ТАНЫМДЫҚ ТӘРБИЕ

0
70

ТЕМІР АУДАНДЫҚ БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫ КІТАП ОҚУҒА ТАРТУ МЕН ӨНЕР-БІЛІМГЕ ДЕГЕН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ МАҚСАТЫНДА, АЛУАН ТҮРЛІ ШАРАЛАР ӨТКІЗІЛІП ТҰРАДЫ. ЖУЫҚТА СОНДАЙ ЕКІ БІРДЕЙ ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ. ОЛАРДЫҢ БІРІ – «БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНІҢ АТАСЫ» ДЕП АТАЛСА, ЕКІНШІСІНЕ — «КІТАППЕН ДОС БОЛАЙЫҚ!» ДЕГЕН АТАУ БЕРІЛДІ.

Қазақтың саңлақ суретшісі Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына арналған «Бейнелеу өнерінің атасы» атты өнер сағатының мақсаты — оқушыларды атақты қылқалам шеберінің шығармаларымен таныстыру болатын. Шараға кітапхананың аудан орталығындағы бір топ кішкентай оқырмандары қатысты.
Шарада оқушыларға суретшінің туған жерге деген махаббаты мен әсем табиғатты бейнелейтін керемет туындыларынан «Медеу», тарихи-әдеби кітаптарды оқи отырып, терең зерттеу нәтижесінде салған «Кенесары» портреті, суретшінің атақ-даңқын шығарған еңбегі, 1936 жылы жаратқан Аманкелді Имановтың портреті, ең керемет туындыларының бірі — «Түркісіб-Сібір темір жолы» тәрізді т. б. картиналары таныстырылды.
Шара соңында, тақырыпқа байланысты «Сұрақ-жауап», «Сөз жұмбақ» ойындары ойнатылды және кітапхана қызметкерлері оқушыларға сыйлықтар табыстады.
Ал, «Кітаппен дос болайық!» атты іс-шарасы, Темір аудандық балалар кітапханасы және № 6-шы Шұбарқұдық негізгі орта мектебінің ұйымдастыруымен өтті. Мұнда Темір аудандық балалар кітапханасы № 6-шы Шұбарқұдық негізгі орта мектебінің оқушыларына кітап көрмесін ұсынып, білімнің кітап арқылы берілетінін түсіндірілді және кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы айтылып, оқулықтарды күтіп ұстау туралы да сөз болды. Мұндағы шара соңында оқушылар, кітапхананың қазіргі заман талабына сай 3D, 4D кітаптарымен және «Сөйлейтін қалам» құрылғысымен таныстырылды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