Патриоттық шаралар ұйымдастырылды
Отан қорғаушылар күні қарсаңында аудан орталығында бірқатар мерекелік шаралар болып өтті. Атап айтқанда, Кеңес дәуірінде қазақтар арасынан шыққан алғашқы генералдардың бірі генерал-лейтенант Ж. Кереевті еске алу шарасы және жастар арасында «Жігер» атты әскери-патриоттық сайыс, тіпті бүлдіршіндердің шағын концерті т. б. ұйымдастырылды. Аталған шаралардың бірқатарына аудан әкімі Саламат Ермұханұлы Аманбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Болат Сейтенұлы Шаимов, «Германиядағы Кеңес әскерінің тобымен Варшава келісім-шарты әскерінің тобы ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Аманғали Мұхияддинұлы Отаралин, аудан ардагерлері, қорғаныс істері бөлімінің басшысы, құқық қорғау органдарының өкілдері, Ауған соғысы мен «Чернобыль» апатының ардагерлері, аудан жастары және БАҚ өкілдері қатысты.
Генерал-лейтенант Ж. Кереевті еске алу үшін аудан орталғыныдағы даңқты жерлесімізге орнатылған ескерткіш жанында өткен салтанатты шарада, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, көрнекті әскери қайраткер-жерлесіміздің өмірбаяны оқылды. Бұдан соң С. Аманбаев, А. Отаралин, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б. Салимановтар, атақты генерал Жансен Кереевтің Отанға еткен еңбегін туған халқы ешқашан ұмытпайтынын, оның өнегелі де жарқын өміржолы кейінгі ұрпаққа үлгі болатынын, оған ескерткіш орнатылып, мектеп пен көшеге есімі берілгендігін және алдағы уақытта да насихаттау жалғасын табатынын, соның біріне бүгінгі өтіп жатқан осы шара куә екенін атап өтті.
Шараға қатысушылар, орталық алаңдағы батырдың мүсініне гүл шоқтарын қойып, жиналған көпшілік генерал-лейтенанттың рухына тағзым етіп, бір минуттық үнсіздікпен еске алды және жас сарбаздар салтанатты саппен жүріп өтті. Мерекелік еске алу шарасы Нұрпейіс Байғанин атындағы аудандық мәдениет үйінің жез таңдай әншісі Гүлсанат ……ның әсем де жігерлі дауыспен шырқаған патриоттық әнімен аяқталды.
Ал, осы күні Орталық саябақта ұйымдастырылып, Отан қорғаушылар күніне арналған «Жігер» атты әскери-патриоттық жастар арасындағы сайысты аудан әкімі Саламат Аманбаев кіріспе сөзбен ашып, қатысушыларды мерекемен құттықтады және Отанды қырағылықпен күзететін айбынды жастарға амандық-саулық пен сәттілік тіледі. Сондай-ақ шара барысында Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ж. Нұртазин, ұйымдастырылып жатқан шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Мұнда да Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, ортаға Қазақстан Республкасының Туы салтанатты түрде әкелінді.
Сайыста аудандық орта білім беру ұйымдарынан, атап айтқанда № 1-ші жалпы білім беретін мектеп-гимназиясы, № 3-ші және № 4-ші, Ж. Кереев атындағы, Қызылжар, Шұбарши, Саркөл, Шұбарқұдық, Кеңестуы жалпы орта білім беретін мектептері, барлығы 8 команда өзара бақ сынасты. Сайыс – әскери-саптық жүру, Калашников автоматының оқу макетін жартылай бөлшектеп-жинау, кермеге тартылу, кеудені көтеру, арқан тарту, 200 метрге жүгіру түрлері бойынша өтті. Шараға Ауған соғысының ардагерлері қазылық етті. Шара соңында үздік деп танылып, жеңіске жеткен қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан «Алғыс хатпен» және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Орталық саябақта жастар арасындағы «Жігер» әскери-патриоттық сайыс өтіп жатқанда, оған таяу маңдағы сахнада, тәрбиеші А. А. Аденова мен музыкалық жетекші Г. М. Қартбаева бастап келген «Балауса» бөбекжай-балабақшасының «Ақбота» және «Балапан» тобының бүлдіршіндері, өздерінің мерекеге арнап дайындап келген «Бейбіт күн жасасын әлемде» атты шағын бағдарламасын көрермендерге ұсынды. Көрермендерге, әсіресе олардың орындаған «Сарбаздар» атты биі ұнады. Бүлдіршіндердің өнерлерін тамашалауға келген Исмайылдың әжесі мен Әбудің мамасы: «Балаларымыз бұдан бұрын Ұлы Отан соғысында шейіт болған темірліктерге орнатылған ескерткішке де барып, гүл шоқтарын қойды» деді.
Қысқасы, бұл күні аудан орталығында кәріге де, жастарға да, тіпті балаларға да тамашалайтын дүние жетерлік болды. Бәрі де өздерінің жас ерекшеліктеріне сай патриоттық шараларды қызықтап, рухани демалуға зор мүмкіндік алды.
ӘБДІ СӘЛИ.