ӨЗІҢІЗДІ ҚАУІПСІЗДЕНДІРУДІ БІЛЕСІЗ БЕ?
ӨРТТІҢ ШЫҒУ СЕБЕПТЕРІ ӘРТҮРЛІ БОЛУЫ МҮМКІН. АЛАЙДА ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ ЕРЕЖЕЛЕРІНЕ САЛҒЫРТТЫҚ КӨРСЕТУ НЕГІЗГІ СЕБЕПТЕРІНІҢ БІРІ БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ. КӨПТЕГЕН КӘСІПОРЫНДАР МЕН МЕКЕМЕЛЕРДІҢ БАСШЫЛАРЫ, КӨБІНЕ АҚШАЛАЙ ҚАРАЖАТТАРДЫ ҮНЕМДЕУ МАҚСАТЫНДА, МҰНДАЙ ШАРАЛАРДЫ ЕСКЕРМЕЙДІ. БІРАҚ ХАЛЫҚ ДАНАЛЫҒЫ АЙТҚАНДАЙ: «САРАҢ ЕКІ РЕТ ШЫҒЫНДАНАДЫ». МҰНДАЙ ЖАҒДАЙДА ҰТЫЛЫП ҚАЛМАУ ҮШІН АРНАЙЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ-ТЕХНИКАЛЫҚ ІС-ШАРАЛАРЫН ЖҮРГІЗУ ҚАЖЕТ, ОҒАН ӨРТКЕ ҚАРСЫ ҚОРҒАНЫС ЭЛЕМЕНТТЕРІ ЖӘНЕ ӨРТТІ БОЛДЫРМАУ ЖҮЙЕСІ КІРЕДІ.
Өрт қауіпсіздігін орындау талабы — жобалау, құру, қайта құру, күрделі жөндеу жұмыстары, техникамен қайта қаруландыру, функционалдық тағайындалуын өзгерту, техникалық қызмет көрсету, қорғау объектісін пайдалану және оларды жою, сондай-ақ техникалық құжаттама жасау кезінде міндетті түрде қажет.
Өрт — ғимараттың есіктері, терезелері, баспалдақтары, газ және электр жүйелері, сондай-ақ төбесі арқылы тарайтынын атап кеткен жөн. Барлық өрттер, жарылыстардан басқалары, бастапқыда шағын болып келеді. Өртті сөндіруге берілетін уақыт тығыз, тез арада қандай шаралар қабылдайтынын білу қажет. Өрт шыққан кезде өртті сөндіру үшін барлық қол жетімді тәсілдерді қолдана отырып, жылдам ден қою қажет (құм, су, киім, көрпе, өрт сөндіргіш және т. б.). Аз уақыт ішінде өртті толығымен сөндіру мүмкіндігі болмаған жағдайда, өрт сөндірушілердің көмегінсіз сөндіру мүмкін болмайды. Мұндай жағдайда, өртке қарсы қауіпсіздік қызметінің «101» нөмірлі телефонына бірден хабарлау қажет. Қоңырау шалған кезде өрт шыққан жерді, оның себебі және адамдарға қауіптілігі туралы нақты ақпарат берілуі тиіс. Әрі қарай жағдайды нақтылау үшін өзіңіздің атыңызды және телефон нөміріңізді айтуыңыз қажет.
Өрт кезінде үрейленген балалар, ең оқшаулау жерге, мысалы кереуеттің астына тығылуы мүмкін және олар бөтен адамның дауысына жауап қатпайды. Өрт болып жатқан үй-жайдың ішінде газ және улы түтін болатындықтан, онда көп уақыт қалу қауіпті — бірнеше рет түтінмен дем алған адам есінен айырылады. Сондықтан ғимараттан адамдарды тез арада шығару қажет. Егер лаулаған өртті сөндіру мүмкін болмаған жағдайда, адамдарды құтқарғаннан кейін, газы бар баллондарды, автомобильдерді, құжаттарды, жылдам жанғыш материалдарды және құнды заттарды шығару қажет. Есіктерді және терезелерді жабу керек, өйткені ауа арқылы өрт өршелене түседі, газды жауып, электр желісін ажыратқан дұрыс. Жұмыс орындарында іске қосылып тұрған машиналар мен механизмдерді тоқтатып, тез жанғыш материалдарды сумен салқындату қажет. Жанып жатқан үй-жайды ашқан кезде барынша абай болған абзал, өйткені ауаның әсерінен жалын өршуі мүмкін. Үй ішінде түтін болған жағдайда еңкейген қалыпта, бетіңізді жауып, егер қажет болса басыңызды дымқыл матамен жауып, киіміңізді еселеп сулап жүру қажет. Егер адамның үстіндегі киімі жанып жатса, оны жерге жатқызып, көрпеге орап, еселеп су құйыңыз. Күйіп қалған адамның киімін шешуге болмайды, оның киімі жанып кеткен жағдайда, жәбірленушінің күйген денесін тазартылған мақтамен жабыңыз.
Әрбір адам өрт шыққан кезде ғимараттан тез арада шығу жолдарын білуі тиіс. Бұл үшін барлық ұйымдарда, мекемелерде және кәсіпорындарда жалпы арнайы оқу-жаттығулар жүргізілуі тиіс.
Аудандық төтенше
жағдай бөлімі