Қариялар өсиеті

0
92

Иман дегеніміз әдеп. Сондықтан мінез – құлқыңды түзе. Дауысыңды көтермей, айқайламай, сыпайы сөйле. Берген уәдеңді орында!

«Жігіттің екі сөйлегені өлгені» дейді қазақ. Еш уақытта өтірік айтпа! Шындық шырылдап шыңға жетемін дегенше, өтірік өртеп бітеді.

Ата-анаңды құрметте, жылы шыраймен қара, жылы сөйле, ризашылығына ие бол, ақ батасын ал. Олардың қасында дауысыңды көтерме. Әке – шешеңді Мекке мен Мәдинаға үш рет арқалап алып барып, келсең де перзенттік борышыңнан құтыла алмайтыныңды білгейсің.

Бауырларыңды қадірлей біл. Жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз адам ел болмас. Туыстарыңмен етене аралас.

Дос – жараныңа адал бол, «досым екен» — деп сырыңды айта берме. Күндердің күнінде қас болмауын қайдан білесің. «Дұшпаным екен» -деп, көкіректен итерме. Басына іс түскенде жаныңнан табылмасына кім кепіл?! Досыңа да, қасыңа да, сырыңды алдырма. Өзгені өзіңдей көр, көңілі қалар сөз айтпа, абайлап сөйле.

Үйіңе келген қонағыңды күтуге асық, адамды алалама, құшағыңды жая қарсы ал, ақ дастарханыңнан бұйырған несібесін бер. «Жапалақ жасырып жейді, сұңқар шашып жейді»! деген. Пейілің кең болса, Жаратушым жеткізеді.

Өмір қысқа, сынақтамыз, дүние жалған. Сондықтан жылтыраққа құмар болма! Біреудің байлығына қызықпа, қызғанба – оған оны Аллаһ берген.

Әр ісіңде әділ бол. Ер адамның сөзін сөйле. Салауатты, сауапты істер істеуге  бейім бол, ынталан! Ғайбат айту, екіжүзділік абыройыңды айрандай төгеді. Қандай жағдайда болсаң да Жаратушы Иеңді ұмытпа! Себебі, ол сені жаратты. Қалағанына бақ беріп, абыройлы, не абыройсыз да ететін  тек жалғыз Аллаһ! Жақсылық та, жамандық та  Жаратушыдан. Бәрі өзіңнің  мінез –құлқыңа, жүріс – тұрысыңа байланысты.

Қарағым, балам! Сенің досың да, дұшпаның да тілің екенін әрқашан есіңде сақтағайсың!

 

                                  Қызым, саған айтам!

 

          Қазағымның қыздары мен келіндерінде жақсы қасиеттер көп. Құдайға шүкір, қазір де бар. Қазақ қызы мен келінін құрметтей білген, мақтан тұтқан. Қыздарымыз қырдың қызғалдағындай көрікті, сымбатты, сөзі сыпайы да мәнді, иман жүзді, кішіпейіл, үлкенді құрметтей білетін, бетіне тіктеп қарамаған, үлкеннен бұрын сөйлемейтін, алдын кесіп өтпейтін, қолыннан өнер тамған, жайдары, қонақжай, ибалы болған.

Жүрегіңдегі иман, жүзіңдегі, сөзіңдегі, жүріс – тұрысыңдағы инабаттылық, кішіпейілділік, әрбір іске қабілеттілік сені абыройға бөлейді.

Киіміңнің  етек – жеңі ұзын болсың! Бетке жаққан опа мен ұзын тырнақ өсіру көрік бермейді. Керісінше, жасыңа жетпей Аллаһтың берген сұлу да нәзік жүзіңе дақ, бетіңе әжім түсіп, ерте қартаясың.

Еуропаға еліктеме. Олар жабайы өркениеттің  шыңына жетті. Киімін жартылай шешіп тастап, дастарханда итін, мысығын аялап, бірге тамақ ішеді. Жануарлардың мұрнын жалап, аузынан сүйеді, төсегінде бірге жатады.

Бақытты да шуақты күндерің алдыңда, балапаным! Аллаһ бұйырған қысқа да жалған дүниеге бүгіннен бастап, көз жүгіртіп, қор болмаудың жолын ізде. Мәңгілік ештеңе жоқ, жастық дәурен көзді ашып – жұмғанша өтіп кеткенін сезбей де қаласың. Ата- анаң сені дүниеге келтіріп, аялап өсірді. Айтқанын екі етпе, бақытқа кенелесің.

Басқалардың алдында ар –намысыңды, абыройыңды жоғары ұстай біл. Өзге ұлт пен өзге діннің азаматына тұрмысқа шықпа. Ертелі –кеш қор боласың, өкінесің.

Қазақтың қызы деген  атыңа кір келтірме. Ақ босаға аттап, басыңа ақ орамал салып, болмысы нәзік, жүріс –тұрысы жарасымды қазақтың келіні атанғалы тұрсың. Бұл – өмірдің қызығы, бастауы. Аллаһ алдыңнан жарылқасын.

 

Келінім, сен тыңда!

