ҚАСІРЕТТІ ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚОС ОҚИҒА

0
26

ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫННЫҢ ТҰРҒЫНЫ, АТАҚТЫ СӘҢКІБАЙ БАТЫРДЫҢ ҰРПАҒЫ, 1955 ЖЫЛЫ ТУЫЛҒАН ТҰРСЫНБАЙ БАЛАУШИН, ЖАСТАЙЫНАН АУЫЛ ҚАРИЯЛАРЫНЫҢ ӘҢГІМЕЛЕРІН ЕСІТІП ӨСКЕН ЕРЕКШЕ КІСІ. СОЛ КІСІ ЖУЫҚТА МАҒАН, ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ 20-ШЫ ЖЫЛДАРЫНДА АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ТЕМІР МЕН МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНЫҢ АУМАҒЫНДА БОЛҒАН ЕКІ ОҚИҒАНЫ ӘҢГІМЕЛЕП БЕРГЕН БОЛАТЫН. ӘДЕПКІДЕ, БҰЛ ҚОС ОҚИҒАНЫ СОЛ БІР ТҰСТАҒЫ КАЗАКТАРДЫҢ ҚАЗАҚ АУЫЛДАРЫНА ЖАСАҒАН ТАЛАЙ ЖАУЫЗДЫҚТАРЫНЫҢ БІРІ РЕТІНДЕ ҚАБЫЛДАП ОТЫРҒАН МЕН, ӘҢГІМЕЛЕРДІ СОҢЫНА ШЕЙІН ТЫҢДАП БОЛҒАН СОҢ, ТҰРСЫНБАЙ БАЛАУШИННІҢ МҰНДАҒЫ АЙТАРЫ МЕН ОЙЛАҒАННАН ДА ТЕРЕҢІРЕК ЕКЕНІН ТҮСІНДІМ.

— Бұл екі әңгімені мен бала кезімде анамнан және ауылдағы бірнеше ақсақалдардан естігенмін, — деп бастады Т. Балаушин бірінші әңгімесін. — Бұл 1921-1922 жылдары, Ресей империясының атышулы генералы Дутовтың атты казактары, Орал қаласы жақта қызыл әскердің жағында соғысқан Чапаевтың қолынан жеңіліп, Қазақ даласына қарай бытырай қашқан тұс болса керек. Сондай казактардың мұздай қаруланған бір эскадроны Темір өзенінің бойындағы қызылдардың үкіметі орнаған Темір қаласына соғудан сескеніп, оны айналып өтіп, өзеннің төменгі сағасына келіп тоқтаған екен. Содан казактардың атаманы, эскадрон құрамындағы татар ұлтының өкілі – тілмаш жігітті, өздері атшалдырған өзен жағасының арғы бетіндегі, кеңес үкіметі әлі келе қоймаған, ілгеріден орыспен араласпай, бөлек жасап, ежелгі қазақы салт-дәстүрін сақтап, ауызбіршілікпен мал бағып, егін салып, бейбіт өмір сүріп отырған Балдысай ауылына жұмсайды. Тілмаш қайраң арқылы өзенді кешіп өтіп, ауылға келеді де: «Кім бар?! Ауылда ақсақал не басшы бар ма?! Сөйлесетін мәселе бар! Келіп, менімен сөйлессін!» деп айқайлайды. Балдысай ауылын басқарып отырған, сол кездері жасы 50-ге келген менің нағашы атам, анамның әкесі Әлібай екен. Сол кісі әлгі тілмашпен сөйлесуге шығады.
