МЕНІҢ АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗЫМ

0
157

1963-тің күзінде  «Теректі»  совхозында (кейіннен Тасқопа аталды), атақты қоян жылы мектеп табалдырығын аттадым.  Атақты дейтін себебім – осы жылы қыс қатты болды, қайта-қайта қар жауып, үйімізді басып қалады. Аяз да бетті қариды. Жеті-сегіз жастағы менен қандай көмек болсын. Анам үйдің жұмысын ысырып қойып, сыртқа шығып есіктің алдын, айналаны қардан тазалайды. Әкеміз малшы болғандықтан күні бойы сол қораның қасында ұсақ-түйек жұмыстары бастан асып жатады.

Ол кездерде  жазғы жайлау, қысқы қыстақ дегендей шопандар өздері совхоз басшыларымен келісіп, қонысын таңдайды. Біздер орталықтан онша қашық емес, шамамен 3-4 шақырым болатын Кенелдік деген жерде  отырдық. Осында аумағы әжептәуір  көлшік болды. Сары алтындай сарытұқысы қандай еді! Күні кешеге дейін теректіліктер осы балыққа қарық болып келді. Жан-жағы жабық, ешқандай басқа суларға құймайтын көлшіктің сарытұқыларының біртүрлі иісі шығып тұратын. Бірақ тазалап, қуырғаннан кейін адам денсаулығына кері әсері жоқ еді. Менің журналист ретінде топшылауымша, аштық жылдары осы ауылдың тұрғындары осы көлдің балығын қорек етіп, «жақсылыққа кенелдік, қарнымыз ашпайтын болды» дегендей ұғымға орай,  «Кенелдік» атауы шықса керек.

Кіріспе ретінде айтып жатқаным ғой. Енді тікелей тақырыпқа оралайық. Менің алғашқы ұстазым Хайролла Евесов ағай (суретте) сол жылдары қырықтан енді ғана асқан жігіт ағасы еді. Әлі ұмытпаймын, көнетоз сұр костюмінің омырауына Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде орден, медальдарін тағып жүретін. Бірақ бірде-бір рет «мен соғысқа қатыстым, осынша фашистің көзін жойдым» деген әңгімесін естіген емеспіз. «Балалар, менің туған күнім 23 февраль – кеңес армиясы күні ғой»  деп жәй ғана жымиып, әрі қарай сабағын бастап кететін.

Әке-шешеден ерте айырылған Хайролла ағайымызды қызы Сәкеннің айтуына қарағанда, әкесі Евес 7-8 жасында  Орынбор облысының Ақбұлақ ауданындағы балалар үйіне тапсырған. Сол жерден  жеті кластық білім алып, әрі қарай  Ақбұлақтағы педагогикалық училищесіне түсіп, оны сәтті бітірген соң, алғашқы еңбек жолын осында (Ақбұлақта) ұстаз болып бастайды. Бір қызығы Ақбұлақ балалар үйіне кезінде жазушы С. Мұқанов келіп, тәрбиеленушілермен танысқанда бірден  өжет те, алғыр Хайрекеңе көзі түсіп, сұхбаттасып, болашақта жақсы ұстаз шығатынын айтып, ақындық талантын жоғары бағалаған. Кейіннен бірнеше жыл бойы ұстазымыз Сәкеңмен (Сәбитпен) хат жазысып, өлеңдерін жіберіп, ақыл-кеңес сұрап отырған.

…Біз өткен мамыр айының  соңғы күндерінің бірінде қалада мектеп бітіргенімізге жарты ғасырлық тойымызды атап өттік. Алтықарасуға барып, соңғы қоңырауға қатысып, сый-сыяпатымызды тарту еттік. Елу жыл аз уақыт емес қой. Сонда да алғашқы мектеп табалдырығын аттаған сәттерің, жүзінен күлкі төгіліп тұрған  алғашқы ұстазың есіңнен әсте шықпайды екен.

