Жеңіс күні атап өтілді

0
81

            4 жылға созылған сұрапыл соғыста от кешіп, кеудесін оққа төсеген соғыс ардагерлерінің ерліктері ел есінде мәңгіге сақталып қала бермек. Соғыс зардабы ғасырдан ғасырға жетерлік ауыр қасірет болса, ата-бабамыздың майданда көрсеткен жанқиярлық пен отансүйгіштік қасиеттері бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік үлгі – аманат болып қалмақ.
   9 мамыр – Жеңіс күні аудан әкімі С. Аманбаев, аудан орталығындағы Мәңгілік алау мемориалына гүл шоқтарын қойды. Шараға аудандық мәслихат  төрағасы Б.Шаимов, аудан әкімінің орынбасарлары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, аудандық мекеме және бөлім басшылары қатысты. Шараға жиналғандар сұрапыл соғыс жылдарында ерлік көрсетіп, бүгінгі ұрпаққа бақытты өмір сыйлаған майдангерлерге тағзым етіп, бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Жеңіс күніне арналған мерекелік шараның соңы, аудан орталығындағы саябақта,  аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, аты аңызға айналған, халқымыздың жүрек жұтқан батыр қызы Әлия Молдағұлованың ерлігі жайлы театрлық қойылымға ұласты. Өте әсерлі сахналастырылған қойылымнан  кейін, ауданымыздың жезтаңдай әншілері,  мерекеге жиналған темірліктерге, жүректі тебірентерлік әсем әндерден шашу шашты.

Осы күні аудан әкімі С. Аманбаев пен мәслихат төрағасы Б. Шаимов, Кеңестуы ауылдық округіндегі  тыл ардагерлері Байдышев Сағидолла Абдрахманұлының, Тұранов Қошамбет Тұранұлының және ауыл ақсақалы Утеуов Каким Артықбайұлының  шаңырағына арнайы барып, Жеңіс күнімен құттықтады және мерекелік сый-сияпат табыстады. Өз сөзінде ардагерлерге зор денсаулық тілеген аудан басшысы, бұл құрмет бір күнмен шектелмейтінін, ардагерлердің ерлігі мен есімі әрдайым дәріптелетінін  жеткізді. Тыл ардагерлері,
айтулы күнде құрмет көрсетіп, ілтипат танытқан аудан әкіміне   алғысын білдірді.

                                                                                                                          ТЕМІР ГАЗЕТІ.