«МАНСАП» — ЖҰМЫСПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

0
94

Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII Әлеуметтік кодексі 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап, күшіне енген болатын. Аталған кодексті жүзеге асыру мақсатында 2023 жылғы 1 шілдеден бастап, елімізде облыс орталықтары мен мегаполистерде 20 еңбек мобильділігі орталығы құрылды, ал жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары мансап орталықтары болып қайта құрылды. «Еңбек мобильділігі орталығы – бұл облыстың немесе республикалық маңызы бар қаланың еңбек нарығын үйлестіретін және басқа өңірлермен өзара іс-қимыл жасайтын ұйым. Ал мансап орталығы – еңбек мобильділігі орталығының функцияларын аудандарда, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, астанада орындауды жүзеге асыратын филиалы. Ендеше Темір ауданының мансап орталығы – Ақтөбе облысы еңбек мобильділігі орталығының филиалы болып табылады. Қазіргі уақытта жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беру, кәсіптік оқытулар, жұмыспен қамтуға байланысты мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бойынша көрсетілетін қызметтердің барлық спектрі сақталған және аталған қызметтерді көрсету жалғастырылуда. Осы мақалада мекемеміздің биылғы жылға өз функциясы шеңберінде атқарған жұмыстарымен бөліскіміз келеді.

Мемлекеттік гранттар беру қағидаларының  21-тармағына сәйкес конкурстық іріктеуге құжаттарды толық көлемде ұсынған Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 728 қаулысымен бекітілген Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы (бұдан әрі – ұлттық жоба) аясында гранттар алуға Темір ауданы бойынша 143 үміткер өтінім беріп, конкурстық іріктеуге қатысты. Конкурстық комиссия шешімімен үш лекті қоса алғанда 38 үміткер қайтарымсыз грант иегерлері атанды.

Ауданымызда ағымдағы жылда мемлекет тарапынан жаңа бизнес-идеяларын іске асыру мақсатында қайтарымсыз грант арқылы қаржыландыру тігін саласындағы, сұлулық қызметтері, кондитерлік өнімдер өндірісі, шұжық өндірісі,  кілем және жиһазды химялық тазалау,  массаж кабинеті,  логопед дификтолог кабинеті, етік шеберханалары, автокөлік  жөндеу, жуу қызметтері,  кондиционер жөндеу,  жылыжай, құс және мал шаруашылықтары секілді кәсіптерге берілді.

Айта кететін жайт, мемлекеттік грант алуға  тек әлеуметтік осал топ мүшелері ғана үміткер бола алады. Солардың бірі Қаленова Жұпар Битанқызы, Шұбарқұдық тұрғыны, көп балалы ана табиғи  таза өнімдерден шұжық өндіріс жобасымен  грант иегері атанып, өз кәсібін бастады.

Ақсай ауылдық округі, Шығырлы ауылының тұрғыны,  көп балалы ана Аманиязова Арайлым Мурадовна кондитерлік саласында кәсібін дамытып отыр.

Саракөл ауылының тұрғыны көп балалы ана Табынбаева

Ақмарал Даулетбековна кондитерлік салада грант алды.

Сол секілді көп  балалы ана, Шұбарқұдық тұрғыны  Кансултанова Айнагуль Канатовна «Санжар»  етік шеберханасын  ашты.

Кеңқияқ ауылының тұрғыны, көп балалы ана  Турдалина Гулдана Дуйсембаевна  мемлекеттік қаржыландырудың арқасында массаж кабинетін ашты.

Бұлардан басқа да  мүгедектігі бар, асыраушысынан айырылған және күтімінде мүгедек баласы бар адамдар қаржылай қолдаудың арқасында өз кәсіптерін ашты.

Ұлттық жоба негізінде субсидияланатын жұмыс орындарының әртүрлі бағыттары бар. Субсидияланатын жұмыс орындары — бұл жұмыспен қамтылғандардың  жалақысын мемлекет ішінара немесе толық төлейтін еңбек түрлері. Мұндай жұмыс орындарын белгілі бір талаптарға сәйкес келетін кез келген жұмыс беруші өз кәсіпорнында ұйымдастыра алады.

Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша «Күміс жас» бағдарламасына түсінік беретін болсақ, жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толмаған, 50 жастан асқан жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналастыру үшін құратын еңбекақысы субсидияланатын жұмыс орны. Жұмыстың ұзақтығы 36 айдан аспайды, аяқталғаннан кейін қатысушыға зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орны берілуі шарт. Жалақыны жұмыс беруші белгілейді және төлейді, бұл ретте 30 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтындай мөлшерде мемлекет алғашқы 12 айда жалақының 70 %-ын, 13 айдан 24 айға дейін  65 %-ын, 25 айдан 36 айға дейін  60 %-ын төлейді. Жолдама алу үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгіну қажет. Ауданымызда ағымдағы есептік жылда Еңбек электронды порталы арқылы өтінімдер қабылданып, бекітілген жоспар негізінде  58 адам «Күміс жас» шеңберінде жеке секторларға әр түрлі жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылып, жылдық жоспар толық орындалды. Мансап орталығы тарапынан жүргізілген мониторинге сүйене келе Құрметті жасқа жақындаған жұмысшыларымыз әлеуметтік жағынан қорғалып,  ресми түрде барлық міндетті төлемдері ай сайын жұмыс берушілері тарапынан төленіп отырғандығын айта аламыз. Бұл бағдарламамен жұмыс жасап жүріп,  зейнет жасына жеткен тұрғындарымыз да бар. Олар  А. А. Жаумбаева және Л. К. Жамантаева зейнеткер апайларымыз. Сонымен қатар 9 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан адамдардың жалақысын субсидиялау қағидалары негізінде ауданымыздың жұмыссыз тұрғындары «Әлеуметтік жұмыс орындары»  шеңберінде де жұмыспен қамтылды.   Ағымдағы жылғы жоспар бойынша жалпы 170 адам осы бағдарлама арқылы жеке секторларға жұмысқа тартылып, Мансап орталығының бұл жобаға берілген жоспары да толық орындалды.  Әлеуметтік жұмыс орындары арқылы жұмыс жасау 12 ай мерзімге дейін. Бұл да жеке кәсіпкерлердің «Еңбек электронды порталында» берілетін жұмыс орнын құру туралы өтінімдері арқылы жүзеге асырылады. Жұмыс берушінің ережеге сай 20 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтындай етіп белгілеген жалақысының 35 %-ын субсидиялау арқылы төлейміз.  Қазіргі таңда Әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыс жасаған тұрғындарымыздың 48-і тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.

Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында, мүгедектігі бар адмдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру қағидаларына сәйкес, Темір ауданында тірек-қимылы бұзылған тұрғынымыз Ж.С.Бажиковтың жұмыс орны ережедегі талапқа сәйкестендіріліп, құралдармен және жиһаздармен жабдықталды. Сонымен қатар жұмысшының жалақысын жұмыс беруші белгілейді және төлейді, бұл ретте 30 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтындай мемлекет алғашқы 12 айда жалақының 70 %-ын, 13 айдан 24 айға дейін 65 %-ын, 25 айдан 36 айға дейін 60 %-ын төлейді.

Мансап орталығы жас маманға жол ашқан бағдарламаларды да жүзеге асырады. Жоғарыда аталған субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру туралы қағида негізінде оқу орындарының түлектері үшін «Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға жолдамалар беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына сәйкес «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім-шарты»  бағыттарына жолдамалар берілді. Бұл жобалар  –  университет пен колледж бітірген жастарды мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу, жұмыс істеуге бейімдеу.  Бағдарлама түлектердің тұрақты жұмысқа орналасқанға дейінгі аралықта оқыған білім беру бағдарламасына сәйкес тәжірибе жинауы үшін мол мүмкіндік береді.

