АУЫЛДА ӨТКЕН КЕЗДЕСУЛЕР

0
26

АУДАН ӘКІМІ С. АМАНБАЕВ 1 ҚАРАША КҮНІ ЖАҚСЫМАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ, 2 ҚАРАШАДА КЕҢЕСТУЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ. КЕЗДЕСУГЕ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ Б. ШАИМОВ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЛАРЫ, БӨЛІМ МЕН МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫ, ЖОҒАРЫДА АТАЛҒАН ҚОС ОКРУГТІҢ ӘКІМДЕРІ ҚАТЫСТЫ.Жақсымай ауылдық округінің орталығы Шұбарқұдық ауылындағы тұрғындармен кездесуде округ әкімі С. Төлеуов бяндама жасап, абаттандыру туралы және тұрғындардың ахуалын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жиында, ауыл тұрғындары жеке және жалпы мәселелер бойынша ұсыныс, пен сауалдарын жеткізді. Кездесу соңында аудан әкімі С. Аманбаев, округ әкімі С. Төлеуовке, ескі мұнайшылар стадионын қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуді, жобалар жасақтауды, жаңа саябақ салуды ұйымдастыруды тапсырды.
Жақсымай ауылдық округіне жұмыс сапары барысында аудан әкімі С. Аманбаев, Шұбарқұдық ауылындағы жеке кәсіпкерлерді аралап, «Ауыл аманаты» жобасы аясында өсімдік айналысып отырған «Чирков» жеке кәсіпкерлігіне барды.
Кәсіпкер М. Чирков, өз өнімдеріне сұраныстың жақсы екендігін, өнімдерін ауылдық округтегі шағын дәмханаларға тасымалдайтындығын жеткізді. Кездесу барысында аудан басшысы С. Аманбаев, М. Чирковқа өз өнімдерін тиімді бағада тұрғындарға ұсынып, өнімділігі мен сапасын арттыруға тілектес екендігін білдірді.
Сондай-ақ, аудан әкімі С. Аманбаев, жуырда ашылған «Nuni Food» кафесіне барды. «Nuni Food» — фастфуд желісін ұсынатын шағын кафе. Кафе иесі — ауыл азаматы, жеке кәсіпкер Ө.Байғанин. Фастфуд желісі өткен қазан айында ашылып, қазіргі таңда 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ө. Байғанин алдағы уақытта өз нысанын одан әрі дамыту үшін мемлекеттік қатысуға ниетті екенін айтты. Кездесу барысында аудан басшысы жеке кәсіпкерге тұтынушылардың өтініштері мен талаптарын әрдайым бақылауда ұстай отырып, жоғары сапада қызмет көрсетуді ұсынды.
Ал, Жақсымай бекеті тұрғындарымен кездесуде де, С. Төлеуов, округтің әлеуметтік-экономикалық даму барысында атқарылған жұмыстар мен алға қойылған мақсат-міндеттер, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары туралы баяндады. Мұндағы кездесу барысында да тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін айтып, бірқатар мәселелерді көтерді.
Кездесу соңында аудан әкімі С. Аманбаев округ әкімі С. Төлеуовке тұрғындар мәселелерін ескере отырып, Жақсымай бекетінің кіре берісіне асфальт жамылғысын  төсеу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындауды, елдімекендегі тиісті көшелерге қосымша жарықтандыру жүргізуді, жаңа саябақ орнатуды ұйымдастыруды тапсырды.
Сонымен бірге, аудан әкімі С. Аманбаев, ауылдық округте «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 172 204,0 мың теңге, облыстық бюджеттен 19 134,0 мың теңге қаражат бөлініп, бас мердігер — «Стронеф» ЖШС тарапынан салынып жатқан 150 орындық мәдениет ошағының құрылысын қарады. Қазіргі таңда клуб үйінің ішкі және сыртқы жұмыстары толық аяқталып, тазалық жұмыстары жасалуда. Сонымен қатар, алдағы уақытта клуб үйіне газ жүргізу жұмыстары жүргізіледі. Құрылыс жұмыстарын қараған аудан басшысы округ әкімі С.Төлеуовке және аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ж. Мыңжасарға клуб үйінің алдағы жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтай отырып, пайдалануға беру керектігін жеткізді.
С. Аманбаев, Жақсымай ауылдық округіне жұмыс сапары барысында, округтегі жоба құны 73 миллион теңгені құрайтын, мердігер мекеме — «Ақтөбе құрылыс аймақ» ЖШС салып шыққан жол құрылысын қарады. Қазіргі таңда «Техникум» және «Нефтяник» көшелеріндегі автокөлік жолының орташа жөндеу құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген, жаяу жүргіншілерге арналған белгілер, мектеп жандарында оқушы макеттері және ақпарат тақтасы орнатылған. Аудан басшысы С. Аманбаев, округ әкімі С. Төлеуовке көше жолдарының құрылысы басты назарда екенін ескертіп, тұрғындардың өтініштерін үнемі назарға алып отыруды тапсырды.
