ӘКІМ АЛТЫҚАРАСУ МЕН ҚАЙЫҢДЫДА БОЛДЫ

0
45

АУДАН ӘКІМІ САЛАМАТ АМАНБАЕВ, 11 ҚАЗАН КҮНІ АЛТЫҚАРАСУ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІННІҢ ОРТАЛЫҒЫНДА, «ЕҢБЕКШІ» ЖӘНЕ «САРТОҒАЙ», АЛ 12 ҚАЗАН КҮНІ ҚАЙЫҢДЫ, ШИБҰЛАҚ, БАБАТАЙ, ҚҰМҚҰДЫҚ АУЫЛДАРЫНДА ТҰРҒЫНДАРМЕН ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ. КЕЗДЕСУГЕ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ТӨРАҒАСЫ БОЛАТ ШАИМОВ, ӘКІМНІҢ ОРЫНБАСАРЛАРЫ, БӨЛІМ МЕН МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫ ҚАТЫСТЫ.

Аудан басшысы, Алтықарасу ауылдық округіндегі жұмыс сапарын Еңбекші ауылынан бастап, алдымен демалыс саябағына барды. 300-ден астам тұрғыны бар ауылға арнап салынған бұл саябақ құрылысына, аудандық бюджеттен 2120,0 теңге бөлінген. Бұған дейінгі кездесуде аудан әкімі саябақты абаттандыру жөнінде тапсырма берген болатын. Алтықарасу ауылдық округінің әкімі Ә.Боранқұлов, аудан әкімі С. Аманбаевқа аталған тапсырмаға сәйкес қалпына келтіру жұмыстары жасалғанын және енді саябақты одан әрі абаттандыру бойынша өз ұсыныстарын баяндады. С. Аманбаев, саябақ ауыл тұрғындарының демалыс орнына айналу керек екенін айта келе, А. Боранқұловқа жалпы елді мекенді абаттандыру, санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Бұдан соң аудан әкімі, Еңбекші ауылына су құбырын тарту мен газдандыру жұмысының барысын да қарап шықты. Мұнда, ауылға су құбырын тарту бойынша тендерді ұтып алған мердігер «ТеплоЭнергоСтрой» ЖШС мен газдандыруды мойынына алған мердігер мекеме — «Энергоресурс» ЖШС, келісімшарттағы міндеттемелерін орындамағандықтан, аталған қос нысандағы жұмыс өз уақытында аяқталмай, тоқтап тұр. Нысандарды аралаған аудан әкімі округ әкімі С. Аманбаев, Ә. Боранқұлов пен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А. Қалмұхановқа, облыстық басқармамен бірлесіп, құрылысқа жауапты мердігер екі компанияны да жауапкершілікке тарту жұмыстарын жалғастыру керектігін қатаң түрде ескертіп, жағдайды бақылауда ұстаған күйі күн сайын фотоесеп жіберіп отыруды тапсырды.
Сонымен бірге С. Аманбаев, осы күні Еңбекші ауылының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Кездесуде аудан басшысы, ауданның даму көрсеткішін баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Сондай-ақ Алтықарасу ауылдық округі әкімі Ә. Боранқұлов та баяндама жасап, Еңбекші ауылында атқарылған жұмыстарды, атап айтқанда алдыңғы есептік кездесулерде тапсырылған міндеттер бойынша ақпарат берді. Оның айтуынша, бұл бағытта орталық саябақта абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ретсіз өскен шөптерден тазартылған, құм тоқтатуға егілген талдардың күтімін қарау бойынша Темір орман шаруашылығына хабарланған.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан ауыз су және газдандыру құрылысының аяқсыз қалуы, мал қамайтын орынның құрылысы көтерілді. Округ әкімі Ә. Боранқұлов, аталған мәселелер бойынша қадағалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, ал мал қамайтын орын мәселесінде құрылыс жұмысын жүргізу жөнінде сметалық-жобалық құжаттары әзірленгенін, келесі жылға қаржы бөлінетінін жеткізді.
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындардан келіп түскен ұсыныстарды жеке бақылауына алуды округ әкімі Ә. Боранқұловқа тапсырды.
Аудан әкімі С. Аманбаевтың Сартоғай ауылының тұрғындарымен есептік кездесуінде де тұрғындар тарапынан газдандыру мәселесі және басқа да сұрақтар мен ұсыныстар айтылды. Алтықарасу ауылдық округінің әкімі Ә. Боранқұлов, аталған мәселелерге жауап бере отырып, Сартоғай ауылын газдандыру мәселесі бойынша жобалық-сметалық құжат әзірлеуді жасату келесі жылға жоспарланып отырғанын жеткізді. Сартоғайдағы есептік кездесуді қорытындылаған аудан басшысы С.Аманбаев, округ әкімі Ә. Боранқұловқа тұрғындардың көтерген мәселесін бақылауға алу керектігін айтты.
Сонымен бірге аудан әкімі С. Аманбаев, Алтықарасу ауылдық округінің орталығынан, ауылдың жомарт азаматтарының демеушілігімен және қосымша аудан бюджетінен 10,0 миллион теңге қаражат бөлініп, пайдалануға берілген, бүгінде ауылдың ажарын келтіріп тұрған саябаққа барды. Бүгінде алтықарасулықтардың демалуына қолайлы орнынға айналып үлгірген саябақта, әлі де абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Аудан басшысы С. Аманбаев, Алтықарасу ауылдық округінің әкімі Ә. Боранқұловқа саябақтағы тазалықты қадағалап, абаттандыру жұмыстарын одан әрі жалғастырып жатқанын құптады.
Саябақты аралаудан соң, Алтықарасу ауылдық округі орталығының тұрғындарымен есептік кездесу ұйымдастырған аудан әкімі С. Аманбаев, бекітілген кестеге сәйкес Ә.Боранқұловтың баяндамасын тыңдады және бірнеше мәселелерді талқылады. Кездесуде тұрғындар, Алтықарасу ауылындағы мал қамайтын орынға (раскол) жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін, мәдениет үйіне күрделі жөндеу қажеттігін, балалар ойын алаңын салуды сөз етті. Бұл мәселер бойынша округ әкімі Ә. Боранқұлов: «Алтықарасу ауылдық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде, жыл аяғына дейін аяқталады. Сонымен қатар, мал қамайтын орынға жөндеу жұмысын жүргізу бойынша қосымша қажетті құбырлар алынды, қазан айының аяғына дейін жаңартылады. Балалар ойын алаңын салуға мердігер анықталып, жыл аяғына дейін салынады» деп жауап берді.
Аудан әкімі С. Аманбаевтың тұрғындармен есеп беру кездесуі – 12 қазан күні Қайыңды ауылдық округінде жалғасты. Округтегі есепті кездесуді Шибұлақ ауылынан бастаған аудан басшысы, өз баяндамасында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды. Ал округ әкімі Р. Рашев, тұрғындардың өткен кездесуде айтылған ұсыныстарын сөз етіп, қазіргі таңда Шибұлақ ауылының электр энергиясының қуатын арттыру жұмыстары толық жүргізілгенін, көше жарығын көбейту мәселесі келесі жылдың жоспарына қойылғанын жеткізді. Кездесуде тұрғындар тағы да елді мекендегі көшелерді жарықтандыру мен санитарлық-тазалық мәселелерін қозғады.
Бабатай ауылының тұрғындарымен есептік кездесуде, Р. Рашев өз баяндамасында Бабатай негізгі мектебіне аудандық білім бөлімі тарапынан сұйық отын жеткізілгенін, «Ауыл аманаты» жобасы аясында округте 2 жобаның құжаты дайындалып жатқанын және мал шаруашылығы бойынша өз кәсібін ашуға 11 тұрғын ниет білдіргенін жеткізді.
Кездесу барысында аудан әкімі алдымен аудан бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Кейін ауыл тұрғындарының ұсыныс, пікірлері тыңдай келе, Р.Рашевке, «Ауыл аманаты» жобасына қызығушылық танытқан ауыл тұрғындарына толық ақпарат беру үшін түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды, сонымен қатар тұрғындардың өзге де өтініштерін назарға алуды тапсырды.
Ағымдағы жылдың көктемінде, Бабатай өзені қатты тасып, арнасының өзгеруіне байланысты, ауылды су басу қаупі төнген болатын. Сондықтан С. Аманбаев, жиыннан соң, ауылдағы су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан іс-шараларды тексерді. Бүгінде, Бабатай өзенінің арнасын бұру мақсатында, «Қазсушар» РМ-сі ұзындығы 400, ені 3 метр және тереңдігі 50 сантиметр болған су арнасын қазу жұмыстары жүргізілген. Тексеру соңында аудан басшысы, округ әкіміне, өзен арнасын бұру жұмысының толық аяқталмағындығын, әлі де қазу жұмыстарын жүргізу қажеттігін және осы жұмыстарды бір ай мерзім ішінде аяқтау жөнінде тапсырма берді.
Бұл күнгі есептік кездесу — Құмқұдық ауылында түйінделді.
Кездесуде аудан әкімі С. Аманбаеваудан көлемінде, округ әкімі Р.Рашев, округте атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, тұрғындардың өтініштерін тыңдады және ұсыныс-пікірлерді назарға алынатынын айтты.
ТЕМІР ГАЗЕТІ.