Алдағы жылғы су тасқынына дайындық

0
115

Темір ауданы аумағында көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың сәуір айында іс-шаралар жоспары әзірленіп, аудан әкімі тарапынан бекітілді.

Іс-шаралар жоспарына нақытырақ тоқталатын болсақ,

Ақтөбе қаласынан Шұбарқұдыққа кіреберіс жолының ең төмен орналасқан  тұсына әрқайсысы  1 метрлік 12 дана су өткізу құбырын орнату және сол құбырдан 1400 метр жер көлемінде республикалық маңыздағы «Ақтөбе-Атырау» тас жолының мал айдау құрылысына (скотопрогон) дейін қазу жұмыстарын жүргізу көзделуде. Бұл жұмыстарды түрік компаниясы «Сине Мидас Строй» ЖШС-і жүргізетін болады. Бүгінде құбыр орнату және 1400 метр көлемінде суағар қазу жұмыстары құрылысының жобасы әзірленіп, техникалық қадағалаушы «DONGSUNG ENGINEERING CO LTD» АҚ-ы өкілдерімен келісіліп, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне жолданылды.

Келесі енгізілген іс-шара – Қазақауыл аймағындағы сайды тереңдетіп қазу, «Шашу» дүкені артында тұрған көпірдің екі жағына суды қабылдау үшін темір бетонды құрылыс орнату және көктемгі су тасқыны кезеңінде су шайып кеткен Ақтас көпірі қалыпына келтірілу жұмыстары атқарылады. Бүгінде 6 дана скотопрогон құрылысы тасымалданды. Көпір құрылысын жүргізу демеушілік  жолымен – «Алихан Ойл З» ЖШС жүргізеді. Бүгінде «Алихан Ойл З» ЖШС-і бетон зауытын құру жұмыстарын жүргізуде, аяқталғаннан кейін көпір құрылысына көшетін болады.

Сонымен қатар, Задепо аймағындағы Мұқан таудан келетін суды тоқтау жұмыстары да іс-шаралар жоспарына енгізілді. Задепо аймағында ұзындығы 2 шақырымнан астам қорғаныс бөгетін «Карат» ЖШС, 2 метрден жоғары  биікке көтереді. Сондай-ақ қорғаныс бөгетін бұзып кетпес үшін ең төменгі нүктеге су өткізу құбыры және 2.5 метрлік шлюз орнатылатын болады. Мұқан таудан келетін судың Қазақауыл аймағы арқылы өтуі үшін арнасын бұру жұмыстарын жүргізуде  «Азимут 71» ЖШС топографиялық түсірілім жасады.

Көктемгі су тасқыны кезеңінде Ж. Кереев, Гагарин көшелері және Қызылжар мөлтек ауданында асфальт жамылғысы және жаяу жүргіншілер жолының астында су өткізу құбырларының аз мөлшерде болуы салдарынан судың жиналуы  орын алды. Осы жағдай алдағы жылы  қайталанбас үшін Шұбарқұдық ауылдық округі әкімі аппаратына жергілікті бюджеттен 11 миллион теңге қаражат бөлініп, 100 метрлік су өткізу құбыры (латок) сатып алынатын болады. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Шұбарқұдық кенті, Қызылжар мөлтек ауданына суағар салу жобасы әзірленуде. Бүгінде Шұбарқұдық кентінің Қызылжар мөлтек ауданынан ұзындығы 8.2 шақырым нөсер кәріздері (суағар) құрылысына жобалық-сметалық құжаттама (әрі қарай – ЖСҚ) әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен 3 571 428 теңге бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының ЖСҚ әзірлейтін жобалаушы мердігерді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Биылғы көктемгі су тасқыны кезеңінде, облыстық маңыздағы «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль Илецк» тас жолының 16-шы шақырымында Кенжалы өзені асфальт жамылғысы үстімен  ағу  дерегі орын алған болатын. Осыған орай, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қосымша су өткізу құбырларын орнаттатын болады. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Жоғарыда аталған жұмыстар ағымдағы жылдың желтоқсан айының  аяғына дейін аяқталатын болады.

ШҰБАРҚҰДЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМДІГІ.