Әкім Кенқияқ пен Бәшенкөлге барды

0
95

Аудан әкімі С. Аманбаев Кеңқияқ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Есептік кездесуге аудан прокуроры Қ.Уразалин, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Ж. Имашов, мекеме және бөлім басшылары қатысты.

   Кеңқияқ ауылының тұрғындарымен өткен кездесуде ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Қ. Серікжанов маусым айы бойынша атқарылған жұмыстары туралы есеп берді. Қ.Серікжановтың есебінен кейін, аудан басшысы С. Аманбаев жиналғандарды ауданның ағымдағы жылы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылуын баяндап, жиналғандарды алдағы жоспармен таныстырды.

          Ауыл тұрғындары өздерін толғандырған негізгі мәселелер қатарында санитарлық тазалық шараларын өткізу, жол құрылысы, апатты деп танылған екіқабатты тұрғын үйлердің мәселесін алға тартты. Аудан әкімі  көтерілген мәселелер туралы жауап беріп, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес апатты деп танылған 11 екі қабатты тұрғын үйлерді жөндеу жұмысы мұнай компаниясына жүктелгенін, құрылыс жұмысының сапалы болуы мен мерзімінде аяқталуын  бақылау – Қ. Серікжановқа  жүктелгенін айтты. Ал, жеке мәселелері бойынша аудандық бөлім және мекеме басшыларына  тапсырмалар берді. Сонымен қатар, аудан әкімі С.Аманбаев  жиында, «Ауыл аманаты» жобасына тоқталды және кездесу соңында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Сонымен бірге аудан әкімі С. Аманбаев, Бәшенкөл ауылының тұрғындарымен де жүздесті. Кездесу барысында аудан әкімі ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне  тілге тиек етіп, елді мекеннің өзекті мәселелерін тыңдады. Жергілікті тұрғындар ауылда  әлеуметтік, жол, инфрақұрылым бойынша мәселелер туындап отырғанын  сөз етті. Аудан басшысы ауыл әкімінің міндетін атқарушы Қ. Серікжановқа тұрғындардың талап-тілектерін хаттамаға енгізуді және орындалуын жеке бақылауға алуды, сонымен қатар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасына басымдық беріп, түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

                                                                                    ТЕМІР ГАЗЕТІ.