 

Құдай қосқан қосағыңмен қосылып, ақ босаға аттап, басыңа ақ жаулық түсті.  Келін деген киелі атқа ие болдың. Келін – үйдің көркі, келбеті, берекесі, бет – пердесі. Сен келгенде қайын атаң, қайын енең, үлкен де, кіші де бәрі қуанады.

Ақ некелерің қиылды. Имам ұлым екеуіңе Аллаһтың құлы, Мұхаммед (с. ғ .с.) пайғамбардың  үмметтері, дінің Ислам, кітабың Құран екенін естеріңе сала отырып, бұдан былай ерлі-зайыпты екендеріңді көпшілікке жариялап, ақ батасын берді.

Ата-енеңнің үмітін ақтаушы, арқа сүйері, қуанышы, шаңырақтың абыройы – өзіңсің. Өйткені, ел-жұрт, ата-енеңнің  барлық қадір-қасиетін біледі, құрметтейді, мақтан тұтады. Сенен де соны күтеді. Мойыныңа үлкен жауапкершілік артылды, келін!

Кеше ғана ата-анаңның ерке қызы едің. Енді ол кез артта қалды, оралмайды. Үстіңе киген киімің жарасымды болсын, әйел затына етегі тобыққа жететін көйлек киген қандай жарасымды!

Ата-енеңнің жағдайын жаса, ризашылығын ал, екі дүниеде де қор болмайсың. Олар өмірдің, ыстық-суығын, ащы-тұщысын көрген жандар. Олардың көңіліне қаяу түсірме, жанын күйзелтпе, жүйкесін тоздырмай, аялай біл. Бір күні бәрі де өзіңнің алдыңнан шығады.

Келіннің сәлемінде қасиет бар, сәлеміңді үзбе, ұмытпа. Сәлемің арқылы құрмет пен абыройға кенелесің.

Пайғамбарымыз (с. ғ. с) өз хадистерінде әйел затына ерін құрметтеп, оның ризашылыған алуды өсиет еткен. Еріңді қадірле. Қонағыңды құрметтей біл, алалама, алдына ақ дастарханынды жайып күт.

Ағайын-туыс, абысын-ажын, қайнаға-қайындарыңмен сыйласа біл. Өзіңнен гөрі өзгеге жақсылық жаса. Жетімді жебеп, мүсәпірді есіркеп, қол ұшыңды беріп, жылы сөзіңді айт. Аллаһ жүрегіне иман мен инабаттылықты ұялатсын. Мәртебең биік болсын!

 

 

                                         Баланы жастан…

 

Қандай ата-ана болмасын, дүниеге ұрпақ әкелгеннен кейін, тәлімді тәрбие беруді мақсат етеді. Қолынан келгенше баласын байсалдылыққа үйретіп, табандылыққа баулып, жақсы нәрселердің бәрін бойына сіңіре берсе екен дейді. Ұлын намысына, қызын ұятына балап, өскен сайын үмітін ақтар ұрпағын көргісі келеді. Міне, сондықтан да ешбір ата-ананың  балам жаман болсын демейтіні осыдан болса керек. Қалай десек те, бала тәрбиесіне бейжай қарамайды.

Жақсы әдеп, жақсы сөзді баланың бойына көбірек сіңірсе, баланың санасы кемелденіп тәрбиелі де тәртіпті бола түседі. Ақылы да толығып, ойлау жүйесі де біршама жақсарары анық. Осы тұста ата-ананың әрбір әрекеті, сөзі, қимылы, әдебі және т. б. игі өнегесінің өзі үлгі. Ол үшін бауыр етіңіз балаңызға ұрса көрмеңіз. Ел аузында жүрген мына бір ғибратты әңгімені мысал етіп көрейік.

Әкесі мен ұлы жолаушылап келе жатып, жол үстінде жатқан тағаның сынған бөлігін әкесінің  көзі шалып қалады. Әкесі: «Балам, жолда жатқан темірдің сынығын ала салшы, керек болып қалар» дейді. Сонда ұлы: «Әке, сынған темір неге жарар дейсіз?» деп тыңдай қоймайды. Әкесі сабырлы күйде темірді өзі алып, дорбасына салып алады. Ол темірді жолдағы темірші ұстаға өткізіп, алған ақшасына аздаған шие сатып алады. Шиеден баласына ұсынбастан өзі жеп кете береді. Жолда әдейі бір шиені жерге тастап кетеді.  Артында келе жатқан баласы оны алып жейді. Осылай бірнеше рет қайталанады. Сонда барып әкесі баласына қарап: «Көрдің бе, балам! Сен жаңағы бір рет еңкеюдің орнына он еңкейдің. Ол темір жарамсыз болса, саған ала сал деп айтпас едім. Әкенің сөзін тыңдауың – ақылдылығынның белгісі» деп түсіндірген екен.

Тағылымды оқиға деп ойлаймын. Байқағанымыздай әкесі баласының қателігін ұрсып бетіне баспастан, жай қарапайым мысал арқылы жеткізе білді. Мұнан тәрбиені ұрысумен емес, жылы сөзбен, жақсы мысалдармен жеткізе білу нәтижелі екенін байқаймыз.

Жинастырған

                                                                             ардагер М. НҰҒМАНОВ.