Тапсырмалар жүктеді

0
41

Аудан әкімі С. Аманбаев,  15 маусым күні Шұбарқұдық ауылдық округінің Теріскей, Қазақ ауыл, Задепо, ал 16 маусымда Қызылжар, Аққұдық, Вокзал аймағының тұрғындарымен кездесіп, кент тұрғындарына атқарылған жұмыстар туралы және 2023 жылы алға қойылған мақсат-міндеттер жөнінде  баяндады, ұсыныс-пікірлерді тыңдады, сұрақтарға жауап берді. Кездесулерге сондай-ақ кент әкімі Қ. Нұралы, аудандық бөлім және мекеме басшылары қатысты.
                                                            ТЕРІСКЕЙ  АЛАҢЫНДА


             Бұған дейінгі, анығырағы өткен тоқсандағы, Теріскейдегі есептік кездесуде тұрғындар спорт алаңын салу, жаз мезгілінде үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету, көше жарығына байланысты ұсыныстарын жеткізген болатын. Аудан әкімі тұрғындардың ұсынысын ескере отырып, Теріскей көшесіне спорт кордын орнату үшін конкурстық хабарландыру берілгенін және кентішілік жол құрылысы жұмыстары кезең-кезеңімен жасалып жатқанын жеткізді. Ал кент әкімі Қ. Нұралы, округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспары туралы  баяндады.  Аудан басшысы кент әкімі Қ. Нұралыға «Ауыл аманаты» жобасына басымдық беруді және тұрғындарды аталған жобаға тарту бойынша жұмысты жалғастыруды және тиісті мекеме басшыларына өзекті мәселелерді тұрғындармен бірлесе шешудің жолдарын қарастыруды тапсырды.

ҚАЗАҚАУЫЛДА 


  Қазақауылдағы кездесудегі сөйлеген сөзінде аудан әкімі аумақты абаттандыру бағытындағы жоспарларымен бөлісіп,  автомобиль жолының құрылысына тоқталды.

– Ойыл, Геолог, Жамбыл, Махимов көшесі жолдары құрылысының жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізілуде. Ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтау жоспарлануда, – деді.

Сонымен қатар, аудан әкімі тұрғындарға  «Ауыл аманаты» жобасының артықшылықтарын түсіндірді.  Тұрғындар  жоба бойынша көкейтесті сұрақтарын қойып, бизнес идеяларын ортаға салды және жобаны жетілдіре түсудегі  өздерінің  ұсыныстарын айтты.   Тағы бір айтылған өзекті мәселе – мектеп және балабақша ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, балалар үшін ойын алаңын салу мен ит  үстауға байланысты мәселе сөз болды.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы, кент әкімі Қ.Нұралыға тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді жеке бақылауына алуды,  орындалуын жеделдетуді тапсырды.

                                                      ЗАДЕПО АЙМАҒЫНДА 

 Задеподағы тұрғындармен кездесуде де С. Аманбаев, атқарылған жұмыстар туралы баяндап, 2023 жылы алға қойылған мақсат-міндеттерді айта келе,  «Ауыл аманаты» жобасына    белсене қатысып, өз кәсіптерін ашу үшін ұсынылған мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды. Ал тұрғындар тарапынан жол мен  жайылымдық жерлерді ұлғайту мәселелері сөз етілді. Аудан әкімі тұрғындарды Задепо аймағының айналма жолын орташа жөндеуді жүзеге асыру – жоспарға енгізілгендігінен хабардар етті.
                                                           ҚЫЗЫЛЖАРДА 

Ал Қызылжар мөлтек ауданы тұрғындарымен кездесуде аудан әкімі дайын жобаларды, атап айтқанда Шұбарқұдық кентіндегі  оңалту орталығын, Қызылжар мөлтек ауданында 5 қабатты 60 пәтерлік коммуналдық жалдамалы тұрғын үйді, сыртқы инженерлік-коммуникациялық желілерді,  аудандық кітапхананың құрылысын және 2 қабатты 16 пәтерлік коммуналдық жалдамалы тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру туралы айтып, қазіргі таңда  жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталып, бюджеттік өтінім беріліп жатқанын жеткізді.

– Қызылжар мөлтек ауданында жабық жүзу бассейн құрылысының жобасын  жасау көзделіп отыр және су ағарларға су өткізу құрылғыларын сатып алу жұмыстары жүргізілуде, – деді аудан әкімі.

Жиын соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдау өткізді.

АҚҚҰДЫҚТА 

Аққұдық аймағының тұрғындарымен кездесуде   Құрылысшылар көшесіне жарық орнату мен жаяу жүргіншілерге арналған жол  төсеу мәселесі сөз етілді.  Аудан әкімі Наурыз, Кірпіш, Аққұдық көшелеріне жаяу жүргіншілерге арналған жол төсеу жұмыстары үшін конкурстық хабарландыру жарияланғанын және Теріскей мен Аққұдық көшесіне спорттық  шағын алаң салу үшін сметалық құжаттама жасалғанын айтып өтті.
Бұдан бөлек, аудан әкімі есептік кездесуде жаз мезгіліндегі қауіпсіздік шараларына тоқталды Тұрғындар «Ауыл аманаты» жобасына қатысты бірқатар сұрақтар қойды және  жауаптар берілді.

Вокзал алаңында

Аудан әкімі  мұнда  тұрғындардың  ұсыныс-пікірлерін тыңдап, «Ауыл аманаты» жобасы халықтың өмір сүру деңгейін көтеруде үлкен мүмкіндік екенін жеткізді және төмен пайызбен несие алудың негізгі тетіктерін түсіндірді. Сондай-ақ С. Аманбаев,  Вокзал алаңын абаттандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталғанын айтып, темір жол аумағындағы қауіпсіздік мәселелерін тілге тиек етті.
Жалпы, аудан әкімі С. Аманбаев,  кездесулерден соң, Шұбарқұдық ауылдық әкімі Қ. Нұралыға,  екі күнде өткізілген  жиындарда  айтылған барлық ұсыныс-пікірлерді  хаттамаға енгізіп, олардың орындалуын қадағалауды және  жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

                                                                                                ТЕМІР ГАЗЕТІ.