ҚЫЗЫЛША

0
41

БҮГІНГІ ТАҢДА ОБЛЫСТЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЖЫМДАРЫ МАМАНДАРЫН АЛАҢДАТЫП ОТЫРҒАН МӘСЕЛЕ – ҚЫЗЫЛША ІНДЕТІ БОЛЫП ТҰР. ҚАЗІР ТЕМІР АУДАНЫ БОЙЫНША 198 ҚЫЗЫЛША АУРУЫ ТІРКЕЛГЕН. ОЛАРДЫҢ ЛАБОРАТОРИЯЛЫҚ ЖОЛМЕН АНЫҚТАЛҒАНЫ –51. ҚЫЗЫЛШАМЕН АУЫРҒАН АДАММЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТА БОЛҒАН – 1126 АДАМ ТЕКСЕРІЛУДЕ. ЕКПЕ АЛМАЙ АУЫРҒАНДАР — 119.

Балалар арасында 14 жасқа дейін ауырып қалғандардың саны — 161, оның ішінде екпеге келмеген 1 жасқа дейінгі балалар — 22. Қызылшамен ауырған ересек адамдар — 33, жасөспірімдер – 4-еу. Мектепте оқитын
оқушылар арасында — 65 жағдай тіркелген, балабақша 17 жағдай байқалды.
Қызылша — бұл өте кең түрде таралған инфекциялық ауру. Көбінесе балаларда кездеседі. Оның белгілері дене қызуының көтерілуі, мұрынның, көздің және тамақтың шырышты қабығы қабынып, теріде бөртпелер пайда болады.
Қызылша – жұқпалы аурудың бірі болып табылады. Бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен байланысқа түссе, жұқтыру қауіпі туындайды.
Жұқпалы індеттің алдын алу мақсатында Темір аудандық аурухана мамандары теміржол мекемелері және басқада мекемелер арасында 4 семинарлық кеңес, 10 лекциялық жұмыс өткізіп, 6 нысанға жаднамалар, парақшалар таратылды. Сонымен қатар, екпеден бас тартып жүргендердің арасында ауру көп тарағандықтан жұқпалы індеттен сақтандыру шараларын жүргізіп, түсінік жұмыстарын жандандыруды жоспарлап отырмыз.
Аурудың себептеріне келер болсақ, инфекция ауа жолы арқылы беріледі. Вирус сыртқы ортаға сөйлеген кезде түкірікпен, жөтелген, түшкірген кезде бөлінеді. Вирустың таралуы сыртқы ортаның тұрақсыздығына қарамастан, ауа толқынымен ғимараттың вентиляциялық жүйесі арқылы таралған жағдайлары белгілі.
Қызылшаның белгілері. Бұл аурудың инкубациялық кезеңі жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7 күннен 14 күнге дейін созылады. Есте сақтайтын ең маңызды жайт ауру бөртпе шығудан басталмайды, ол суық тию белгілерімен басталады: дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейініректе конъюнктивиттің (көздің шырышты қабығының қабынуы) пайда болуы. Шамамен бірінші белгілердің шыққанынан 24 күннен кейін беттің шырышты қабығының (азу тістерінің қарсысында) ұсақ ақ дақтар пайда болады. Аурудың 3-5 күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсап кететін дақтар пайда болады. Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, формасын өзгертіп, бір-біріне қосылып кетеді.
Қабыну балаларда 5 жасқа дейін, ал 20 жастан асқандарда жиі дамиды. Ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфоузолдарының қабынуы, ларингит, энцефалит. Қызылшаның дамуын байқаған сәтте кешіктірмей дәрігерге қаралу керек.
Асқынбай тұрғандағы қызылшаның белгілерін емдеу үшін төсекте жату режимі, суды көп ішу, қызуын түсіретін, тұмау және тамақ ауруын, қақырықты түсіретін препараттар мен витаминдерді қабылдау. Ал қызылшаның асқынған түрін емдеу стационар жағдайында жүргізіледі.
Темір аудандық орталық аурухана