БАЛА КҮНГІ ДОСЫМ ЕДІ

0
77

БАЛА КЕЗДЕН ҚҰЛЫН-ТАЙДАЙ БІРГЕ ӨСІП, ТУҒАН АҒАҢДАЙ БОЛЫП КЕТКЕН ШЫНАЙЫ ДОСТАРЫҢ ОТБАСЫН ҚҰРЫП, БӨЛЕК ҮЙЛІ-БАРАНДЫ БОЛЫП КЕТСЕҢ ДЕ ЕСТЕН ШЫҚПАЙДЫ ЕКЕН.МЕН ТАСҚОПА АУЫЛЫНА БАРСАМ СОЛАРДЫ ІЗДЕЙМІН. КӨШЕДЕ КӨРЕ ҚАЛСАҢ, АУЫЛ АДАМДАРЫ АЛТЫН ҒОЙ, АУ СӘКЕНЖАН ДЕП, ЕРКЕЛЕТІП,ҚҰШАҒЫНА ЖІБЕРМЕЙ ҚЫСА ТҮСЕДІ. УАҚЫТ НЕ ДЕГЕН ЖҮЙРІК ДЕСЕҢШІ! КЕШЕГІ КЕКІЛДІ ЖЕТІ-СЕГІЗ ЖАСТАҒЫ САРЫ БАЛА ЕНДІ БІР –ЕКІ ЖЫЛДЫҚТА ЖЕЛКЕНДІ ЖЕТПІСКЕ ИЕК АРТПАҚШЫ.ШІРКІН СОЛ ДОСТАРДЫҢ, АЯУЛЫ АҒАЛАРДЫҢ ҚАТАРЫ ЖЫЛ ӨТКЕН САЙЫН СИРЕП БАРА ЖАТҚАНЫ КӨҢІЛІҢЕ КӨЛЕҢКЕ ТҮСІРІП,ОЙЫҢДЫ ОН САҚҚА БӨЛЕДІ ЕКЕН.СОНДАЙ ҚАМҚОРШЫ АҒАЛАРЫМНЫҢ БІРІ ҚАМЫСБАЙ БАЙМҰҚАНОВ ЕДІ.

Биылғы жылдың мамыр айының алғашқы жартысы болса керек,Шұбарқұдықта келесі 2024 жылдың тамыз айында өтетін Құрманқожа-Төлек құрылтайына дайындық барысы жайлы пікір алысу үшін осы ру өкілдері бас қосты.Кең дастарқан үстінде сан түрлі ұсыныс, пікірлер айтылды,жауапты тұлғалар іріктелді.Інім Жәнібек Байтановтың көлігіне отырып, Ақтөбеге кеткелі тұрған маған ,«Аға ассалаумағалайкүм! Мен Досқан Қамысбайұлымын ғой» деп, сары жігіт ілтипатпен келіп қолын ұсынды.Құдды бір Қамысбай досымның бала кездегі көшірмесі.Сол кезде бұдан қырық жылға жуық уақыт өткен кездегі сурет көз алдыма келді.
БІРІНШІ КЕЗДЕСУ
1985 жылдың, жаңылыспасам, маусым айының іші.Мен онда облыстық «Коммунизм жолы»(қазіргі «Ақтөбе») газетінің ауыл шаруашылығы бөлімінде тілшімін.Отызға да жетпеген орда бұзар шағым.Бөлім бастығы Темір ауданына іс сапарға жіберді.Мұнда автобуспен әп-сәтте келсем де, енді әрі қарай совхоздарға бару үлкен проблема.Шұбарқұдық-Ойыл трассасына шығып, өткен көліктерге «голосовать» етіп тұрғаның.Мен де үйреншікті әдістен ауытқымадым.Бір кезде көліктің маркісі де есімде жоқ, әйтеуір жеңіл машина емес,бортовой келіп тоқтай қалды.Қалбалақтап барып, есікті ашсам, үш кісі отыр.Менің ыңғайсыздау көріп, тұрып қалғанымды байқады ма, шофер жігіт мініңіз-мініңіз деп жатыр. «Жол мұраты- жету» дегендей кабинаға жайғасып алып, жанымдағы жолаушыларға көз салсам, міне қызық, Қамысбайым отыр.Қамысбай деп даусым қаттырақ шығып кетсе керек, сержант жігіт жай ма? дегендей, маған таңданыспен қарап қалды.Кісеннің бір басын өзінің оң қолына, екінші жағын досымның сол жақ қолына салыпты.Сәкенім-ай, мені осындай шарасыз күйде көрдің-ау дегендей, досым да бар сырын көзінен ұқтырып, назарын басқа жаққа аударып жіберді.
Көп кешікпей «Теректіге» (ол кезде осылай аталатын) жеттік.Ер жігіттің басынан не өтпейді?Аздап түсініспестік орын алып,сотқа тартылған Қамысбай жазасын өтеп елге оралған беті екен.Ауылдың қарты бар, жасы бар қаумалап, сүйіп, құшақтап мәз болып жатыр.Бір кезде ашық ауыз ағамыз «Қамысбай, Қаным анамыз қайтыс болды» деп қарап тұр.Досым бақырып қоя берді.Жігіттің көзінен жас көрген біз де босап кеттік.Қайта Сисенбай ағамыз (атасы) басу айтып, әрең қойдырды.
Осыдан кейін Қамысбай досым әділеттіктің де жолы тар екенін терең сезінді, бірақ мойымады.Кейбіреулердің ана жақтан оралды ғой деген пыш-пыш сөздеріне де мән бермеді. Ештеңе болмағандай ағайын-туыс, жора- жолдастарымен еркін араласып өзіне жүктелген жұмысын адал атқарып, қолы бос кезінде отбасына көңіл бөлді.Көп жағдайда өмірлік жары Әмина да қожайынның осындай жағдайда қас-қабағына қарап,демеу беріп, қанаттандырып отырды.
ЕКІНШІ КЕЗДЕСУ
Темір ауданына, оның ішінде, «Теректі» совхозына бұдан ширек ғасырдай бұрын,1999 жылдың тамыз айында жиенім Нұржауған Қалауовтың үйлену тойына барғаным есімде. Сонда Қамысбай досым Табынбай Мұқашев екеуі келіп, менімен амандасып, үлкен әңгіме дүкен құрғанбыз.Орталықтың оңтүстік-батысында шеттеу орналасқан Серік Қалауов жиенімнің үйінен ауылдың қай бөлігі де алақандағыдай көрінетін.
-Сәкенжан, сонау Ащыойылды (ол кезде көл-құрағы жайқалып тұратын), аржағынан біздер қоныс тепкен Аталықты көріп тұрсың ба, -деді Қамысбай досым мені бөлек шығарып алып.
1963, қоян жылының қысын еске салуына да өзіндік себеп бар еді.Екеуміздің де әкеміз шопан. Папам Егінбай мен бас шопанмын деп, Баймұқан сияқты көмекшісін еш кеміткен жоқ.Қойларға шөп салу, жемдеу, суару, қора тазалау, түнгі күзет – бәрі де тең атқарылатын.Сол жылы қар қалың жауды.Қайта- қайта үйді басып қалады.Мен аналарымыздың қайраттылығына таң қаламын.Біздің кіндігімізден келетін қарды аршып, жолдарымызды айнадай ғып тазартып қояты
Қазіргі ұрпақ шолжаң ба,әлде заман солай ма, 20-25 градус аяз болса балаларыңызды мектепке жібермеңіздер деп жергілікті бұқаралық –ақпарат құралдары, теледидар, радио арқылы қақсайды да жатады.Болмаса ақсүйектер балаларын көлікпен тасып оқытады.Ал біздің кезімізде тәртіп солай, сабақтан қалуға болмайды.Аналарымыз екеумізді қалың киіндіріп, белімізді белбеумен, болмаса қалың шүберекпен орап, байлап, құлақшынды баса кигізіп, мойын орағышпен түспестей етіп қоятын.Тек жолымызды көретін көзіміз ғана жылтырап тұратын.Қамысбай ағалығын білдіріп, мені жетектеп алып, Ащыойылдың қыста да қатпайтын жылымына түсірмей мектепке апарып ,алып келетін.
Қамысбай еңбекқор еді.Сабақтан келген соң да қар басқан есік алдын тазарта салу, қойларға ырғақпен шөп жұлып дайындап қою сияқты жұмыстарды жаны сүйетін.Әрине, бала болып ойнаған жоқпыз деп те айта алмаймын.Аяздарда тоңбайтын.Екі беті қып-қызыл болып, шанасын сүйретіп, ойнайық деп келіп тұратын.Ал мен болсам, жылы пештің түбінде тезекке піскен таба нанды ыссылай сары май жағып жеп, отыра беретінмін.Сегіз жылдан соң сағынып көрген Сағындық болған соң ба, анам да мені салқын тиіп қалар, тоңарсың деп сыртқа көп жібермей, еркелететін.
ҮШІНШІ КЕЗДЕСУ
Оқырманға түсінікті болу үшін сәл шегініс жасап әріден бастасам «Теректіде» Өтеу Алпысбаев деген ағамыз тұрды.Соның үлкен ұлы Жаңбыршы(кенжесі Орақпен ауылда бірге ойнадық) Тоғжан Қуатов деген ағамыздың қызы Зояға үйленіп,түтін түтетті.Тоқаң тақуа, таза жүретін адам еді.Қара жылтыр, былғары плащ киіп, қолынан таспиығын тастамайтын. Зоя жеңгеміз ауылда киномеханик, кейіннен Ақтөбеге қоныс аударғаннан кейін облыстық әділет басқармасында бухгалтер болып, зейнеткерлікке шыққанға дейін осы ұжымда жемісті еңбек етті.Өмірге Ерболат,Асқар атты екі ұл әкелді.
2011 жылдың ақпан айында Ақтөбеде осы Асқар ініміз үйленіп, сол тойға Зоя жеңгеміздің жақын інілерінің бірі ретінде сонау «Теректіден» «қыс көзі-қырау» дегенге қарамай, артынып-тартынып менің Қамысбай досым да қатысты.Алпысқа бірер жыл қалса да бойы тік, жүрісі ширақ.Екі жастың бас қосуына орай шынайы тілегін қара сөзбен-ақ айшықты жеткізді.Мен осы кешке 2010 жылы шыққан «Ауылға хат» деген өлеңдер жинағымды алып барғанмын.Бұл жинағымда аты да айтып тұрғандай, сол «Теректі» өңіріне сыйлы, ұзақ жылдар совхоздың қалыптасуына елеулі үлестерін қосқан, Құрманқожа аталарымыз жөнінде толғауым бар. «Бажалар» деген өлеңімде Қамысбай мен Қуанышқалиды жырлағам.Бұл туындымның кейбір шумақтарын Досқан баламыз телефонмен маған жатқа айтып берді.Ақыры осы кеште Қамысбай досым маған осы кітапты сыйла деп жата жармасты. Қолтаңбаммен ұсынғанымда құлынды бие алғандай қайта-қайта алғысын айтып, балаша қуанды.
Бұл менің Қамысбай Баймұқанов досымды соңғы рет көруім екен. 2014 жылдың 2 маусымында өмірден озды.
Мен бұл естелігімде қарапайым ауыл азаматының досқа деген беріктігі,елін сүйетіндігі, үлгілі отбасы басшысы болғанын ғана айтып өтуді міндетім деп есептедім.Ал ол жұмысшы-механизатор ретінде де ортасына сыйлы,өз кәсібін ардақтап,таза қызмет жасағанына мен өз басым күмән келтірмеймін.
Отбасы жайына келсек, жұбайы Әмина екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.Әмина жеңгеміз де текті жерден шықты деп айта аламыз.Әкесі Сисенбай Алыпқайыров совхозда ұзақ жылдар есепші болса,анасы Тойған Ақдина Оразова, Жанас Ұзақбаева, Үзілдік Қартмағамбетова, Тажила Мұқашева, т.б. қырықтықшылармен бірге, ол кезде совхозда ең кемі 10-12 отар қой болатын, «социалистік жарыс жеңімпазы» деген атақты қолдан шығармайтын.
Бір қызы Кәмшат Құлсарыда тұрмыста.Бастауыш класс мұғалімі.Одан кейінгісі Перизат Кеңқияқта, Саркөлде модульді кітапхана кітапханашысы.Ұлы Досбол Ақтөбе қаласындағы құрылыс ұйымдарының бірінде жұмысшы.Ең кенжесі Досқан о өзі туып-өскен ауылы «Тасқопада» мәдениет Үйінің меңгерушісі.
«Орны бар, оңалар» дегендей, алпысқа да жетпей, өмірден ерте кеткен досымның көрмеген қызығы мен атқара алмай кеткен сан түрлі қиялдары мен ойларын оның ұрпақтары жеткізеді деген пікірдеміз.
САҒЫНДЫҚ НИЯНҚҰЛОВ