап, мұқият талдап,  терең зерттеп,  әбден зерделеп, ең соңында оң шешімін тауып береді. Мұндай қасиет – жұмысшылармен тығыз байланыста жұмыс алып баратын  кәсіподақ ұйымы қызметкеріне аса қажет деп ойлаймын.

Біз Айжаңыл Зәріпқызы Ділмұхамедовамен әңгіме барысында,  өмір жолдасының құрылысшы екенін, екеуі 2  бала тәрбиелеп өсіргенін, үлкен ұлының үйленгенін, өнегелі отбасының   салихалы анасы екенін білдік.

Өмірі «мен» деп, көкірек қақпай, ақырын жүріп, анық басып-ақ, көп жетістіктерді меңгеріп келе жатқан  А. Ділмұхамедова, өз ұжымы мен ауыл-аймақ арасында осындай жақсы жақтарымен де сыйлы. Біз ол кісіге алдағы уақытта атқаратын жұмыстарына мол табыстар, отбасына ырыс-береке, қуаныш пен бақыт тілейміз.

                                                                               Әбдісәли әл-ТАМДЫ.