ҚАЗАҚТЫҢ ТОЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Қазақ халқы да басқа халықтар сияқты еңсесін сала еңбек ете білген, талай ұлттар мен жұрттарды озық өнерімен тамсандырған, думаншыл-сауықшыл елдердің бірі. Той десе қу бас домалайды» деп бекерге айтылмаған. Той – өткендегі ізгіліктер мен жақсылықтарды, озық дәстүрлерді жаңғыртып, жалғастырып отыратын тәлімі мол мереке. Той – аға ұрпақ пен бала ұрпақ арасындағы дәнекер көпір. Той – бүгінгі барды бағалау, келелі істер жайында ақыл қосу, заманына сай қазақтың салт-дәстүрін паш ету. Той – адам тану мектебі, адам еңбегін қастерлеу мектебі, елге еңбегі сіңген аға ұрпақтың жақсы ісін үлгімен мақтан ету. Той өткізу анау айтқан жеңіл-желпі, жүрдім-бардым шаруа да емес. Той – тамашаны көңілден шығардай, ұмытылмай есте ұзақ қалардай етіп өткізу үшін талай нәрсені алдын-ала білу қажет.Қазір, құдайға шүкір, заман тыныш, ел өмірі мерейлі. Бәрі бар, бәрі жеткілікті. Алайда, бұл күнде неғұрлым көбірек қонақ шақыру етек алып барады. Мұның өзі ашық бәсеке, атақ шығару таласына, дәулет салыстыруға, айналуда. Тойдың сәтті-сәтсіз өтуі, ең алдымен, асабаға тәуелді. Асабалық – аса ардақты адамға бұйырар сый әрі сенім. Асабалыққа қолы жеткендер ел-жұрттың сол сенімін де, сый-құрметін де бағалай білген жөн. Асаба кеше айтқанын бүгін қайта айтпай, әр тойға арнайы әзірленіп, айтар ой-пікірлері мен идеяларын жаңартып отыруы – парыз.Жастарымызды жаңа бір игі қадамдарға бастауды да той үстінде ұмытпаған абзал. Ебін тауып айта білсек, елдік мүдделерді, салт-дәстүрді жастар құлағына сіңіру қиын шаруа емес. Той иелерінің, яғни осы әулеттің отбасы үлкендерінің еңбеккер жандарының ел дәулетіне қосқан үлестерін, сіңірген еңбектерін асаба да, сөйлеуші де арнайы тоқталып өткендері жақсыға құрмет, жастарға ғибрат.
Арнайы ат арытып, адам шақыртып той жасаған соң, барша сән-салтанатымен, өзіндік жөн-жоралғысымен, мәнді, ұзақ есте қаларлықтай қызықты етіп өткізгенге не жетсін?! Тойдың қызықты-қызықсыз, мәнді-мәнсіз өтуі — үй иесінің той басқаратын асабаны таңдауына да байланысты.
Қазіргі тойлар кешке қарай басталады, қонақтар алды келе бастағанда, той иелері қарсы алып тұрса, келген қонақтар тақтаға қонақтар тізімі ілінген столға орналасса, абыр-сабыр болмас еді. Халқымыз әуелден кісілікті, ізеттілікті, әдептілікті, мәдениеттілікті, біліктілікті белгісі ретінде құрмет тұтқан. Оның құны қашан да жоғары. Той үстінде асаба тарапынан көрсетілген тәрбиелік тағылымы, ізгілікті ықпалы орасан болатынын ескерсек,оған жүктелетін азаматтық жауапкершілік те елеулі болмақ.
Той үстінде асаба нақты жағдайға байланысты не айту, қалай айту керектігін білуі керек. Халқымыздың әл-ауқаты артқан сайын ағайын-туыстық, жекжат-жұрағаттық, дос-жаранның басын қосатын қызықшылықтар мен той-томалақтардың түрі көбейді. Жас бүлдіршіннің дүниеге келуі, мектепке баруы, ер жетіп, кәмелеттік жасқа толу басқа да толып жатқан отырыстарды бұл күндері орағытып өту тіпті мүмкін емес. Қарап отырсаңыз, бәрі дұрыс, бәрі жарасымды. Күлкі көбейіп, көңіл хошының емі табылып жатса, оның еш сөкеті жоқ. Өйткені, қамшының сабындай қысқа ғұмырдан адам баласының көңіл сыйластығы мен тату-тәттіліктен басқа еншілер мұрасы жоқ. Зерделі адам осындай ой түйіндер еді. Бірақ әр отырыстың өз жолы, өз жоралғысы бар. Келген қонағы риза болып, жақсы салт-дәстүрмен өткен қуанышын жүрген жерде айта жүрсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қуаныш үстінде сыйлы қарттар мен құдалардың бата беру тәсілі, той үстінде салт-дәстүрден аспаған қызықты ойындар, әзіл-қалжыңдар. Жас келін өзінің аттаған босағасында беті ашылуы, бет ашар ақын жігіттің мәнерлі де әсерлі жырмен жақын-жуықты таныстыруы, әжелер келіндердің өз қолынан жіптен тоқыған ойыншық бұйымдарын тойға шашуы жақсы әсер беріп жатады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар дегендей, тойымыз көбейе берсін, соны өткізетін дәулет күшіміз болсын. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда бейбіт өмірімізді жақсы істермен, салт-дәстүрімізді құрметтей жүрейік. Құрмет етсең халқыңа, құрмет көрерсің. Дүние керуен, адам бір көшкен керуен.
Атаның салған жолы бар,
Ананың тіккен қолы бар.
Көңіл аудар даналардың сөзіне,
Адал жанды өнеге тұт өзіңе.
Той — тәрбие мектебі екенін ұмытпайық.
М. Н. НҰҒЫМАНОВ,
Шұбарқұдық ауылдық округі ардагер кеңесінің төрағасы.