Аудан әкімі С. Аманбаевтың бекітілген кестеге сәйкес тұрғындарымен есептік кездесуі – 2 қараша күні Кеңестуы ауылдық округінде жалғасты. Мұнда аудан басшысы кездесуді Шитүбек ауылының тұрғындарымен бастады. Жиын барысында округ әкімі Ж.Маясаров, атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар бойынша баяндама оқыды. Баяндамада ауыл көшелері электр жарығымен жарықтандырылғаны және мобильді интернет жүйесі іске қосылғаны, ауыл тұрғындары тарапынан түскен бірқатар әлеуметтік мәселелер өз шешімін тапқаны туралы айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша аудан басшысы С. Аманбаев, Кеңестуы ауылдық округі әкімі Ж. Маясаровқа ауылды дамытуға басымдық бере отырып, тұрғындардың өтініштерін жіті бақылауға алуды тапсырды.
Шитүбекте С. Аманбаев, ауылда орналасқан «Сайгак Казахстан» ЖШС өкілімен кездесті. Қазіргі таңда бұл мұнай өндіру орнындағы аталған мекеме өз жұмысын тоқтатып тұрғанына көп уақыт болды. Алдағы уақытта жаңа кәсіпорын мұнай өндіру жұмыстарын жүргізеді деп күтілуде. Аудан әкімі С. Аманбаев округ әкімі Ж. Маясаровқа жаңа кәсіпорын анықталған бойдан тиісті келіссөздер жүргізуді және жергілікті тұрғындардың жұмысқа орналасуын қадағалауды тапсырды.
Қалмаққырылған ауылының тұрғындарымен кездесуде де, Ж. Маясаровтың 2023 жылдың 10 айында әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы бойынша баяндамасы тыңдалды және ауыл тұрғындары тарапынан түскен өтініштер мен сауалдар бойынша тиісті бөлім басшылары жауап берді. Жиын соңында аудан басшысы тұрғындар өтінішін назарға ала отырып, округ әкімі Ж.Маясаровқа алдағы уақытта көтерілген мәселелер бойынша жұмыстануды тапсырды.
Қопа ауылында өткен есептік кездесуде С. Аманбаев, аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Сонымен қатар, округ әкімі Ж.Маясаров Кеңестуы ауылдық округі бойынша өзінің есептік баяндамасын оқыды. Баяндамада елді мекенді абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары толық жүргізілгенін, ауыл көшелері толығымен жарық шамдарымен жарықтандырылғанын атап өтті. Биылғы жылы Қопа ауылында ауылішілік жалпы ұзындығы 1 шақырымды құрайтын жол жүргізілген. Кездесу соңында аудан әкімі С.Аманбаев ең алдымен тұрғындардың ұсыныстарын шешуге жұмыс жасалатындығын мәлім етті. Осы сапарында аудан әкімі С. Аманбаев, Қопа ауылындағы, Мектеп көшесінің автомобиль жолының асфальттау жұмысын қарады. Қазіргі таңда аталған көшенің асфальттау жұмыстары 95 %-ға аяқталып, жол жиегіне қиыршық тастар төгу жұмыстары жасалып жатыр. Жол құрылысын жүргізіп жатқан бас мердігер — «БатысКоммерцСтройСервис» ЖШС. Сонымен қатар, жобада қосымша 35 жарық шамын орнату қарастырылған, қазіргі уақытта барлық шамдар асфальт бойына орналастырылған. Алдағы уақытта жол жиегіне шиыршық тастар төсеу және жол белгілерін орнату жұмыстары толық аяқталатын болады.
Аудан басшысы С. Аманбаев, Кеңестуы ауылдық округі әкімі Ж. Маясаровқа, жөндеу жұмыстарының дер кезінде, сапалы аяқталуын жеке бақылауға алуды тапсырды.
Сондай-ақ С. Аманбаев, Кеңестуы ауылдық округіне жұмыс сапары кезінде, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,8 миллион теңге көлемінде несие алып, наубайхана ашқан А.Үмітбаеваның жұмысымен танысты. Наубайхана, қазіргі таңда күніне 200-ге жуық нан пісіріп, Қопа ауылының 5 азық-түлік дүкенін, Шұбарқұдық ауылдық округіндегі бірқатар көтерме сауда үйлеріне де нан тасымалдап, тұрғындарды өз өнімімен қамтамасыз етіп отыр. Кездесу барысында аудан әкімі жеке кәсіпкер А.Үмітбаеваға әлеуметтік маңызы бар — нан өнімдерінің қоры жеткілікті, бағасы қолжетімді болуын қадағалау керектігін ұсынды.
Сондай-ақ, С. Аманбаев, Қалмаққырылған ауылының тас жолы бойында салынып жатқан жаңа нысанды қарады. Жол бойындағы қызмет көрсету нысанын «Юнисерв» ЖШС тұрғызуда. Бүгінде, нысанның жұмыстары 10 күннің ішінде аяқталып, ауылдық округтің меншігіне беріліп, жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтілуде. Мұнда жол бойында қызмет көрсету нысаны — «wi-fi» қызметін қолдануға, электронды гаджеттер мен ұялы телефонды қуаттауға мүмкіндік беретін болады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті жағдай қарастырылған. Нысанда шағын кафе қызметі бар, қысқы мезгілде ауа райының қолайсыз кезеңдерінде жылыну орны ретінде пайдалануға да болады.
Аудан әкімі С. Аманбаев, тұрғындармен кездесу үшін Жақсымай және Кеңестуы ауылдық округтеріне жасаған екі күндік сапарының соңында екі ауылдың әкімдеріне тұрғындардың пікірлері мен өтініш және ұсыныстары бағытында жұмыс алып баруды тапсырды.
ТЕМІР ГАЗЕТІ.