«БОПАЙ» ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

0
97

БОПАЙ ХАНЫМ — ШАМАМЕН 1690-1780 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДА ЖАСАҒАН, ӘБІЛҚАЙЫР ХАННЫҢ ЗАЙЫБЫ, ЕЛ БАСҚАРУ ІСІНЕ АРАЛАСҚАН АСҚАН СҰЛУ, ӨТЕ АҚЫЛДЫ, ЕРЖҮРЕК ҚАЙРАТКЕР, АУЗЫ ДУАЛЫ МӘМІЛЕГЕР. ОЛ АДАЙ РУЫНАН ШЫҚҚАН ТАБЫНАЙ БАТЫРДЫҢ ҮЛКЕН ҰЛЫ СҮЙІНДІКТІҢ ҚЫЗЫ БОЛҒАН. БОПАЙ КЕНЕСАРЫ КӨТЕРІЛІСІНЕ ҚАТЫСУДЫ ХАЛЫҚ АРАСЫНДА ЖАЛЫҚПАЙ-ТАЛМАЙ ҮНДЕУМЕН ЖҮРГЕН, КЕЙІН ӨЗІНІҢ 6 ҰЛЫМЕН БІРГЕ ТАЛАЙ ЖОРЫҚҚА ҚАТЫСҚАН, 600 АДАМДЫҚ ЖАСАҚҚА ҚОЛБАСШЫ БОЛҒАН ӘЙГІЛІ ЕРЖҮРЕК АНА. БОПАЙ КҮЙЕУІ ӘБІЛҚАЙЫРДЫҢ ТҮПКІ МАҚСАТЫ — ЖАЙЫҚ КАЗАКТАРЫНЫҢ ЖӘНЕ ОРЫС БОДАНДЫҒЫНДАҒЫ БАШҚҰРТТАР МЕН ЕДІЛ ҚАЛМАҚТАРЫНЫҢ БЕЙБІТ ҚАЗАҚТАРҒА ШАПҚЫНШЫЛЫҚТАРЫН ТОҚТАТУ ҮШІН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ПАТШАЙЫМДАРЫ АННА ИОНОВНАМЕН ЖӘНЕ ЕЛИЗАВЕТА ПЕТРОВНАМЕН ХАТ ЖАЗЫСЫП, МӘМІЛЕГІЕ КЕЛІП ОТЫРҒАН АСҚАН ДИПЛОМАТ БОЛҒАН. А.И. ЛЕВШИН 19 ҒАСЫРДЫҢ 30-ЖЫЛДАРЫНДА: «БОПАЙ…. ӨЗІНІҢ АҚЫЛДЫЛЫҒЫ АРҚАСЫНДА БҮКІЛ КІШІ ЖҮЗДІҢ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНДІ ЖӘНЕ ОНЫ БАСҚАРУҒА ҮЛКЕН ЫҚПАЛ ЕТТІ» ДЕП ЖАЗДЫ.

2022 жылдың қараша айында, ауданымыздың орталығы Шұбарқұдықтан небары бірнеше шақырым ғана тұстағы, республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау» тас жолының 181-ші шақырымында, қазақ әйелінің символы ретінде тарихта аты қалған Бопай анамызға арналып, «Бопай» қызмет көрсету кешенін салу үшін құрылыс жұмысы басталған болатын. Өткен сенбіде, ауданымыздағы ең ірі инвестицияның бірі болып саналатын аталған кешеннің салтанатты түрде ресми ашылу рәсімі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Б. Елеусінова, атақты Әлкей Марғұланның шәкірті, тарих ғылымның кандидаты, Мадрид университетінің профессоры С. Өтенязов, күйші, сазгер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркемөнер академиясының академигі, С. Бәйішев университетінің құрметті профессоры Ш.Әбілтай, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары Академиясының коореспондент-мүшесі, ҚР Журналистер Одағының мүшесі А. Орынбаев, аудан әкімі С. Аманбаев және Бопай ханымның ұрпақтары, жергілікті БАҚ өкілдері т. б. қатысты.
Халық арасында «Бопай Ана кемпнигі» деп атала бастаған, 70 адамдық дәмханасы мен 100 адамдық жазғы асханасы, жанында жанармай құятын бекеті т. б. әсіресе ұзақ жолға шыққан жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған кемпинг, өткен жаз айларынан бері халыққа қызмет етіп келеді.
Кешеннің ашылу салтанатында тұсау кесер рәсімі жасалып, шашу шашылды, концерт қойылып, аудан әкімі С. Аманбаев, жол бойындағы сервисті дамытуға үлесін қосқан З. Қожаевқа алғысын білдіре отырып, «Темір ауданына сіңірген ерекше еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады және кешеннің салынуына атсалысқан бірқатар азаматтарға да құрмет көрсетілді. Кемпингтің ашылу салтанатының барысында Бопай ханымның рухына ас беріліп, құран оқылды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.