ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТТІ

0
54

ӨТКЕН 4-ШІ ЖӘНЕ 6-ШЫ ҚАЗАН АРАЛЫҒЫНДА, ЯҒНИ 3 КҮН БОЙЫ, АУДАНЫМЫЗДА «БЕЙБІТ ЖӘНЕ СОҒЫС УАҚЫТЫНДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ТУЫНДАҒАН НЕМЕСЕ ҚАУІП ТӨНГЕНДЕ БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫНЫҢ, АВАРИЯЛЫҚ-ҚҰТҚАРУ ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ІС-ӘРЕКЕТТЕРІ» ТАҚЫРЫБЫ БОЙЫНША АУДАНДЫҚ КЕШЕНДІ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТКІЗІЛДІ. ОҒАН ТЕМІР АУДАНДЫҚ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТТЕРІ — ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ, ӨРТКЕ ҚАРСЫ, ГАЗ ЖЕЛІЛЕРІ БОЙЫНША АПАТТЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ, РАДИАЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ХИМИЯЛЫҚ ҚОРҒАУ, АҚПАРАТ ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС, КӨЛІК ЖӘНЕ ЖОЛ-КӨПІРЛЕР, ЭНЕРГЕТИКА, КОММУНАЛДЫҚ-ШАРУАШЫЛЫҚ, МЕДИЦИНА САЛАЛАРЫ БОЙЫНША ҚЫЗМЕТ ӨКІЛДЕРІ, ОБАҒА ҚАРСЫ КҮРЕС БӨЛІМШЕСІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ Т. Б. ҚАТЫСТЫ.

Оқу-жаттығудың бірінші күні, яғни 4 қазанда, аудан әкімі С.Аманбаевтың төрағалығымен және облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, оқу-жаттығу штабының бастығы, полковник С. Молдақараевтың қатысумен, отырыс ұйымдастырылды. Отырысқа азаматтық қорғау қызметтері, қала және ауылдық округ әкімдері қатысты. Отырыс барысында С.Молдақараев, оқу-жаттығудың мақсаты мен міндеті — бейбіт және соғыс уақытындағы төтенше жағдайлардың қауіпі туындаған немесе төнген кезде басқару, байланыс және тұрғындарға хабарлау жүйелерінің жұмысын, қалыптасқан жағдайды жан-жақты талдау, оған шұғыл баға беру және негізді шешімдер қабылдау бойынша азаматтық қызметтерді басқару органдары басшылық құрамының дағдыларын жетілдіру, кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін апаттық-құтқару қызметтерінің күштері мен құралдарының нақты дайындығын, олардың жеке құраммен жасақталуын, қажетті техникамен, арнайы жабдықтармен, құралдармен қамтылғанын нақты бағалау, әкімдіктер аппараттарына, төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияларына, азаматтық қорғау қызметтеріне және ұйымдарға азаматық қорғау іс-шараларын ұйымдастыру және орындау бойынша әдістемелік көмек көрсету екенін хабарлады.
Отырыс соңында аудан әкімі С. Аманбаев, ауданның бас инспекторы Б. Сауытовқа және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы С. Қалменовке, азаматтық қорғау бойынша өтетін үш күндік оқу-жаттығуда қауіпсіздік талаптарын сақтауды тапсырды.
Осы күні түстен кейін, «Қатар-303» дабылы беріліп, жоғарыда аталаған қызметтің өкілдері аудан орталығына жақын маңдағы «Бопай» кемпингінің алдындағы кең алаңға сапқа тұрғызылып, оқу-жаттығуға дайындығы тексерілді. Азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығын тексеруді полковник С.Молдақараев бастаған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мен аудан басшысы С. Аманбаев жүргізді. Тексерушілер аудандағы төтенше жағдайлардың алдын алуға құрылған топтардың жұмысымен және материалдық-техникалық базасымен танысты. Осы күні «Пана-606» дабылы бойынша іс жүзінде, алдын ала жасалған қорғаныс құрылымын (қазу, жерге тереңдету, бетон плиталары мен едендерді орнату), яғни әдістемелік нұсқауларға сәйкес баспаналарға практикалық пысықтау жүргізілді.
Сондай-ақ тексерушілер Қызылжар орта мектебінде орналасқан генерал Б. Жанасаев атындағы «Сұңқар» әскери-патриоттық клубының заманауи жасақталған кабинетімен де танысты.
Бұдан кейін, 5 қазанда, оқу жаттығудың екініші күні жалғасын тапты. Мұнда, Шұбарқұдық кенті КСХТ аумағындағы «НК-Сервис» ЖШС орналасқан радиациялық қорғану құрылысы нысанында, оқу-жаттығу шеңберінде, «Бүркіт-1111», «Тұлпар-444», «Қауіп-666», «Жасырын-616», «ҚЭП-626», «Апат-555», «Қорған-888», «Өрт-646», «Күш-404» дабылдары беріліп, бірқатар практикалық шаралар жүргізілді. Нақтырақ айтатын болсақ, алдымен азаматтық қорғау қызметтері басшыларының баяндамасы тыңдалып, кейін Қызылжар жалпы орта білім беру аймағында мектеп әкімшілігі тарапынан эвакуациялық қабылдау пунктінің шаралары ұйымдастырылды. Одан соң, теміржол торабында платформаға инженерлік көліктерді тиеу жұмыстары мен өрт сөндіру поезымен теміржолдағы апатты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
6 қазанда, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, оқу-жаттығу штабының бастығы, полковник С. Молдақараев пен аудан әкімі С. Аманбаевтың тарапынан, үш күнге созылған іс-шаралар — бейбіт жағдайдан соғыс жағдайына өткендігі туралы халықты хабардар ету бойынша жасалған дабылдан бастап, барлық қимыл-әрекеттердің құжаттары, фото және бейнематериалдар, карталар т. б. зерделеніп, қорытындысы шығарылды және кешкі сағат 17. 30-да «Төтен-001» дабылы арқылы, оқу-жаттығу жұмысы тоқтатылды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.