— Мына өзеннің арғы жағындағы жағаға бір эскадрон Дутовтың атты казактары тоқтап, демалып жатыр, — дейді әлгі тілмаш Әлібайға. — Олардың аттары ұзақ жолдан әбден болдырған. Мені сол казактардың атаманы, осы ауылмен келісуге жіберді. Казактардың аттарын ауыстырып бересіңдер. Бұл бір. Екіншіден, эскадрон әскерлеріне бірнеше күнге жететін азық дайындауларың керек. Кейін сен өзің бізге жол бастап барып, Ембі қаласын көрсетесің. Содан соң ғана біз саған ауылыңа қайтуыңа рұқсат береміз. Мұның бәрін қызылдар білмеуі керек. Егер жолда қызылдар кездесе қалса, мұны Балдысай ауылының адамы хабарлаған болып есептеліп, сені атып кетеміз. Міне, атаманның шарты осы. Осы үш шартты орындасаңдар, эскадрон өзеннен бері өтпейді, сол жерден Ембіге қарай кете береді. Ал егер, бұл шарттарды орындамасаңдар, бұларға бәрібір, эскадрон өзеннен бері өтіп, әйел-қыздарыңды зорлап, бала-шағаға дейін ауылды түгел қырып салады.
Мұны естіген Әлібай: «Сен осы жерде отыра тұр, мен халықпен ақылдасайын. Жауабын сосын беремін» деп, қазақтың қонақжайлығымен қымыз бергізіп, өзі ауыл адамдарымен кеңесуге кетеді. Кеңеске жиналғандарға жағдайды түсіндіре келе Әлімбай: «Не істейміз?» деген сұрақты ортаға тастайды. Көпшіліктің шешім шығаруы оңай болмаған. Ауыл адамдары екі оттың ортасында қалған еді. Казактардың талабын орындамаса, олар қазір-ақ ауылды қырып салуға дайын тұр. Қызылдарға хабар беріп, жәрдем сұрау мүмкін емес, ауыл казактар тарапынан қатаң бақылауда тұрғаны да анық. Егер талапты орындап, қызылдар мұны сезіп қалса, олар да бұл ауылды аямайтыны белгілі…
Қысқасы, кеңес соңында ауыл адамдары: «Шарттарын орындамасақ, эскадрондағы әбден үйретіліп, талай соғысты көрген, қарулы әскерге бейбіт ауылды ойрандау түк те емес. Неде болса, бұлардың айтқанын істеп, қызылдарға білдіртпей шығарып салып, ауылды аман алып қалу жолын таңдау керек» деген ұйғарымға келеді. Сонда Әлібай ауыл адамдарына: «Алда-жалда қызылдар біліп қалса: «Біз мына адамды ауыл ақсақалы етіп сайлағанбыз. Осының айтқанын істедік» деп, бәрін маған аударыңдар, мен бір өзім кетейін, ел аман қалсын» дегенді айтады.
Сол кезде ауылда бір отбасы баласын сүндетке отырғызып, той жасайын деп жатыр екен. Сондықтан, сол тойды пайдаланып, баланың аты бала ғой, «Балалы үйде сыр жатпайды» дегендей, сөз шығып кетпесін деген мақсатта, барлық тілі шыққан балаларды сол үйде ұстап, оларға сездірмей, шұғыл түрде арғы жақтағы шағылдың ішінен жылқыларды алдырып, казактардың аттарын ауыстырып, бүкіл ауыл жабылып, мал сойып, етін тұздап, жолға азық дайындайды. Ауыстырылған эскадрон аттарының сауырында казактардың таңбасы болған екен. Соны көріп қалып, қызылдар сезіктеніп, ауылға кесірі тимесін деп, таңбаларды күйдіріп, жояды. Бір қызығы, сол жылқылардың күйдірілген жеріне кейінірек ақ жүн өсіп шыққан. «Балдысайдың ақ жамбас жылқылары» деген сөз сол оқиғадан қалған деседі.
Сонымен, ауыл адамдары бар жұмысты ұйымшылдықпен қарқынды қимылдап, бір түнде бітіріп, Әлібай таңертең казактарға жол бастаушы болып, Ембі қаласына қарай жол жүреді. Жолда келе жатып, Әлібай әлгі татар тілмаштан: «Ембіге барып, не істейсіңдер?» деп сыр тартады.