Ол кезде Ойыл ауданының «Октябрь» совхозының №2 фермасын Теректі немесе көнекөз қариялар Ащыойыл деп атайтын. Суы тұп-тұнық, жағасы көкорай шалғын судан, әсіресе, жазда шомылып, уақытымыздың көп бөлігін осында өткізетінбіз.

Хайрекеңнің көпшілдігін, кім-кіммен де тез тіл табысып, шүйіркелесіп, сөйлесіп кете беретіндігін ауылдастары тамсана баяндайды. Теректі тарихын зерттеуге  белсене араласқан тарихшы, еңбек ардагері, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған марқұм О. Досанов сырлас ағасы жөнінде былай деп ағынан жарылады.

– 1957 жылдың көктемінде Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ш. Қарсыбаев, Ойыл ауданына жасаған кезекті іссапарында Теректіге келгенде, аяғы ауырып, жанына батып жүрсе керек, «столы, орындығы бар үйге апарыңдаршы» деп өтініш білдірген екен. Сонда бүкіл ауылдан Хайролла ағамыздың үйінен стол мен орындық табылып, тізе бүгіп, отырып, тамақ ішіп кеткен екен.

Сөз арасында айта кетейік, «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген бар ғой, газетте әр жылдары жарық көрген материалдарға сүйенсек, Шәкір Қарсыбаев кемшілікке ымырасыз қарайтын, ауыл-село тұрғындарының арыз-шағымын жіті тыңдап, өтініштеріне құлақ асатын, оңды тәжіірибені өндіріске енгізуге алғашқылардың бірі боп  атсалысқан басшы болса керек. Шәкең осы Ойыл ауданының «Октябрь» совхозында болғанында сол кездегі шағын ауылдың тізгінін ұстап отырған Төлеген Тайымовты облыс орталығына шақырып, нақты тапсырмалар берген. Кейіннен аталмыш шаруашылық күні кешегі дейін ауданда алдыңғы орындарда болды.

Денсаулығына байланысты Шәкір Қарсыбаев ағамыз жоғары қызметте ұзақ жүре алмады. Елу жасында-ақ одақтық дәрежедегі зейнеткерлікке шығып кетті. Осы маусым айының басында  Шәкеңнің туғанына 110 жыл толды.

Ағайымыз өте мейірімді еді. Ешқайсысымызға жекіп ұрыспайтын. Өз баласындай көріп, бауырына тартатын. Алғашқы ұстазымның әдебиетпен шұғылданып, өлең, мақала жазатынын 3-4 кластарда ғана  аңғардым.  «Сәкенжан, мынаны апарып, салып жіберші» дейді. Конверт қомақты. Сыртынан басып қараймын. Сонан соң поштаның темір жәшігіне лып еткізіп салып жіберемін. Аңғардым дейтін себебім арада он-бес, жиырма күн өтпей жатып, ағайымыздың мақаласы, өлеңдері аудандық «Ойылға», облыстық «Коммунизм жолына» шығып жатады. Ағайымыз құр мақтаудан гөрі кемшілік жағына жиі қалам тербеп, түзелуге тиісті нысандарды сын садағымен түйрейтін. Анам да бұл кісі туралы оң пікірде еді. «Құлыным, сіздерге  ақын жүректі жақсы ағай тап болды ғой» деп, оның :

«Доктор аға Бүркітов,

Қотыр қойлар тұр күтіп.

Мамансың ғой малға дос,

Ауруын емдеп, сауға қос»

деген бір шумақ шымшыма өлеңін (шамасы Теректіде ертеректе Бүркітов  есімді мал дәрігері болса керек) айтып отыратын. Ауылда Иса Дүзбасов деген ағамыз ұстазымыздың өлеңін, қазіргі тілмен айтқанда, жарнамалап домбырамен жиі шырқайтын. Баламыз ғой, келешекте қажетімізге жарар деместен онша мән бермейтінбіз.Тек ойымда төмендегідей бір шумақ қана қалыпты.