Оқу орындарының түлектері үшін жастар практикасы, «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісім-шарты» жобалары бойынша жұмыс орындары олар алған кәсіп (мамандық) бойынша немесе ұқсас кәсіп (мамандық) бойынша құрылады. Жұмыс беруші мансап орталығы берген жолдама бойынша жүгінген үміткерді субсидияланатын жұмыс орнына жұмысқа орналастырады.  «Алғашқы жұмыс орны» жобасы 18 ай болса, «Жастар тәжірибесі» 12 ай мерзіміне және жалақының мемлекет өтейтін сомасы 30 АЕК-ге тең. Қажетті еңбек дағдыларын беруге бағытталған бұл жобаларға жұмыс тәжірибесі жоқ, 35 жастан аспаған және диплом алғанына 5 жыл болмаған жастар қатыса алады.

Ағымдағы жыл бойынша Темір ауданының Мансап орталығына жүгінген жас мамандардың 129-ы «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны»  жобаларына жолданған. Олардың басым бөлігі медицина және білім беру салалары бойынша бағытталып отыр. Қазіргі уақытта жас мамандарымыздың 18-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. Атап айтсақ,  орталығымызға жүгінген жас түлектердің бірі Бәйішев атындағы жоғары медициналық колледжінің «Емдеу ісі» мамандығы бойынша түлегі Р. А. Нысан, Темір аудандық ауруханасы жастар тәжірибесіне жіберіліп, нәтижесінде фельдшер ретінде тұрақты жұмысқа орналасты. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Қазақ, орыс тілдері мен әдебиеті пәндері мұғалімі» мамандығын игерген түлек М.Т.Мұқанов Қызылжар жалпы орта білім беретін мектебіне жастар тәжірибесіне жіберіліп, нәтижесінде аталған білім ошағында мамандығы бойынша тұрақты жұмыс орнына орналасып, бекітілген сыныбына жетекшілік етуде.

«Ұрпақтар келісім-шарты» жобасы да 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның шеңберінде жастарды нәтижелі жұмыспен қамту мақсатындағы бағыт ретінде іске қосылған. «Ұрпақтар келісім-шарты» жобасына қатысудың мәні — зейнет жасына жетіп қалған мамандардың тәжірибесі мен дағдыларын жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне үйретуі, тәлім беруі. 35 жастан аспаған және оқу орнын бітіргеніне 3 жыл толмаған жас маман,  жоба аясында жұмысқа орналастырылып, 6 ай бойы тәлімгердің қанатының астында жұмыс істейді. Ал аға маман зейнетке шыққаннан кейін ол тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналасады. Жұмысқа қойылатын талаптарды жұмыс беруші қояды, ал «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясындағы жалақы мөлшері 30 АЕК-тен кем болмауы тиіс.

Биылғы жыл бойынша «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы шеңберінде 3 жас түлек жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 2-еуі жұмысқа орналастырылды. Олардың бірі жас маман Айдар,  «Саркөл жалпы білім беретін мектеп» МКК-нің сұранысы бойынша, алғашқы әскери дайындық ұйымдастырушысы ретінде тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар Ұлттық жоба шеңберінде жоспарға сәйкес,  65 жұмыссызды кәсіптік оқуға жіберу көзделген болатын. Аталған оқуларға тамыз айынан бастап,  65 адам 3 ай мерзімімен қазандық операторы, шаштараз, аспаз, тігінші мамандықтар бойынша бағытталды. Оқуға жіберілген қатысушылар шәкіртақымен қамтылды. Шәкіртақының көлемі 32681 теңге құрайды. Бүгінгі күнге 53 адам оқуды бітіріп, 48 адам жұмысқа орналасты. Қалған 12 адам әлі де оқу үрдісінде және  қазіргі таңда өндірістік тәжирібеден өтуде.

Ауданымызда азаматтарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін ақылы қоғамдық жұмыс орындары ұйымдастырылған. Қоғамдық жұмыстар жұмыскердің алдын ала кәсіптік даярлығын талап етпейді және әлеуметтік пайдалы бағытқа ие. Қоғамдық жұмыстарға қатысатын адамдардың жалақы мөлшерін халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган белгілейді. Бұл жобада жұмыс жасап жатқан тұрғындарымыздың басым бөлігі әлеуметтік пайдалы бағытқа сәйкес, ауданымыздағы тазалық, көркейту-көгалдандыру және аббаттандыру қызметтеріне бағытталды. Аталған жұмыспен қамту шарасына есептік жыл ішінде 371 жұмыс іздеуші жіберіліп, жылдық жоспар толық орындалды. Бұл бағыттағы жұмысшылардың көпшілігі аз қамтылған отбасы мүшелері, мүгедектігі бар жандар және жұмыссыз жүрген жастар. Бүгінгі таңда ақылы қоғамдық жұмыстағы азаматтар мен азаматшаларымыздың 107-сі тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.

Жұмыспен қамтылу – еңбекке қабілетті тұрғындардың жұмыспен қамтамасыз етілу көрсеткіші. Жыл басынан бері ауданымыз бойынша 1215 адам жұмыспен қамтылған.

Жұмыспен қамту шараларын жүзеге асыру мақсатында жыл бойына жұмыс іздеушілер үшін 6 «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар үшін де жәрмеңкелер ұйымдастырылып, жұмыс іздеушілер жұмыспен қамтылды. Темір ауданы мансап орталығының мобильді тобы округтарды аралап жұмыспен қамту барысында түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп отырды.

Атаулы әлеуметтік көмек туралы

Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224- VII ҚРЗ Кодексі 11-тарауының  120-бабын сәйкес,  атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа кірісі кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын қандастарға, босқындарға, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға беріледі.

Қазақстан Республикасындағы кедейлік шегінің мөлшерін мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктеріне қарай пайыздық мәнде жан басына шаққандағы ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының негізінде уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.

Адамдардың (отбасылардың) шартсыз ақшалай көмек немесе шартты ақшалай көмек түріндегі атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар.

Шартсыз ақшалай көмек:

-жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты және (немесе) жалғыз тұратын кірісі аз адамдарға:

-осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуына;

-бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігіне;

-екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін ауруының  болуына байланысты.

          Шартты ақшалай көмек:

Шартты ақшалай көмек осы баптың 4-тармағында көрсетілген адамдарды (отбасыларды) қоспағанда, жалғызбасты және (немесе) жалғыз тұратын кірісі аз еңбекке қабілетті мүшесі (мүшелері) бар кірісі аз отбасыларға ол (олар) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысқан жағдайда және (немесе) қажет болғанда әлеуметтік бейімдеу кезінде көрсетіледі. Әлеуметтік келісім-шарт жасасу — шартты ақшалай көмек тағайындаудың міндетті талабы болып табылады. Шартты ақшалай көмекті алушылармен әлеуметтік келісім-шарт шартты ақшалай көмек тағайындау кезеңіне жасалады. Әлеуметтік келісім-шарттың, жеке көмек көрсету жоспарының нысандарын уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.

Шартты ақшалай көмек алушылармен әлеуметтік келісім-шарт кірісі аз адам (отбасы) әлеуметтік келісім-шарттың талаптарын және жеке жоспардың іс-шараларын, оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу және жұмысқа орналастыру жөніндегі іс-шараларды толық көлемде орындамаған, сондай-ақ шартты ақшалай көмекті заңсыз тағайындауға және (немесе) төлеуге алып келген жалған мәліметтер және (немесе) анық емес құжаттар ұсынылған кезде бұзылады.

Біздің аудан бойынша 2023 жылдың басынан бастап атаулы әлеуметтік көмекке  egov.kz  Электронды үкімет порталы арқылы 680 өтініш түскен. Соның ішінен 132 өтініш шартты  және 24 өтініш  шартсыз тапсырылып, барлығы 156 атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2 адам жаңа кәсіп ашуға берілетін қайтарымсыз грант алды. Тағайындалған отбасылардың арасынан 22 адам тұрақты жұмысқа орналасып,  соның ішінде 7 отбасы тұрақты жұмысқа кіру арқылы осал топтан шықты, яғни мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алу арқылы тұрмыстық қиын жағдайдан шықты.

                      Темір аудандық Мансап орталығы