ЖАС МАМАН

0
34

АУДАНЫМЫЗДА БІЛІМ САЛАСЫНДА ЖЕМІСТІ ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮРГЕН ЖАС МАМАНДАР АЗ ЕМЕС. СОЛАРДЫҢ БІРІ — ТАЙМАН ӘЛІБЕК НҰРЛАНҰЛЫ. ОЛ 2015 ЖЫЛЫ ШҰБАРҚҰДЫҚ ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ТҮЛЕГІ АТАНЫП, 2015-2019 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДА Қ. ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АҚТӨБЕ ӨҢІРЛІК МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ «КӘСІПТІК ОҚЫТУ» МАМАНДЫҒЫН ТӘМАМДАҒАН ЖӘНЕ 2019 ЖЫЛДАН БЕРІ ӨЗІ ОҚЫҒАН БІЛІМ ОШАҒЫ — ШҰБАРҚҰДЫҚ ГИМНАЗИЯСЫНДА КӨРКЕМ ЕҢБЕК ПӘНІ МҰҒАЛІМІ БОЛЫП ҚЫЗМЕТ АТҚАРЫП КЕЛЕДІ.

Тайман Әлібек, өзінің осынау енді ғана бастаған ұстаздық жолында, бірқатар табыстарға жетті. Мәселен ол 2019 жылдың өзінде аудандық үш бірдей байқауға қатысып, көзге түсіп үлгірген. Оның біріншісінде, яғни «келсе іске» фестивалінде, «Іскер маман» номинациясын иеленсе, екіншісінде «Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туылғанына 175 жыл» атты сурет байқауына қатысып, «Алғыс хатпен» марапатталды. Ал, сол жылғы аудандық «Баталы ел арымас» сайысында «Бас жүлдені» жеңіп алды.
Сондай-ақ жас ұстаз, келесі 2020 жылы мектепішілік «Үздік кәсіби маман» байқауында жүлделі II-орынды иеледі. Сол 2020 жылы жас маманға республикалық ғылыми әдістемелік «Самғау» журналына мақаласын ұсынғаны үшін сертификат та табысталды.
Сонымен қатар Тайман Әлібек, 2021 жылы, Ақтөбе облысы білім басқармасының «Алғыс хатына» ие болса, осы жылы облыстық «AQTOBE» телеарнасының «Алғыс хатын» алды.
Қолөнерге зейін қойған жас ұстаз, шәкірттерін де түрлі сайыстарға қатыстырып, додалардың жеңімпазы атандырып келеді. Атап айтар болсақ, 2019 жылы аудандық «Жаңа жылдық ойыншықтар» байқауында оның оқушысы Ерғали Әділет III-орын иеленсе, 2020 жылы облыстық «Ұлттық салт-дәстүр және әдет-ғұрыптар» атты сырттай шығармашылық байқауда Шаймов Нұрасыл жүлделі III-орынмен марапатталды. Ал, 2021 жылы облыстық «Біз рәміздерді құрметтейміз» сурет байқауында Маратова Меруерт жүлделі III-орыннан көрінді.
Қазіргі таңда отбасылы болып, бір баланың әкесі де атанып үлгірген Әлібек Нұрланұлы, «Аманат» партиясының қоғамдық жұмыстарына да белсенді түрде өз үлесін қосып жүрген жастардың бірі. Бүгінде ол, шығармашылық ізденіс пен кәсіби шеберлігін дамыту үстінде. Біз оған алдағы уақыттағы ұстаздық жолына да толағай табыстар тілейміз!
Э. АТЫРАУБАЕВА,
«Білім орталығы», «Аманат» партиясының

Темір аудандық филиалы бастауыш
ұйымының төрайымы