ҰСТАЗ — ҰЛЫ ТҰЛҒА

0
54

БІР АУҚАТТЫ ОТБАСЫ БАЛАСЫН ЕҢ ҮЗДІК МЕКТЕПКЕ БЕРГЕН ЕКЕН. БІР КҮНІ ӘЛГІ БАЛАНЫҢ АТАСЫ НЕМЕРЕСІ ОҚИТЫН МЕКТЕПКЕ КЕЛСЕ, ҮЗІЛІСКЕ ШЫҚҚАН ОҚУШЫЛАР ҚАРИЯНЫ КЕЛЕМЕЖДЕП КҮЛІПТІ. ҚАРИЯ ОЙЛАНБАСТАН НЕМЕРЕСІН ОЛ МЕКТЕПТЕН АЛЫП КЕТІП, ӨЗІ БАСҚА МЕКТЕП ІЗДЕЙДІ ҒОЙ. СЫРТТАН ҚАРАҒАНДА ЖАҒДАЙЫ ЕҢ ЖАҚСЫ ДЕГЕН МЕКТЕПТЕРДІ КӨРЕДІ, ОЛАРДА ДА ӘЛГІНДЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАЙТАЛАНАДЫ. АҚЫРЫ ШАРШАҒАН ҚАРТ КІСІ, БІР СЫРТЫ КӨНЕЛЕУ, КІШКЕНТАЙ МЕКТЕПТІҢ АУЛАСЫНА ОТЫРЫП, ТЫНЫҒАДЫ. ОСЫ КЕЗДЕ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛЫП, ШУЛАП ДАЛАҒА ШЫҚҚАН ОҚУШЫЛАР, ҚАРИЯНЫҢ ҚАСЫНА КЕЛІП, АМАНДАСЫП, ХАЛ-ЖАҒДАЙЫН СҰРАП, ЕНДІ БЕРУІ СУ ӘКЕЛІП БЕРІП, БӘЙЕК БОЛЫП ҚАЛАДЫ. ҚАРИЯ НЕМЕРЕСІН, АТА-АНАСЫНЫҢ ҚАРСЫЛЫҒЫНА ҚАРАМАЙ ОСЫ МЕКТЕПКЕ БЕРЕДІ. ҰЛЫ МЕН КЕЛІНІҢ: «НЕ СЕБЕПЕТІ ОСЫ МЕКТЕПТІ ТАҢДАДЫҢЫЗ?» ДЕГЕН СҰРАҒЫНА «ШӘКІРТТЕРІНЕ ҚАРАП, ҰСТАЗЫН ТАНЫДЫМ» ДЕГЕН ЕКЕН.
ИӘ, МЕКТЕПТІҢ СЫРТ КЕЛБЕТІ, ОНЫҢ ЖАҒДАЙЫ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС, «МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫ» САНАЛАТЫН ҰСТАЗЫ ЖӘНЕ СОЛ ҰСТАЗДАН ТӘЛІМ АЛҒАН ШӘКІРТТЕРДІҢ ТӘРБИЕСІ МЕН БІЛІМІ МАҢЫЗДЫ.

Алтықарасу ауылында, 5 қазан — Ұстаздар күніне орай, Алтықарасу ауылдық мәдениет үйі мен Алтықарасу мектеп балабақшасының тәлімгері және оқушылары ұйымдастырған, тосын сыйға толы мерекелік шара өтті. Бұл шараның ерекшелігі — бастан аяқ оқушылар өздері жүргізіп, тек өздері өнер көрсетті. Сүйікті ұстаздарының мерейлі мерекелеріне арнап әсем ән мен мың бұралған би, «Жайдарман» және сергіту ойындары ойналып, соңында Алтықарасу мектеп балабақшасының өз-өзін басқару ұйымы президентінің атынан барлық ұстаздарға, оқушылар өз қолдарымен дайындаған «Алғыс хат», «Құрмет грамотасы» және «Құрметті ұстаз» медальдарын табыстады. Расын айтсам, оқушылардың өз күшімен мұғалімдерге арнап, осындай тартымды да әсерлі шараны ұйымдастыруы – ұстаздар былай тұрсын, менің өзімді толқытып жіберді.
Иә, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, ел ертеңі – ұрпағымыздың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда мүғалімнің еңбегі орасан мол. Меніңше, Алтықарасу мектеп балабақшасы оқушыларының Ұстаздар мерекесіне орай, осындай шараны ұйымдастыруының өзі, аталған оқу орнында шәкірттерге тәлім-тәрбие беру жұмысының дұрыс жолға қойылғанын көрсетеді. Ауданымызда, осындай тәрбиелі де білімді оқушыларды тәрбиелеп жатқан басқа да мектептер аз емес деп ойлаймын. Ендеше, Алтықарасу мектеп балабақшасының және ауданымыздың барша ұстаздар қауымына, алдағы уақытта да еткен еңбектері жанып, шәкірттерінің құрметі мен махаббатына бөленіп, мерейлері үстем болуын тілеймін.
Ғалия БОЛАТҚЫЗЫ,
Алтықарасу ауылдық
Мәдениет үйінің директоры