— Ембіде теміржол бекеті бар. Біз сол жерден бір паравозды тартып алып, соған бірнеше вагонды тіркеп, аттарымыз бен жем-шөп, азық-түлік тиеп, Жетісуға кетеміз. Генерал Дутов барлық атты казактарды Верный қаласына жинап жатыр. Сол жақтан жаңа шабуылды бастап, қызылдардың үкіметін құлатамыз, — депті татар тілмаш.
Қысқасы, бірнеше күн жүріп отырып, Ембіге жақындағанда, Әлібай казактарға қаланы сыртынан көрсетеді. Казактар содан соң ғана мұны босатады. Әлібай ауылға келген соң, қайдан есіткенін кім білсін, мүмкін біреулер осы жаққа қарай Дутовтың атты казактарының өткенін айтты ма екен, ауыл адамдарынан күмәнданған қызылдар Балдысайды қоршап алады да, тексере бастайды. Бірақ қызылдар, ежелден қазақы салт-дәстүр мен бір ақсақалға бағынып, бірлікті мықтап сақтап келе жатқан, ақылы мен айласы мол ауылдың адамдарынан, тіпті балаларынан да, бір түйір сыр тарта алмапты. Міне, осылайша Әлібай тұтас бір ауылдың адамдарын аман алып қалған екен…
Осылай деп, бірінші әңгімесін аяқтаған Т. Балаушин екінші оқиға туралы әңгімесін бастап кетті.
— Ал енді екінші оқиғаны айтайын, — деді ақсақал орнынан бір қозғалтақтап қойып. – Бұл оқиға да осы аймақта, бірінші оқиғамен балама дерлік болған. Яғни, атты казактардың дәл сондай бір эскадроны аталған аумақтағы, ертеректе келіп қоныстанған казактар мен қазақтар араласып жасайтын, сол тұста кеңес үкіметі орнап үлгірген Сағаши ауылын басып алып, Горачевский деген ауылдық кеңестің төрағасын атып өлтіріп, қазақтардан ат пен азық-түлік жинай бастайды. Бұлардың да мақсаты – Верный қаласына жетіп, Дутовтың әскеріне қосылу екен. Сол күндердің бірінде әлгі казактардың атаманына біреулер, осыдан 12-15 шақырымдай жердегі «Елқандағаш» деген ауылда, көптен бері осы аймақтағы бәйгенің алдын бермей келе жатқан аса бір жүйрік ат бар екенін айтады. Мұны есіткен атаман, сол атты тартып алып, осында алып келуге екі казакты жұмсайды. Екі казак, бұйрықты орындау үшін сол ауылға кетіп бара жатып, 7-8 шақырымды артқа тастаған кезде, жолдағы ойпаңдау жерде ауылдың жылқыларын бағып жүрген «Елқандағаштың» бірі сақа, екіншісі жастау — екі адамына кездеседі. Екі казак оларға келе жатқан жұмысын айтып: «Атаман сұрап жатыр» деп, әлгі жүйрік атты беруді талап етеді. Жылқыны бергісі келмеген сақа жігіт, екіншісіне қазақшалап: «Мен қазір мына біреуін ептеймін, сен анау екіншісіне ие бол» дейді де, өзі дереу бір казакқа құрық тастап, қылғындыра бастайды. Мұны көрген екінші казак қорқып кетіп, қаша жөнелген. Оның астындағы аты жүйрік екен, жас жылқышы қанша қуса да жете алмай, айырылып қалып, кері қайтып келсе, сақа жылқышы әлгі казакты қылғындырып, өлтіріп тастапты. Содан кейін бұл екеуі, болған оқиға туралы «Елқандағашқа» хабар бермей, Темір өзенінің қайраңы арқылы арғы бетке өтіп, мүлде басқа бағытқа қарай, анығырағы «Тепсеңбұлақ» деп аталатын жаққа таман кетеді. Сөйтіп, «Елқандағаш» ауылының адамдары бұл оқиғадан мүлдем хабарсыз қалған. Ал, әлгі қашып кеткен казак Сағашиге барып, атаманға