«Фермадағы достарым,

Қоса қойса бастарын.

Монша, клуб қайда деп,

Іше алмайды астарын».

Мұны Қуанышқали Бүркітбаев (Сағибеков), Мұрат Қобылашев (Кенжебаев), Сәуле Қарасаева, Қабиболла Әйтілесов т. б. мектепті алғаш рет бірге аттаған кластастарым құптайды деп ойлаймын. «Теректі» жөнінде сөз болғанда Дәметкен Іздібаева, Болат Ұзақбаев сияқты ажал тырнағына ерте іліккен кластастарымды да атаусыз қалдырмасам деймін.

Хайролла Евесов ағайымның артында «орны бар оңалар» дегендей, бір қызы, екі ұлы қалды. Үлкені Сәкен апамыз әкесінің жолын қуып, ұзақ жыл мектепте мұғалімдік қызмет атқарды. Қазір құрметті еңбек демалысында. Абзал інімізден қалған екі қызы тұрмыста. Ұлы Кемелбек кемелді азамат. Кіші ұлы Нұрболат Ақтөбе қаласында полиция қызметкері.

Сөз басында айтылғандай, қоян жылы орталықтағы мектепке барып, оқу маған онша қиындық келтірмеді. Әке-шешеміздің күнделікті жұмыстан қолдары босамайды. Қазіргідей таяқ тастам жердегі мектепке балаларын «джиппен» тасып оқытатындай мүмкіндік бізде жоқ. Сонда маған, «Ит – адамның досы» дегендей, Ақтабан (осы аттас менің балладам да бар) көмектесті. Ертеңгілік анам аузы-мұрнымды мойынорағышпен орап, қолыма сумкамды беріп, иттің құйрығынан ұстатып жібереді. Жолдағы Ащыойылдың жылымдарына түсірмей, адастырмай  мектептің алдына барып, бір тоқтайды. Сосын кетіп қалмайды. Менің мектептен сабағым бітіп, шығуымды күтіп, үйге аман-есен алып келеді. Былай қарағанда сол жылдар ғажайып бір ертегі сияқты.

Сағындық НИЯНҚҰЛОВ.

          P.S. Жақында Атыраудан келе  жатып, Қарауылкелдіден өте беріп, ауылға (Теректіге) бұрылдық. Жолшылар 5-6 шақырым жерге асфальт төсеп тастапты. Көңілім жадырап сала берді. Селоға кіре берістегі аялдамада мотоциклмен тұрған үш-төрт жігіт ағалап, танысын-танымасын қол көтеріп, амандасып жатыр. Мұны да жақсылыққа жорыдық. Ауылға кіре бере «Тасқопа» деген  жазудың қасына шалқайып тұрып суретке түстім.

Орталыққа кірдік. Бәз-баяғы ізім қалған көшелерді үш-төрт рет айналып өттік. Тым-тырыс тыныштық. Жаздың түні қысқа, күні ұзақ қой. Талтүсте келсек те көшеден бейсеует жүрген ешкімді кездестіре алмадық. Әр үйдің ауласынан иелері емес, «Сен кімсің?» деп бізді жатырқағандай иттері қарсы алады. Көшеде доп қуып, жасырынбақ ойнап, боза-боза көк тер болып келіп, анам пешке пісірген тоқаштың жартысын ғана жеп, жылы пештің түбінде балбырап ұйықтап кеткенім қимас бір сәттерге айналғандай. Баяғы алаңсыз сәби шағымның жұрнағы да қалмаған секілді. Уақыт өз дегенін жасай ма, шынында, тоқсандағы шалдың  тісіндей, әр жерде егілген талдардың саясы да бізді жатсынғандай.

Ақын жанын жақсы түсінетін рульдегі жұбайым Зияштың жеңіл әзілі ғана менің ауылға деген өкпе-назымды, ренішімді түсінгендей, қайта жадыратып жіберді.