«Қарызсыз қоғам» жобасы

0
94

Биыл «Aмаnat» партиясы мен «Halyk Bank» бірігіп, «Қарызсыз қоғам» жобасының басталғанын жариялап, тиісті меморандумға қол қойған болатын. Жобаны «Halyk Bank» қаржыландырып отыр. Жобаның басты мақсаты – азаматтардың қаржылық сауатын арттыру болып табылады. Оқыту жұмысы жыл соңына дейін жалғасады.   Жобаның алғашқы кезеңінде еліміздің 8 аймағы – Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстары қамтылып,  80 мыңға жуық адам  білімін жетілдіреді деп күтілуде. 

Біз жуықта Жақсымай ауылдық округінде жергілікті тұрғындардың қаржылылық сауаттылығын арттыру бойынша сабақ өтіп жатқан тәлімгер, қаржы сарапшысы Гүлнәр Сейітжаппарқызынан «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқырмандарымызға қысқаша түсінік беруді сұраған едік.

–       Біз «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқытуды Ақтөбе облысында, алдымен Байғанин, Қарғалы, Хромтау және Мұғалжар ауданында бастадық. Кейін бұған тағы екі аудан – Темір мен Алға қосылды. Осы 6 ауданда тұрғындарды алты тәлімгер, қаржы сарапшысы оқытуда. Маған Темір ауданы тұрғындарын оқыту бұйырды. Мұнда мен тұрғындарды оқыта бастағаныма екі апта болды. Бірінші аптада мен, аудан орталығында 80 кісіні оқытып, олардың барлығына сертификат тапсырдым. Енді міне, Жақсымай ауылдық округіне келіп, екінші топты оқытып жатырмын. Бұл топта 60-тан аса кісі қаржылық сауаттылығын арттыруда. Бұл кісілер де жақын күндер ішінде оқуды аяқтап, сертификат алып шығады. Жалпы мен Темір ауданында әлі  4 апта бойы тұрғындарды оқытып, 500 кісіге сертификат табыстауды жоспарлап отырмын. Біз оқыту барысында тұрғындарға,  қаражатты тиімді пайдаланудың, қажетсіз шығындарды қысқартып, қарыздарын жабудың, несие қарызының санын қалай азайтудың, алаяқтықтардың әрекетінен  сақтанудың, қаржы пирамидасынан  аулақ болудың және қаржы қорын жинаудың жолдарын үйретеміз. Ал жаңадан кәсіп бастаған жандарға, мемлекеттен бөлінетін қайтарымсыз гранттар мен несиелік қолдаулар жайында толық мағлұматтар беріледі. Біз қарызы бар және төлем жасау мерзімін өткізіп алған азаматтарды да оқытамыз. Оқу процесіне қатысушыларға заңгерлік көмек көрсетіп,  әрбір қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша  кеңес береміз. Жоба аясында жеке қабылдаулар да  ұйымдастырамыз, – деді бізбен әңгімесінде  Гүлнар Сейтжаппарқызы.

Біз сондай-ақ, «Қарызсыз қоғам» жобасы курсына оқып жатқан кісілермен де сұқбаттасқан едік. Солардың бірі Алтынай Фатхуллина: «Бұл жоба халыққа өте қажет деп ойлаймын. Мәселен, бізге тәлімгер жылдық кірістерімізді есептеткізіп, белгілі бір бөлігін жинау тәсілін үйреткенде, бірталай қаржы пайда болатынын көріп, көпшілігіміз таң қалғанымыз рас. Сонда несие алып, оны пайызымен қосып төлегеннен гөрі, ақша қорын жинау тиімді екеніне көзіміз жетті. Қысқасы, несиені аз алып, депоизитке көп ақша салу –  пайдалы болмақ» деді. Ал, сол курста оқып жатқан тағы бір Әділгерева Гүлжан есімді кісі: «Жақсы ақпарат алып, қаржылық сауаттылығымды біршама көтеріп алдым. Көзқарасым өзгерді. Мәселен, қаржыны босқа шаша бермей, үнемдем жұмсап, қалғанын жинауды үйрендім. Ең бастысы, жеке кәсіп ашып, табыс табуға ұмтылыу керек екен». Осыған ұқсас пікірді Гүлбақыт Жүндібаева да айтты.

Иә, жасыратыны не бар, көп  кісілер  қаржыны қалай басқару керек екенін, «несие» ұғымының астарында не жатқанын нақты біле бермейді. Соның салдарынан, қаржылық сауаты төмен адамдар қарызға белшесінен батып жатады. Сондықтан біз, ауданымызға  келіп, тұрғындарды тегін оқытып, қаржылық сауаттылықты  арттыруға атсалып  жатқан  «Қарызсыз қоғам» жобасының тәлімгерлеріне деген халықтың   ынталылығы жоғары екенін байқадық.

Сөзіміздің соңында, «Қарызсыз қоғам» жобасы курсына оқуға жазылу үшін, «Aмаnат» партиясының аудандық филиалына хабарласу қажеттігін, оқу процесінің ұзақтығы – 5 жұмыс күні екенін оқырмандарымыздың есіне сала кетуді жөн көрдік.

Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЕВ.