ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕНГЕН АҚСАҚАЛ
ШҰБАРШИ АУЫЛЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ ЖӘНЕ ШҰБАРШИ ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІНІҢ ҚАМҚОРШЫЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ БАЛТАБАЙ ӘБЕНОВ, 1949 ЖЫЛЫ ХОЖЕЛІ ҚАЛАСЫНДА ТУҒАН. КӨП ЖЫЛДАР БОЙЫ КЕҢҚИЯҚ КӨЛІК БАСҚАРМАСЫНДА ЖҮРГІЗУШІ, МЕХАНИК, ЖҮК КӨТЕРГІШ МАШИНИСТІ, ЖӨНДЕУ-МЕХАНИКАЛЫҚ ШЕБЕРХАНАСЫНЫҢ АҒА ШЕБЕРІ, ЖӨНДЕУ- МЕХАНИКАЛЫҚ ШЕБЕРХАНАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ, ГАРАЖ БАСТЫҒЫ, МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН КӨЛІК БАСҚАРМАСЫНДА № 2 КӨЛІК ПАРКІНІҢ ИНЖИНЕР-МЕХАНИГІ, МЕХАНИКА-ЭНЕРГЕТИКА БӨЛІМІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ БОЛҒАН ОЛ КІСІ, ЕҢБЕКТЕГІ ЖЕТІСТІКТЕРІ ҮШІН АЛҒАН МАРАПАТТАРЫНЫҢ САНЫНАН ЖАҢЫЛЫСАМЫЗ ДЕСЕК, АРТЫҚ АЙТҚАНДЫҒЫМЫЗ ЕМЕС.
Мәселен, Балтабай Әбеновке еңбек еткен түрлі жылдарда бірде кеңес одағының мұнай өндіру министрлігі ақшалай сыйлық табыс етілсе, енді бірде социалистік жарыста жоғары көрсеткіш көрсеткені үшін «АқтөбеМұнайГаз» өндірістік бірлестігі «Озат жұмысшы маман» атағын беріп, Қазақстан мұнай өндірісіне 100 жыл толуына байланысты «АқтөбеМұнайГаз» өндірістік бірлестігінің «Құрмет грамотасымен» және кәсіподақ комитеттерінің ұсынуымен «Он екінші бесжылдықтың екпіндісі» белгісімен марапаттаған.
Ал оның 33 жылдық еңбек өтілі барысында мұнайшылардың жұмысын жеңілдету мақсатында өзі ойлап тапқан рационализаторлық ұсыныстары үшін алған марапаттарының өзі бір төбе. Балтабай Әбенов бұл бағытта өндіріске 50 рет жаңалық қосқан. Осы еңбектері үшін алған грамоталары, алғыс хаттары, заттай және ақшалай сыйлықтары қаншама!
Ол сондай-ақ мекеме жұмыстарын атқарудағы аса белсенділігі үшін бірнеше рет облыстық, аудандық газеттерге шыққан, Темір аудандық «Халық заседателі» болған, «Кенқияқ көлік» басқармасының сұранысы бойынша Кенқияқ оқу комбинантында өндіріске мамандар дайындаған, Кенқияқ орта мектебінің өтінішіне сәйкес оқушыларды «Автомобиль жөндеуші» мамандығына да оқытқан. Сонымен бірге, оның мұрағатында Ақтөбе облыстық мәслихатының грамотасы, Кенқияқ мұнайының 40 жылдығына байланысты алған медалы, Республикалық ардагерлер қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының «Құрмет» грамотасы, «Темір ауданына сіңірген ерекше еңбегі үшін» және «Темір ауданының қайта құрылғанына 50 жыл» төсбелгісі сақтаулы. Айта берсек, Балтабай ағаның мұндай марапаттары өте көп. Ол бұларға өзінің жұмысын жауапкершілікпен адал атқаруының арқасында қол жеткізген.
Балтабай Әбенов бүгінде де қол қусырып қарап отырған емес. Ол қазір, жоғарыда айта кеткеніміздей, Шұбарши ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы және Шұбарши жалпы орта білім беретін мектебінің қамқоршылық кеңесінің мүшесі ретінде, жас ұрпақ пен тұтас қоғаммен тығыз байланыс орната отырып, ауылдың дамуына және ұрпақ тәрбиесіне ерекше үлес қосып келеді. Ол кісінің өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесінің орны біз үшін бөлек. Осынау биік, жетістігі мол тұлғаны мақтан тұтып, құрметету біздің парызымыз.
Ақтолқын ӨСЕРБАЙ.