Темірде тарихи тұлға мен нысан аз емес

0
76

                Кез келген отарлаушы мемлекеттің әкімшіл-әміршіл   саяси жүйесінің алдына қойған міндеті – бодан халықтың шынайы өмірін насихаттамау. Алдымен Ресей империясы, одан кейін оның орнына келген КСРО да сол мақсатты көздеді.  Қазақ  та үш ғасырдай орыс империясының  бұғауында болып, тарихи шынайы жазба деректер халыққа жетпей қалған болатын. Болшевиктердің: «Бұратана халыққа теңдік береміз!» деген ұраны – орыстан басқа халықты  ана тілінен айырып, орыстандыру болып шықты. 1939 жылғы санақта КСРО-да 194 ұлт пен ұлыс тұрса, 1979 жылғы санақта 140 ұлт қалып, жалпы орта есеппен жыл сайын 1 ұлт жойылып отырған. Одақтың аз санды халқының арасынан шыққан ұлтжанды азаматтар, бодандыққа қарсылық білдіргені үшін қудаланып, жапа шекті.

Кеңес одағында 80-жылдардың орта  шенінде,  батыстың ықпалымен келген жариялылық, жеделдету, қайта құру,  сөз бен баспасөз бостандығы деген сияқты қоғамдағы   демократияның басты қағидалары орнай бастады. Өткенін таныту мақсатында  көптеген тың деректер мен мәліметтер теледидарда,  БАҚ беттерінен жарияланып жатты.  Қысқасы, Кеңес Одағының аз санды халықтары өзінің ата-бабасының  жүріп  өткен жолымен  қауышты. Осындай жылымық саясат, қазақ халқының да ұлт ретінде жылдар бойы жинақталып, қордаланып қалған мәселесін алға шығарды. Тарихшы ғалымдарымыздың зерттеп, зерделеген тынымсыз еңбегінің арқасында тың деректер мен құнды құжаттары анықталды. Түрлі халықаралық, республикалық, жергілікті деңгейдегі жиын-басқосуларда қазақтың атақты да ұлы тұлғаларының мерейтойлары атап өтіліп,  отарсыздану үдерісі жүргізілді.  Еліміздегі  тарихшы, академик, доктор, профессор т. б.  зерттеуші-ғалымдар түрлі жиналыстарда өз пікірлерін ортаға салып,  шынайы тарихты талқылады. Еліміздің әр аймақтарында,  өткен кезеңдерде ұмытылған, бірақ кезінде   елге танымал адамдар насихаттала бастады.

Темір өлкесі де  елімізге белгілі  тұлғалардан  кенде емес еді. Өңірімізде әрісі сонау империя кезінде, берісі Кеңес Одағы  тұсында өмір сүрген атақты азаматтар көп  болатын. Мәселен, Ресей  империясының бірінші шақырылған  мемлекеттік  Думасына Алпысбай Қалменов депутат болса, қаржы саласында оның  баласы Атлаш Қалменов қызмет еткен. Сөзге шешен суырып салма ақын-жыраулар Нұрпейіс Байғанин, Қызыл Тұрдалыұлы, Дәндібай Байбарақұлы, Мырзалы Жұбаниязұлы өз өнерлерімен халықтың  құрметіне бөленген жандар болатын. Сол сияқты Меккеге үш рет қажылыққа барған хазірет Досжан ишан Қашақұлының, ата жолын жалғастырған оның балалары Абдолла хазірет пен Аққұбаштардың халық арасында мәртебесі биік болған.  Досжан ишан медресесінде көптеген шәкірт білім алып, халыққа қызмет етті. Досжан ишанның шәкірттері Жиеналы хазірет, Жиенғали, Молдағазы ишан т. б. халықты имандылыққа тәрбиелеп, діни сауатын ашып, өз білімімен сусындатты. М. Фатхуллин көпес  салдырған Темір қалалық мешітіне Ахмет халфе Насыров алғашқы имамдық қызмет жасады. Ахмет халфенің  діни  білімімен қатар әулиелік қасиеті де бар  болатын. Темір өлкесінде киелі қасиетімен елге   танылған  Тыныштық әулие, Сарыбала әулие, Нұрлепес ата да елге жаққан жандар еді. Ел қорғаған ерлер Сәңкібай, Сұлтанбек, Ербөлек сияқты батырлар, аудан топырағында өмірге келіп, ел басына күн туған шақта халықты жауға бастап, еліміздің біртұтастығын сақтап қалды. Сәңкібай батырлығымен қатар, аузы дуалы батагөй, даналығы да бар,  малы көп ауқатты адам еді. Ол өз сарбаздарын   мініс жылқымен өзінің жеке есебінен қамтамасыз етіп отырған.

Қазақтан шыққан  тұңғыш генерал Ж. Кереев және Б.Жанасаев, П. Нокин. Б. Шайманов, Р. Ақбалин, әйел адамнан шыққан тұңғыш полковник Р. Құлжақаева, ауданымыздың академик-ғалымдары С. Балмұханов, М. Ізтілеуов, А. Смағұлов, Р.Сыздықова, ақындар М. Жұбаниязұлы, Е. Ашықбаев, Қ.Жалмағамбетов, Б. Ырзабаев, Е. Қайболдин мен ата жолын жалғастырған қолөнер шеберлері Н. Жақыбаев, Ш. Әмиұлы С.Сәлиев, А. Сейіт біздің мақтанштарымыз.

Өңірімізде археологиялық-сәулет ескерткіштеріміз де аз емес.   Ауданымыздағы Темір мешіті мен Православиялық шіркеуі, Досжан ишан мемориалды кешені, Мәулімберді қорымы, Көктам қаласының орны т. б. құнды тарихи ескеріткіштер болып табылады. Тасқопа қорымынан көне сармат дәуірінде  өмір сүрген  «Алтын адамның» табылуы – өлкемізді әлемге танытты десек артық айтқандығымыз емес.

Айта берсек,  Темірдің танымалдығын арттыратын мұндай  , ғимараттар, тұлғалар, құжаттар мен деректер т. б. баршылық. Олардың бәрін бір мақалада айтып, түгендеп шығу мүмкін емес. Олардың көшірмесін, фото суреттерін, құжаттар мен деректерді, жәдігерлерді т. б. аудандық  мұражайдан көруге болады. Бүгінде аудандық  мұражай әрбір ай, апта, тіпті әрбір күн сайын жаңа да тың құжатпен, дерекпен, жәдігермен т. б.  толығуда және алдағы уақытта да бұл үрдіс жалғаса беретініне сенеміз.

Н. ҚУАНБАЕВ