«Таңдауың дұрыс болсын, талапкер!»

0
46

         Бұл өзі көп жылдардан бері еліміздің бірқатар аймақтарында, дарынды балаларды  рухани және мәдени мұраларды сақтауға, ұлттық құндылықты ұлықтауға, еліміздің тұрақтылығы мен дамуына үлес қосуға ынталандыру мақсатында  ұйымдастырылып, дәстүрге айналып қалған шара болатын. Биылғы аудан әкімі Саламат Аманбаев пен мектеп бітірушілердің кездесуі  «Таңдауың дұрыс болсын, талапкер!» деп аталып, оған  33 «Алтын белгіден»  және 24 «Ерекше үлгідегі атестаттан» үміткер түлектер қатысты.

             Кездесу түлектердің аудан әкімдігі ғимаратына орналасқан «Алтын адам»  бұрышындағы  жәдігермен және аудан басшысының жұмыс орнымен танысудан басталып, үлкен мәжіліс залында дөңгелек үстел форматында еркін сұқбатасу түрінде жалғасты. Мұнда,  Шұбарқұдық гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, кездесудің  жүргізушісі Отарбек Наурызбек,  алғашқы сөзді  аудан әкімі Саламат Аманбаевқа берді.   Аудан әкімі түлектерді  үлкен өмірге аяқ басу қарсаңында тұрған қуанышты сәтпен құттықтап, алдағы қол созған армандарының  орындалуына тілектес екендігін білдірді.

Бұдан кейін сұқбат сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Аудан әкіміне түлектер өздерін қызықтырған «Сіз жас кезіңізде қандай мамандықты армандадыңыз?», «Қазіргі таңда ауданымызда, жалпы елімізде қандай мамандық сұранысқа ие?», «Ауданды басқару қиын ба?», «Қандай кітаптар оқисыз?», «Мақсатқа жетуде мотивацияны қайдан аласыз?» деген сияқты т. б. көптеген сұрақтарын қойды. Саламат Аманбаев, өзіне қойылған барлық  сұраққа ерекше мән беріп, жауап берді.

–  Мен де, сендер сияқты, ауылда өсіп, ауылдың мектебінде білім мен тәрбие алдым, – деді С. Аманбаев өз сөзінде. – Менің ата-анам мұғалім болғандықтан, жастайымнан тұстастарыма қарағанда, маған көп жауапкершілік артылды десем болады. Өйткені, оқытушының ұлы басқаларға үлгі болуы тиіс дегенді ата-анам менің санама сіңдіріп өсірді. Ал орта мектепті бітіргенімізде, сол уақыттың саясатына сәйкес, барлық түлектер оқу үшін қалаға кетпей, бір жыл ауылда қалып, шаруашылыққа қолғабыс тигізіп, жұмыс істедік. Одан біз жаман болмадық. Кейін әскерге алындық. Менің ата-анам матеметика пәнінің оқытушысы болғандықтан шығар, мен есепке бейім болып, түбінде қаржы саласының оқуына түсіп, мамандық игеріп шықтым. 27 жасымда  Алға аудандық салық инспекциясы бастығының орынбасары болдым, одан соң облыс пен Астанада жұмыс атқардым, Біріккен Ұлттар Ұйымында сөз сөйледім.  Менің өмірімде – іздену мен еңбек ету, айналамдағы орта ынталандырып, шабыттандырып, ілгері ұмтылуыма жәрдемдесті деп ойлаймын. Қазір, өздерің көріп отырғандай, аудан әкімімін, тоқсан сайын халық алдында есеп беремін. Заман тез өзгеріп жатыр. Ертең  бүгінгі сұранысы жоғары мамандықтар керек болмай қалуы мүмкін. Сондықтан мамандық таңдағанда мұқият болу керек. Мәселен, қазір мемлекет түрлі бағдарламалар ұсынып  отыр. Соның бірі, ауданымызда биыл ғана пайда болған «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл жастарға зор мүмкіндік. Бұрын 2,5 пайызбен несие беру ешқашан болған емес. Мұны түсінген кісілер құс, қоян өсіру, жылыжай салып, көкөніс өндіру секілді  т. б. дәстүрлі емес кәсіп түрлерін игеріп жатыр.  Қандай мамандықтың иесі болсаңдар да, ең алдымен елімізде адал қызмет етулерің керек. Өйткені, еліміздің болашағы жастардың – мына сендердің қолдарыңда. Сондықтан сендер ғылым мен білімді , қазіргі заманғы озық технологияны игеру арқылы ғана елімізді дамыта аласыздар.

           Аудан әкімі, түлектермен сұқбаттасу кезінде, елге қызмет етіп жүргенде  өмірде ұшырасқан қызықты сәттер мен жеке тәжірибесі төңірегінде де кең сөз етті. Өз кезегінде  мектеп бітірушілер арасынан Қопа ЖОББМ түлегі, жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың және «ХХІ-ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық байқауының жеңімпазы Қайыржанова Диана мазмұнды кездесуді ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірсе, Теректі МБ түлегі,  «Мұқағали оқулары»  және  «Әбіш оқулары» байқауының жеңімпазы Әмірбай Жанерке, аудан әкімі Саламат Аманбаевқа арнаған арнау өлеңін оқыды,  ал Саркөл ЖОББМ түлегі, «Жамбыл оқулары» байқауының жеңімпазы Беркінғалиева Наргиза домбыраның  күмбірлеген үнімен «Балбырауын» күйін орындады.

Сұқбат соңында аудан әкімі Саламат Аманбаев, кездесуге қатысқан барлық түлектерге өзінің арнайы құттықтау хатын табыс етті және  жиналғандармен бірге «Мен қазақпын!» атты патриоттық әнді орындап,  естелік суретке түсті.

ТЕМІР ГАЗЕТІ.