ҚЫЗЫЛША АУРУЫНАН САҚТАНЫҢЫЗДАР

0
52

СОҢҒЫ КЕЗДЕ ОТАНДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУ МАМАНДАРЫ ЕЛІМІЗДІҢ КЕЙБІР АУМАҚТАРЫНДА ҚЫЗЫЛША АУРУЫНЫҢ ТАРАЛЫП ЖАТҚАНЫ ТУРАЛЫ ДАБЫЛ ҚАҒЫП, ТҰРҒЫНДАРДЫ САҚ БОЛУҒА ШАҚЫРЫП ЖАТЫР. БҰЛ АУРУ ЖӨНІНДЕ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ, СОНЫҢ ІШІНДЕ БІЗДІҢ АУДАНЫМЫЗДЫҢ ДӘРІГЕРЛЕРІ ДЕ ЖЕРГІЛІКТІ БАҚ-ҚА МАҚАЛА, ХАБАРЛАНДЫРУ, ЕСКЕРТУ Т. Б. ЖАРИЯЛАУДЫ ЖИІЛЕТІП, ТЕМІРЛІКТЕРДІҢ ДЕНСАУЛЫҚТАРЫНА АЛАҢДАП ОТЫРҒАНДАРЫН БІЛДІРЕ БАСТАДЫ. ОСЫҒАН БАЙЛАНЫСТЫ БІЗ, ТЕМІР АУДАНДЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ НҰҒМАНОВА СВЕТЛАНА ЗЕЙНУЛДИНҚЫЗЫНА ЖОЛЫҒЫП, АТАЛҒАН МӘСЕЛЕ БОЙЫНША СҰҚБАТТАСҚАН ЕДІК.

— Светлана Зейнулдинқызы, алдымен жалпы қызылша ауруы туралы эпидемиологиялық ахуалға тоқталып өтсеңіз…
— Ағымдағы жылы Ақтөбе облысы бойынша қызылшаның 3 683 жағдайы тіркелсе, солардың 84 %-дан астамы бұрын қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар болып тұр. Анығырағы екпе алмай қызылшаға шалдыққан сол 84 пайыз балалардың 65 пайызы 1 жастан 5 жасқа дейінгі сәбилер (2750) және 13,1 пайызы 1 жасқа дейінгі бөбектер екені анықталды. Олардың барлығы медициналық бақылауға алынған. Қазіргі уақытта, өкінішке орай, біздің ауданымызда да қызылшамен сырқаттанудың тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайы байқалады. Бүгінгі күнге дейін Темір ауданы тұрғындары арасында қызылшаға күдікті 75 жағдай тіркелді, оның ішінде зертханалық жолмен расталғаны 14 жағдай. Елді мекен бөлісінде қызылша ауруының ең жоғары деңгейі Шұбарқұдық кентінде 35 жағдай тіркелген. Қалған елді мекендердің ішінде Шұбарши ауылынан 20, Кеңқияқтан 16, Құмсай, Алтықарасу және Қопадан бір-бір жағдай ұшырасты. Ауырғандардың 61-і он төрт жасқа дейінгі балалар болса, 14-і ересектер. Тіркелінген жағдайлардың 73,6 пайызы қызылшаға қарсы екпені алмаған балалар. Олардың кезінде екпеден бас тартқандары — 48, екпе алатын жасқа әлі толмағандары — 9 бала. Темір ауданы бойынша қызылша ауруына шалдыққан науқастарды емдеу үшін 10 керует бөлінді. Қазіргі таңда аудан бойынша емханада 12 адам ем алуда.
— Енді қызылша ауруы туралы толығырақ тоқталсаңыз.
— Қызылша — дене қызуының көтерілуімен, ағзаның улануымен, жоғары тыныс жолдарының зақымдануымен және денеде қызыл дақтардың пайда болуымен сипатталатын жіті инфекциялық ауру. Жұқпа көзі — қызылшамен ауырған адам болып табылады. Ауру — бастапқы белгілері білінбей тұрып, 2 күн бұрын және денеге бөртпе түскеннен кейін 5 күн бойы жұқпа таратуға бейім болады. Қызылша вирусы тыныс жолдары жасушаларының кілегейлі қабығына еніп, сол жерде көбейіп, одан әрі қан арқылы бүкіл ағзаға тарайды.
— Сонда қызылша ауруының өзге аурулардан бөлек белгілері қандай?
— Ауру — дене қызуының 38-39 градусқа дейін көтеріліп, мұрынның бітелуі, тамақтың қарлығуы, бас ауруы, құрғақ қатты жөтел, жарыққа көз аша алмау, жалпы дел-салдық пен ұйқының бұзылуымен дамиды. Бет пен қабақтың үстінің ісінуі, көздің, ауыз қуысының кілегейлі қабығының қызаруы пайда болады. Аурудың алғашқы 2-3 күнінде ауыздың ішінде жақтың шырышты қабатында ұсақ дақтар пайда болады (Бельский-Филатов-Коплик дағы). Әдетте олар топтанып, ешуақытта бір-біріне қосылмайды және 2-3 күн сақталып, сосын жойылады. 4-ші тәулікте құлақтың сыртында, мұрынның үстінде, содан соң тәулік ішінде бүкіл бет терісінде, мойында және кеуденің жоғарғы бөлігінде ашық қызыл немесе қызыл түсті дақтар пайда болып, олар бірнеше сағаттан соң үлкейіп жиектері тегіс емес, бір-біріне қосылған үлкен қан-қызыл дақтарға айналады. 5-ші тәулікте дақтар денеге және қолға, ал 6-шы тәулікте аяққа жайылады. Беттегі дақтардың бір-бірімен қосылып, үлкейюіне байланысты бет ісініп, қабақ қалыңдап, адамның беті дөрекіленіп, бет-әлпеті өзгеріп кетеді. Дақтардың түсу кезеңінде дене қызуы 400С-қа көтеріліп, тыныс жолдарының қабынуы күшейіп, аурудың жалпы жағдайы нашарлайды. Дақтардың түсу кезеңнің алғашқы 2-3 күнінде дене қызуы ең жоғарғы көрсеткішке жетіп, содан соң жылдам қалыпты жағдайға түсіп, ауру сауыға бастайды. Дақтар 3-4 күнге дейін сақталып ағара бастайды, сосын қоңыр немесе сарғылт түстес болып, бастапқы пайда болған кезеңмен жойылады, түсінің жойылуымен қатар терінің қабыршақтануы мүмкін.
— Қызылша ауруынан сақтану үшін, қандай алдын алу шараларын ұсынасыз?
— Аурудың алдын алудың тиімді және сенімді жолының бірі — қызылшаға қарсы екпе алу (вакцинация). Қазақстан Республикасының ұлттық күнтізбесіне сәйкес, қызылшаға қарсы бірінші вакцинация құрамында антигендер қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке (ҚҚП) қарсы құрама вакцинамен 12-15 айда жүргізіледі. Иммунитетті бекіту үшін келесі вакцинациялау 6 жасында жүзеге асырылады. Сондай-ақ қызылшамен қарым-қатынаста болған, бұрын қызылшаға қарсы вакцина алмаған 30 жасқа дейінгі адамдарға жүргізіледі. Сонымен қатар, елімізде қызылшамен сырқаттану бойынша қалыптасқан қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты, Қазақстан Республикасының Бас Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық дәрігерінің «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемиологиялық және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» 2023 жылғы 1 қарашадағы № 7-ші Қаулысы шығарылды. Осы Қаулыны іске асыру мақсатында, 2023 жылғы 6 қарашадан бастап, эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін 6 айдан 11 айға дейінгі балаларға қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау басталды. Егерде балаңыз екпе алмаған жағдайда, қызылша ауруын жұқтыратын болса, асқыну жағдайларына келіп соқтыруы мүмкін.
— Өзіңіз атап өткендей, қызылша ауруына қарсы екпе алмаған бала болса, ауру жұқтырған жағдайда қандай асқынулар орын алуы мүмкін?
— Ондай жағдайда өкпе, құлақ (отит), мұрын шырышты қабатының, көздің және нерв жүйесінің қабынуларына, пневмонияға, энцефалиттер, кей кезде тіпті ауру өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.
— Қызылшаның алдын алу мақсатында ата-аналарға қандай кеңес бересіз?
— Ең алдымен баланың қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеру керек. Вакцинация болмаған жағдайда, қызылшаға қарсы профилактикалық егуді алуы тиіс. Егер бала әр түрлі себептерге байланысты екпесін алмаса, адамдар көп жиналатын жерлерде болуын шектеуге кеңес береміз. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде, дереу медициналық көмекке жүгіну керек.
Сұқбаттасқан
Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЕВ.