Алтықарасуда саябақ ашылды

0
77

Ауыл халқы да бүгінде рухани негізін іздеп,дүние таным дәстүрін жаңғырту үстінде.»Туған жерге туыңды тік» деген киелі сөз, туған елі қадірлеген тұлғаларын құрыметтеуге арналған шараларға негіз болуда.Бүгінгі шара соның айғағы екендігін алтықарасулықтар айқындай түсті.Он сегізінші мамыр күні ауыл орталығында  ауыл шаруашылығы саласында 43 жыл қызмет атқарған,отыз жылға жуық Алтықарасудағы «Октябрь» совхозына табан аудармай басшылық жасаған  Сейткерей Мырзағұлұлы Аманғосов атына заманауи үлгідегі жаңа саябақтың ашылу салтанаты өтті.Оған кезінде бірге қызмет жасаған еңбек ардагерлері  Мұқан Рахметов,Асылбек Нұрмұханов,тағы басқа Ақтөбе қаласында тұратын жерлестері мен, аудан орталығынан барған бір топ ардагерлер ауыл тұрғындары қатынасты. Саябақтың салтанатты ашылуына қатысқан аудан әкімі Саламат Ермұқанұлы Аманбаев ауыл тұрғындарын жаңа саябақтың ашылуымен құттықтап,аудан әкімдігінің және ауылдың ажарын келістіріп ,ауылға әрдайым ат басын бұрып,қажет кезінде демеушілік танытатын атымтай жомарт азаматтардың қолдауымен ашылған саябақ ауыл игілігіне қызмет етіп,ауыл тұрғындары үшін қолайлы демалыс орнына айналарына сенім білдіретіндігін жеткізді.Сонымен қатар аудан әкімі алтықарасулықтардың ауызбіршілігі көпке үлгі екендігін айтып,ауылды түрлендіретін де гүлдендіретін , ауылдың өсіп-өркендеуіне сол жердің перзенті ретінде өлшеусіз өз үлесін қосқан еңбекқор азаматтарды алғыс хатпен марапаттап,ризашылығын білдірді.

Құрметті ардагердің  өмірбаяны да қатысушылардың назарынан тыс қалған жоқ.Сейткерей Мырзағұлұлы Аманғосов 1931 жылы 16 сәуірде Ақтөбе облысы,Темір ауданы,Алтықарасу селосында дүниеге келген.Сегіз жылдық мектепті аяқтағаннан кейін 1947-1950 жылдарыТемір зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын,одан әрі Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында оқыған.1950 жылы Сапақкөл бөлімшесінде зоотехник,1953-1957 жылдары «Қызыл керуен» колхозында зоотехник,әрі ферма меңгерушісі 1957—1958 жылдары Октябрь совхозының экономисі,1958-1964 жылдары Октябрь совхозының  1,3 фермаларының меңгерушісі,1964-1966 жылдары Октябрь совхозының бас зоотехнигі,1966-1993 жылдары Октябрь совхозының директоры қызметін атқарған.Сейткерей Мырзағұлұлы басқарған уақытта шаруашылық көрсеткіші обылыстық, республикалық деңгейге дейін танылған.Су құбыры тартылып,540 балаға арналған орта мектеп,жаңа Мәдениет үйі,өндірістік-әлеуметтік ғимраттар,тұрғын үй құрлыстары бой көтерген.Ауыл шаруашылығы саласында  атқарған көп жылғы еңбегі бағаланып,екі рет «Еңбек Қызыл Ту»орденімен және «Құрмет белгісі орденімен»,бірнеше медалдармен марапатталған.

Өмірден өткенше аулының амандығы мен тұрмысына ақылы мен үлесін қосып келген Сейткерей Мырзағұл ұлының ел басқарудағы ерекше  қабылеті мен ұйымдастырудағы іскерлігі туралы Мұқан Ерғалиұлы ,Асылбек Нұрмұханұлы ,Нұрмұқан Исаұлы, қарамағында қызмет жасаған Сайын Боранқұлов, Қойшыбек Нұрғалиев тағы басқа бір топ азаматтар мен  жерлестері,еске алып  тебірене сөйледі.

Әсем саябақтың төріне білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, ел мұқтажы мен қажетіне шын жанашыр болған Сейткерей Мырзақұлұлының бейнесі мен өмірбаяны жазылған, мәр-мәр тастұғыр-ескерткіш тақта  саябақтың атына сай айшықтала орналастырылған.

Алтықарасулық азаматтардың қаржылай  қолдауымен және қол  көмегімен ат салысқандарға көпшіліктің атынан  алғыс айтылып,көркем өнерпаздардың

күшімен музикалық сәлем жолданып ,салтанатты шараның мазмұнын асқақтата түсті

Аулын көріп,азаматын таны дегендей ауыл абройын асқақтата түсетін осындай игілікті шара басқа ауылдарға да үлгі боларлықтай екенін сөйлеушілердің  бірсыпырасы да атап өтті.

М.Нәдіртегі