Жаңа пәтер кілтін алды

0
61

          Құрылысы 2019 жылы басталған Қызылжар мөлтек ауданындағы 2 қабатты 16 пәтерлі коммуналдық жалдамалы тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.  Құрылыс нысанының жұмыстарын жүргізген бас мердігер – «ҚазынаСтройСервис» деп аталатын ЖШС. Жалпы үйдің ауданы 866 шаршы метрді құрайды. Құрылыс нысаны келісім-шартының құны – 195 миллион теңге. Коммуналдық жалдамалы тұрғын үйде бір бөлмелі – 4, екі бөлмелі – 10 және үш бөлмелі 2 пәтер бар.

 

Пандемияның кесірінен сақалды құрылысқа айналған тұрғын үйдің ашылу салтанатына аудан әкімі С. Аманбаев қатысып, тұсау кесер рәсімін жасап, қуаныш иеле­ріне пәтер кілтін тапсырды және  жаңа қоныспен құттық­тады. Салтанатты жиынға ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, депутаттар және аудан тұрғындары қатысты. Шараға қатысқан көпшілік нысан ішін аралап, тұрғындардың қуанышымен бөлісті, ақ жаулықты аналар шашу шашып, ақсақалдар  ақ батасын беріп, жаңа қонысқа бақ-береке тіледі.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ.