Ардагермен кездесу

0
78

          Аудандық полиция бөлімінің басшылығы, қарамағындағы жеке құрамның біліктілігін арттырып отыру үшін, осы салада бұрын еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагерлерді шақырып, жиі кездесу өткізуді дәстүрге айналдырған.   Жуықта осындай кездесу – ішкі істер органының ардагері, запастағы милиция подполковнигі Қадыров Аманқос Ідірісұлымен ұйымдастырылды.

Аталған кездесуді Темір ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Вактов Нұржан Әбдікәрімұлы ашып, жиналғандарды ішкі істер органының ардагері А.Қадыровтың өмірбаянымен қысқаша таныстырып өтті. Одан соң А. Қадыров сөз алып, осы салада жұмыс атқарған жылдары өзінің тәжірибелерімен бөлісті.

– Біздің кезімізді қазіргідей жақсы жасалған жағдай болмаған, – деді ол. –  Бізге көлік те жетіспейтін.  Небары бір автозак және жалғыз УАЗ ғана болған. Мәселен біздің уақытымызда, яғни 1970-80 жылары, криминал аумақ деп есептелетін бір Кеңқияқтың өзінде,   вахталық әдіспен жұмыс істейтін  кісілер жасайтын 49 жатақхана бар еді. Біз соның бәрін үнемі бақылауда ұстап отыруға үлгіретін едік.  Ауданда ашылмайтын қылмыс қалмайтын. Көп жұмысты жаяу жүріп атқарып, күні-түні тұрғындардың қауіпсіздігін қадағалайтынбыз.  Әрине, ол үшін көп еңбектендік. Ал қазір полицияға барлық жағдай жасалған. Тек үнемі ізденіп, жұмыс істеу керек. Ең алдымен өз еліңнің патриоты болуың тиіс. Әрқашан қырағылық танытып, сергек жүру, кез келген жағдайға әрқашан дайын болу, тек физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани, білім жағынан да күшті көріну – полицияның басты міндеті. Бұл жұмыс – барынша адал болуды талап етеді. Қылмыстың көбі түнгі мезгілде жасалады. Сондықтан тек күндіз ғана емес, түнде де көшелерді аралап, арнайы рейдтер жасауды әдетке айналдырған  жөн. Сонда халықтың сеніміне кіріп, полицияға деген құрметті арттыруға болады. Мен негізі қазіргі ішкі істер бөлімінде еңбек етіп жүрген қызметкерлердің өз міндеттеріне жауапкершілікпен  қарайтынына сенемін.

Кездесу соңында Н. Вактов, уақытын бөліп,  жеке құраммен кездеуге қатысып,  мамандығы бойынша тәжірибелерімен бөліскен Қадыров Аманқос Ідірісұлына, жеке құрам атынан ризашылығын білдірді.

                                                                                               ӨЗ ТІЛШІМІЗ.