Әкім балалар мейрамына қатысты

0
66

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні аудан әкімі С. Аманбаев, орталық саябақта ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға қатысып, жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады және  елдің ертеңі болар балалардың амандығын тіледі. Сондай-ақ  С. Аманбаев, сол күні аудандық аурухананың перзентхана және балалар бөліміне арнайы барып, мереке қарсаңында дүниеге келген сәбилердің аналары мен емделуші балаларды мерекемен құттықтады.

Орталық саябақта атап өтілген мереке кезінде аудан басшысы оқуда, шығармашылықта және спортта жоғары жетістік көрсеткен дарынды балаларға құрмет көрсетіп, «Алғыс хатпен» марапаттады. Осы күні  саябақта балалар арасында спорттық сайыстар және көрме, шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, тәттілер таратылды,  бүлдіршіндер би билеп, көңілді әндер шырқады. Мерекелік шара соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Ал аудандық аурухананың перзентхана және балалар бөлімшесінде болған кезінде аудан басшысы, мерекемен тұспа-тұс дүние тесігін ашқан 4 сәбидің аналары мен ем қабылдап жатқан балаларға денсаулық тілеп, мерекелік сыйлық табыстады.
Сонымен қатар  С. Аманбаев, аудандық перзентхана және балалар бөлімінің медициналық құрамымен әңгімелесіп, ел амандығы үшін еңбек етіп жүрген дәрігерлерге алғысын білдірді және аталмыш екі блоктың жай-күйін бақылап, жұмысымен танысты. Аралау барысында аудан әкімі балалар бөлімшесінде әрбір ем алушыға қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беруді тапсырды.

                                                        ӨЗ ТІЛШІМІЗ.