Тал егілуде

0
65

           Өңірімізде қыс айларының боранды күндері темір жолды қар үріп тастап, қатынасты қиындататыны белгілі. Осындай  қолайсыздықтың алдын алу үшін  Шұбарқұдық екпе ағаштар  телімі, жылда темір жол бойына  тал егеді. Аталған мекеме биыл да,  90-шы көпірден кейін, Шұбарқұдық бекеті мен 102-ші разьездің арасына, ағаш отырғызу жұмыстарын бастады. 

       Құрамында С. Жамалов, Н. Жанғали, С. Кулситов, Ж.Коныспаев сияқты тәжірибелі көгалдандырушылар бар бригада,   бүгінге дейін ұзындығы 5 шақырым, ені 300 метр аумақты  сынған  ағаштар мен қоқыстардан тазартып, жаңадан қара тал егіп шықты. Бүгінде оларға  «УАЗ» автокөлігі пен  трактор бөлінген. Сондай-ақ қосымша техникалар жұмылдыру жоспарлануда.

       Алдағы уақытта 3,5 шақырымдай жерге  ағаш отырғызу мен аумақтағы сынған ағаштар мен қоқыстарды тазарту жұмыстары одан әрі жалғастыру үшін жергілікті тұрғындардан 15 адамды мерзімді жұмысқа қабылдау қарастырылуда.  Одан кейін отырғызылған ағаштарды күтіп-баптау жұмыстары басталады.  Ол кезде  жұмысшыларға,  тасымалдау жолымен ағаштарды суару үшін, цистерналы автокөлік те бөлінеді. Жалпы бұл жұмыстар – үстіміздегі жылдың 15 қазанына дейін жалғасады.

Шұбарқұдық аумағындағы темір жол бойына егілген ағаштарды қорғау,  олардың санын көбейту бойынша іс-шаралар жылда ұйымдастырылып келеді. Өкінішке орай, Ақтас пен КСХТ және Задепо аймақтарындағы тұрғындардың талды сындыру мен ағаштар арасына қоқыс тастауы белең алып отыр.  Қоршаған ортаны таза ұстап, талдардың өсуіне қолайлы жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндеттеріміздің бірі болуы керек.

Салиманов Ереван Ашықбайбайұлы