Бористың ұстанымы – үлгі

0
79

            Мен аудан орталығындағы «Әнуар» және «Марат» дүкендерінің қарсысындағы, «Ар-Амир» шағын маркетінің қабатындағы Борис есімді кісінің үйі қақпасының алдынан жиі өтемін. Сонда мен сол үйдің алды және екі қапталы 10-15 метрге дейін тап-таза болып тұратынын байқаймын. Тіпті, жылдың жылы мезгілінде үйдің алдына гүл егіліп, олай-бұлай өткен жүргіншілердің еріксіз назарын аударады. Кейде, әсіресе жастар жағы тұра қалып, бірін-бірі суретке түсіріп жатқанын да көремін.

– Үйімінің  алдынан жүргіншілер көп өтеді, – деді Борис менімен әңгімесінде. – Сондықтан, кейбір кісілер қоқыс тастап кетпеуі үшін үнемі қақпамнан шығып, қадағалап отырамын. Немерелеріме де үй айналасының тазалығын қадағлауды тапсырамын. Кейде тазалыққа мән бермейтін кісілер ұшырасып қалады. Ондайда оларға ескерту жасаймыз. Осы жерден жиі өтетін көп кісілер  біздің осындай мінезіміз бар екенін біледі және  бізге құрметпен қарайды. Жылда қақпаның алдына гүл егіп тастаймыз. Гүл – айналаға хош иісін шашып, көздің жауын алып, көңілге қуаныш сыйлайтын өсімдік ғой. Ауламыздың ішінде де гүл және жеміс-жидек өсіреміз. Жалпы біз, әрқайсымыз өз үйіміздің айналасын осылай  таза ұстауға көңіл бөлсек,  сүйікті Шұбарқұдығымыз жайнап кетер еді.

Иә, Бористің осы сөзі бізді ойландыруы тиіс. Расында да, біздің әрқайсымыз  өз үйіміздің  тек ауласын ғана емес, Борис сияқты айналасының да тазалығын сақтау, соншалықты қиын іс емес екенін түсінуіміз керек. Тек үйлер ғана емес, әрбір мемлекеттік мекеме мен жеке кәсіпорын ұжымының да тазалыққа көзқарасы Борис секілді болса, тіптен  нұр үстіне нұр болар еді.

Нұрсұлтан ІЛИЯСҰЛЫ