болған оқиғаны түгел баяндап берген. Содан атаман жедел дабыл көтеріп, бүкіл эскадронды «Елқандағашқа» бастап, алып келеді. «Елқандағаштың» халқы Қопа көлінің жағасында екі бөлініп отырады екен. Казактар атаманның бұйрығы бойынша екі ауылға екіге бөлініп кірген бойдан бала-шаға, қарт, әйел-еркек демей, бәрін бір жерге жинап, оқ шығындамау мақсатында тек қылышпен турай бастаған. Бірқатар адамдар, бір амалын тауып, көлдің қопасына тығылып үлгіріп, аман қалған. Сол қырғынды өз көзімен көргендер, қанның судай аққаны сонша, көлдің беті қып-қызыл түске боялды дегенді айтады. Казактар ауылдан кеткеннен соң, жараланғандарды айтпағанда, 41 адам қаза болғаны анықталған. Аман қалған адамдар, жылап-сықтап жүріп, қаза болғандардың жатқан жанынан жер қазып, жерлей бастағанда, мүрделердің астынан Тәжіхат деген жігіт бір қолы иығынан шабылған күйі тірі табылған екен. Біз сол адамды, 1960 жылдардың ішінде көрдік, менің шамалауымша, ол 60-тан асқан кісі еді. Біз бала кезімізде «Елқандағаш» ауылының маңынан талай рет шөп шаптық. Сонда көлемі өте үлкен бейітті көріп өстік. Бұл бейіт – қасіретті жылдардың куәсі болып әлі күнге дейін тұр…
— Бұл қос оқиға, менің назарымда бір заманда, бір елдің ішінде, өмір сүрген бір ұлттың екі ауылы адамдарының екі түрлі менталитетте жасағанын көрсетіп тұр. Егер тереңірек ойлап қарасақ, мұндағы бірінші оқиғадағы жағдайда, бөтен менталитет араласпаған, ауызбіршілігі мол, қазақы салт-дәстүрді қатаң сақтап, демократиялық жолменен ауылдың өздері сайлаған ақсақалын сыйлап, соның ғана ақыл-кеңесін тыңдап, соған ғана бағынатын, соның айтқанын ғана істейтін тәрбиелі, көргенді қазақ ауылының үлкен апаттан дін аман қалғанын көреміз. Ал екінші оқиғада бөтен ұлтпен араласып, қазақы салт-дәстүрді мүлдем жоғалтып алған, ақыл айтып, ауыл адамдарына бағыт-бағдар берер, жол көрсетер ақсақалсыз қалған, ауызбіршілігі бұзылған ауылдың бөтен менталитеттің ықпалымен өскен, қазақы тәрбие алмаған, елді емес, тек өздерінің қара басының амандығын ғана ойлайтын екі жігіттің қылығынан, бір казактың құны үшін бір ауылды қырғынға ұшыратып, 41 кісіні құрбандыққа шалынуына кесірі тигені көрініп тұр. Мені осы күнге дейін: «Егер, әлгі қырғынға ұшыраған «Елқандағаш» ауылы, қазақы салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай сақтаған күйі өздері сайлаған ақсақалға бағынып, жастарын бала кезінен ежелгі қазақы менталитетпен тәрбиелеп өсіріп, әркім өз қарабасының қамын емес, барлығы бір қазақ үшін, бір қазақ барлық қазақ үшін деген ұстаныммен ауызбірлікте өмір сүргенде, әлгі екі жігіт ең болмаса, ауылға хабар беріп, ел адамдарының өз ақсақалымен кеңес құрып, қырғынның алдын алған қалпы қам жасап, бәлкім аталған қайғылы оқиға жүз бермес пе еді…» деген ой жиі мазалайды. Осы бір қос оқиға, біздің тәуелсіздігіміздің болашағы – бүгінгі еліміздің жастарына сабақ болса екен… — деп аяқтады әңгімесін Тұрсынбай Балаушин ауыр күрсініп…
Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЕВ