2024 ЖЫЛЫ МӘМС ТӨЛЕМІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?

0
19

Елімізде, МӘМС жүйесі 2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанына және оны енгізу туралы ақпарат үнемі жарияланып тұрғанына қарамастан, азаматтардың көпшілігі әлі күнге дейін жарналар мен аударымдар қайда кететінін аңғармайды. Мәселен, әсіресе әлеуметтік желіде, азаматтар тарапынан:  «Менің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандаруға аударған жарналарым қайда, емханаға бармасақ ақшаларымыз күйіп кете ме?» деген сияқты т. б. сұрақтар жиі қойылады. Осыған байланысты, аудандық аурухананың бас дәрігері Сержан Жанахметов, әлгіндей сұрақтарға жауап берді.

Сержан Жанахметұлы, 2024 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі төлемдер қаншалықты өзгереді?

— МӘМС жарналары мен аударымдары бойынша ставкалар өзгеріссіз қалады. Бірақ базалық есептік көрсеткіштің ең төменгі жалақының (ЕТЖ) – жаңа мөлшерлерінің бекітілуіне байланысты төлем сомалары өзгереді.  Жұмыс берушілер қызметкер үшін жалақының 3 % мөлшерінде аударымдар жүргізеді. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарты негізінде қызмет көрсететін жалдамалы жұмыскерлер мен жұмыскерлер МӘМС-ке ай сайынғы табысының 2 %-ы мөлшерінде жарна төлейді. Жеке кәсіпкерлер 1,4 еселенген ең төменгі жалакыдандан 5 % төлейді. 2024 жылы 5950 теңге. Бірыңғай жиынтық төлем кәсіпкерлік қызметті жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз жүзеге асыратын бейресми жұмыспен қамтылған азаматтар үшін уақытша 5 жылға (2019 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін) енгізілді. Тиісінше, 2024 жылы бірыңғай жиынтық төлем болмайды. Дербес төлеушілер үшін жарналардың мөлшері мына формула бойынша есептеледі: 5% * 1 ЕТЖ = 4 250 теңге.

— МӘМС үшін ақша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түседі ме?

— Көптеген адамдар МӘМС төлемдері Қорға түседі және ол қаражатқа өз қалауы бойынша жұмсайды деп қателеседі. Жарналар мен аударымдар Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіндегі арнайы шотқа түседі (яғни, тікелей Қорға емес), олар басқа мақсаттарға жұмсалмайды.

— Жарналар қайда кетеді?

— Ұлттық банктегі арнайы шоттан бұл қаражат медициналық ұйымдарға – Қордың жеткізушілеріне – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілген медициналық қызметтерге төлем ретінде жіберіледі. Яғни, сақтандырылған азаматтар МӘМС тізбесіне енгізілген барлық қажетті медициналық көмекті денсаулық көрсеткіштері бойынша тегін алады, олар үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді.

—  Егер мен медициналық көмекке жүгінбесем, жарналарымды шешіп ала аламын ба?

— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жинақтаушы жүйе емес, баршаға ортақ жүйе. Қазақстандық модель пациентке денсаулық жағдайы бойынша талап етілетін емнің көлемі мен құнын шектемеу үшін әлеуметтік бағдарланған түрде құрылды.

Мысалда қарастырайық. Бір жыл ішінде мүмкін болатын ең жоғары жарнамен 1 адам тек 168 мың теңге (айына 14 000 теңгеден) жинайды. Бұл қаражат дербес шотта жиналып, пациент оларды өз қалауы бойынша емделу үшін пайдалана алады деп есептейік. Бірақ  бұл сомаға ол шектеулі мөлшерде ғана ем ала алады. Тек стандартты сынақтар жиынтығы, гормондарды,  инфекциялардың болуын тексеру үшін бірнеше ондаған мың қажет. Егер ультрадыбыстық, кардиограмма, КТ/МРТ және басқа аспаптық диагностика қажет болса ше? Яғни бір жыл ішінде жинақталған жарналар диагноз қою үшін толық тексеруден өтуге де жеткіліксіз болуы мүмкін. Сонымен қатар  күндізгі стационарға бару немесе тәулік бойы ауруханаға жату қажет болуы мүмкін. Егер ота жасалатын болса,  олардың құны бірнеше миллион теңгеге жетуі мүмкін, онда пациент  тіпті медициналық көмексіз қалады. Жиналған қаражат емделуге кететін шығынды жабуға жетпейді. Сондықтан бұл тәсіл пациенттің өзіне тиімсіз. Сондықтан, МӘМС жүйесінің отандық моделінде барлық қаражат Ұлттық банктегі бірыңғай арнайы шотқа түседі. Ал сол жерден қаражат төлеушінің санатына және төлеген жарналардың мөлшеріне қарамастан, барлық сақтандырылған азаматтарға МӘМС бойынша көрсетілген медициналық көмек үшін төленеді.

Сұхбатыңыз үшін рақмет.

       ӨЗ ТІЛШІМІЗ.