Шағын жинақты мектептер дамиды

0
158

Ақтөбе облысында «Цифрлық технологияларды қолдана отырыпшағын жинақты ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасын іске асыру басталды. Жобаның тұсаукесеріне облыс әкімі Ералы Тоғжанов, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов, «Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, қоғам қайраткері Күләш Шәмшидинова, Aitas Foundation корпоративтік қорының басшысы Ксения Верба, өңірдің білім басқармасы өкілдері, ШЖМ директорлары, сондай-ақ өзге де серіктестер қатысты.


        Аталған қайырымдылық пилоттық жобасы  аясында,  өңірдегі мұғалімдері тапшы шалғайдағы 134 ауылдық шағын жинақты мектептерді дамытуға 4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалып, шараны  «Қазақстан халқына» қоры, білім беруді тұрақты дамыту қоры, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және Ақтөбе облысының әкімдігі жүзеге асыратын болды. Мұндағы мақсат – шағын жинақты мектептерге цифрлық шешімдерді енгізу арқылы білім беру сапасы мен оқыту тиімділігін арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, педагогтерді кәсіби дамыту. Ералы Тоғжанов бұл жоба ауылдық жерлерде орта білім беру сапасын одан әрі арттырып, оқушылардың тұрғылықты жеріне қарамастан білім алу үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуде маңызды қадам екенін алға тартты.
– Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде балалардың жан-жақты дамуы мен сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Дегенмен, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім алшақтығына әсер ететін факторлар да бар. Осы мәселелерді шешу үшін бізде бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Біз ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім деңгейіндегі алшақтықты жою мақсатында шағын жинақты мектептерді қолдауға бағытталған «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасын алғаш болып іске қостық. Бүгінде жоба тиімділігін дәлелдеді. Біз бұдан әрі де осы бағытта жұмыс істеуге ниеттіміз, – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Пилоттық жобамен 10,5 мың оқушыны қамту жоспарланған.    Мектептер онлайн форматта оқыту үшін жаңартылған цифрлық кабинеттермен және зертханалық жұмыстарды жүргізу үшін ғылым кабинеттерімен жабдықталады. Күләш Шәмшидинованың сөзінше, жоба аясында мектептерді дамытудың 4 моделі іске асырылады, оның ішінде стриминг, онлайн оқыту, тірек және магниттік мектептер кешенін құру, сондай-ақ цифрлық шешімдерді пайдалану. Әрбір модель тиімділік пен кемшіліктерді анықтау үшін сынақтан өткізіледі, қорытындысында жобаны жақсарту және одан әрі ауқымын кеңейту туралы ұсыныстар беріледі. Жобаның жалпы бюджеті 4 млрд теңгеден астам болса, соның  2 млрд теңгеден аса қаражатын  «Қазақстан халқына» қоры бөледі. «Қор білім беру жобаларына қатыса отырып, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасауға инвестиция салуда. Қайырымдылық дегеніміз бұл – денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау мәселесі ғана емес, сонымен қатар білім беру, мәдениет және спорт саласындағы күрделі мәселені жүйелі шешуге қатысу. Біз тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір бала білім алу үшін тең мүмкіндіктерге ие болуы тиіс деп санаймыз»  деп атап өтті «Қазақстан халқына» қорының Басқарма төрағасы Болат Жәмішев.
Айта кету керек, жоба көптеген серіктес мен қатысушылардың басын біріктірді. Білім беруді тұрақты дамыту қоры оператор ретінде жұмыстарды үйлестіру мәселелеріне жауапты. Бұл қорды AITAS агроөнеркәсіптік холдингі қаржыландырады.

Біздің ауданымыз бойынша  2-еуі   «Қазақтелеком» АҚ-мен, 11-і  «Channeltelecom» ЖШС провайдері бойынша кең жолақты интернетпен қамтылған 13 шағын жинақты мектеп бар. Сондықтан,  жуықтағы  аудан әкімі С. Аманбаевтың төрағалығымен өткен жиында, цифрлық технологияларды пайдалана отырып, шағын жинақты ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды.  Жиын  барысында аудан әкімі,  тиісті лауазымды кісілерге цифрлық технологияларды пайдалана отырып, шағын жинақты ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту бойынша өзара іс-қимыл тетігін әзірлеуді тапсырды.

ТЕМІР ГАЗЕТІ.